Қоғам

Сын түзелмей, мін де түзелмейді

Өткен аптада Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі «Келесі оқу жылынан бастап 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Мұндай өзгерістер келесі (2023-2024) оқу жылынан бастап енгізіледі. Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын. Олар да осы пәннен емтихан тапсыруды жалғастырады» деп хабарлады.

Қазақ тілінен емтихан жазбаша және ауызша түрде өтеді. Тыңдау, айту, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын оқытушылар, академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып, өздері құрастырады. Пән бойынша қорытынды баға 5-8, 10-сыныптарда емтихан және жылдық бағалау қорытындылары бойынша қойылады.

Халық арасында резонанс туғызған бұл ұсыныс қазақ тілі мұғалімдерінің съезінде және Оқу-ағарту министрінің қатысуымен өткен мұғалімдер қауымдастығы өкілдерінің кездесуінде айтылған еді.

Қарапайым көпшіліктің, халықтың мінбер алаңына, ойын ашық жеткізер жеріне айналған әлеуметтік желілерде бұл қызу пікірталасқа ұласты.

«Қазақ тілінен емтихан тапсыруды енгізбес бұрын орыс мектебінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерін жеке оқытуды қалпына келтіру керек. Орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиеті жеке оқытылады, ал қазақ тілі мен әдебиеті неге қосып оқытылуы тиіс? Бұл мемлекеттік тілді үйренбесін деген қаскүнемдікпен пара-пар. Тіл мен әдебиетті қосып оқып жүрген орыс мектебінің оқушыларынан қазақ тілінен тест тапсыруды талап ету – нонсенс» дейді журналист Дина Имамбаева Facebook парақшасында.

«Оқу бағдарламасын қалыпқа келтіру керек. Қазақ тілі пәнінің қазақ сыныбында да грамматикалық нормалары жүйесіз» дейді Раушан Құрманғалиева.

«Негізі, қазақша сөйлей алмай отырған, тіл білмейтін балаға қазақ әдебиетін оқыту қандай қиын екенін білесіз бе? Мүмкін қазақы ауылдарда жеңіл шығар, таласпаймын, бірақ қала мектептерінде бұл текстің бір бөлігін жаттату сияқты жұлым-жұлымын шығаруға айналады. Тек формальді түрде өтеді. Оны жас ерекшелігіне қарай тілі ауыр емес шығармалардан бастап ұсыну керек. Әйтпесе босқа мазақ ету болып шығады. Негізі, қазақ тіліне арналған бағдарламаны қайта жасау керек. Баланың жыл соңында меңгеретін тілдік минимумын бекіту маңызды және оны ғалымдар емес, практик мұғалімдер жазуы керек. Ғалымдар тек кеңесші ретінде болсын. Жалпы орыс мектептерінің өзі қазақ тілін меңгеруі жағынан әртүрлі. Қазақы аудандарда қазақ тілінде сайрап тұрған бала мен қаладағы екі сөздің басын қоса алмайтын балалар бірдей емес. Бұл да проблема. Бірақ тіл мәселесі, негізінен, дәл қалаға байланыс­ты көтеріледі. Қаладағы орыс мектептеріне тілді ағылшын тілі методикасымен үйретпесе, арғы 70 жылды айт­пағанда, соңғы 30 жылда да бұл мәселе шешілмеді. Мен тағы бір сұмдықты айтайын, мүмкін қазір өзгерген болар, бірақ 10 жыл бұрын қазақ тілінен орыс мектебінде сабақ беретін мұғалімдердің өзінің көбі қазақ тілін шала білетін еді» деп жазады Жанар Дәулетияр Facebook парақшасында.

Әзірге осы тақырыпқа ­Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орта білім мазмұны институтының, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қосымша хабарламаларын, ақпараттарын күтеміз. Бұл бұйрықтың нақты механизмін халыққа қарапайым тілде жеткізуді мақсат етеміз.

Түйін: Қазақ тілінен емтихан тапсыру – өте дұрыс қадам. Біздіңше, ол жүрдім-бардым қарайтын, әшейін «өте салатын» емтихан болмауға тиіс. Өйткені өзі тұратын мемлекеттің тілін білмейтін адам оның болашағына да сенбейді деген сөз. Ал ондай адамдардың көбеюі қауіпті. Өте қауіпті!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button