Қала мен Сала

Сылақшы сұлу

Қоғам дамыған сайын құрылысшы мамандығына сұраныс артып келеді. Бұрындары бұл аса ауыр, жауапкершілігі жоғары, тек ер азаматтарға арналған мамандық саналатын. Дегенмен, нәзік жаратылыс иелері бүгінде бұл саланы да меңгеріп алды. Ерлерден қалыспай сылау, сырлау, әрлеу, әктеу, желімдеу секілді кез келген жұмысты дөңгелетіп жүрген қыздар жетерлік. Солардың бірі – «Студия ремонта» ЖШС-нің сылақшысы Жанат Хакимова.

[smartslider3 slider=3722]

Құрылыс саласында еңбек етіп жүрген сәулетші, жобалаушы, инженер, тас қалаушы, сылақшы сияқты тағы басқа көптеген кәсіп иелерінің әрқайсысы ­экономикамыздың дамуына, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына айрықша үлес қосып келеді. Нысандарды тұрғызуда кірпіштерін қалап, төбесін жауып, еденін төсеумен іс бітпейтіні белгілі. Бұл ретте ішкі, сыртқы әрлеу ­жұмыстарын сапалы жүргізіп, ғимаратты әсемдеуге де көп көңіл бөлінеді. Бір қызығы, бұл жұмыстар бір адамның атсалысуымен біте салмайды, оларды бірнеше кәсіп иесі бірлесіп атқарады. Оларды бірінен-бірін ажыратып қарау мүмкін емес. Әрқайсысының өз міндеті бар. Сылақшы-әрлеуші Жанат Мұратқызы сол міндеттердің бірнешеуін қатар абыроймен атқарып жүр. Тапсырылған жұмысты уақытылы орындап, әр істі жан-тәнімен беріле орындайды.

Астанаға көшіп келген жылдары алдымен аз уақыт асханада жұмыс істеп, қоғамдық тамақтандыру саласының қыр-сырын меңгерген ол көп ұзамай құрбыларымен құрылыс алаңына шығады. Бүгінде Жанат Мұратқызы – өз ісінің хас шебері.

– Мұнда, әрине жұмыс жеңіл деуге болмайды. Бірақ, ақшасы асханаға қарағанда жақсырақ. Сол үшін осы саланы таңдадым. Әрине ешкім анадан бәрін біліп тумайды, бұл өнер де маған тәжірибемен келді. Көре келе, іс жүзінде қайта-қайта істей бергеннен қолым жаттықты, ақыры үйрендім. Бүгінде осы салаға әбден машықтанып алдым, –  деді Жанат Хакимова.

Жанат Мұратқызының құрылыста жүргеніне жиырма жылдан асып барады. Алғашында сылақшы, әрлеуші болып жұмыс істеген ол уақыт өте келе, осы саладағы қосалқы жұмыстардың барлығын меңгеріп алды. Бүгінде бесаспап маман. Қолынан бәрі келеді. Сылау, әрлеу деген ол үшін түк емес. Түсқағаздарды да өзі жапсырады, керек болса еденге паркет төсеуден де алдына жан салмайды. Оның қолы тиген жерді кейін қандай тексеріс келіп шұқшиса да, мін таппайды. Атқарған жұмысы қыздың жиған жүгіндей, тап-тұйнақтай. Тапсырыс берушілердің оны кейін қайта іздеп жүріп алдыратыны да бекерден-бекер емес.

«Кез келген іске жауапкершілікпен қарау керек. Сылақшы болу оңай емес. Ол асқан шеберлікті, дәлдікті талап етеді. Оның бәрін уақыт өте келе түсіндім. Тұрғызылған қабырғалардың қисық жерлерін тегістеп, құрылысшыдан қалған кем-кетікті түзетеміз. Бұл шыдамдылық пен төзімділікті, ептілікті қажет ететін мамандық. Соның бәрін мүлт жібермеуге, тапсырыс берушінің барлық талаптарын орындауға тырысамын. Жұмыс аяқталып, тапсырыс берушінің қуанғанын көргенде, бұл салада текке жүрмеген екенмін деп ойлаймын» деді сылақшы сұлу.

Сәні мен сәулеті артып, сонадайдан ерекше көз тартатын елорданың дамуында өзінің үлесі барын Жанат Мұратқызы мақтан тұтады. Әлі де талайлар тапсырыс берушінің талабын қанағаттандыратынына сенімі мол.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button