Сындарлы сұхбат
Сұхбаттан алған алғашқы әсерім ретінде – Мемлекет басшысы жұмысын ашық, жариялы түрде жүргізітіндігін айтар едім. Ертеңге деген нық сенім – тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық пен бірліктің, мемлекеттің мығымдылығының негізі екенініне назар аударған емін-еркін, ашық-жарқын әңгімеден соны байқадық.
Мемлекеттік маңызы мол мәселені тек ақыл-парасатпен және сабырмен шешуіміз керектігін ұқтық. Ашықтық, шынайылық арқылы халыққа, қоғамға, жас ұрпаққа мәселені шешудің тиімді жолдарын ұсынған сындарлы сұхбат көптің көңілінен шықты деп нық сеніммен айтуға болады.
Жалпы жұртшылық өзінің көкейінде жүрген сұрақтарға толыққанды жауап алды деп ойлаймын. Атап айтар болсақ, Президент Біріккен ұлттар ұйымын басқарады екен,Парламентке кезектен тыс сайлау өтеді екен, Қаңтар оқиғасынан қандай сабақ алдық?, еліміздегі уақыт белдеуі қайта қарала ма? , Назарбаев дәуірінің кемшіліктері неде? деген “қиын сұрақтарға” бүкпесіз, ашық, шынайы түрде шындықты жайып салған жауаптар айтқанымыздың айқын дәлелі десек, артық айтпаған болар едік.
Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың ғылым-білім және тіл саясаты бойынша спикері ретінде “Ана тілі» газетіндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбатындағы аталған салаларда атқарылған ауқымды істер мен ел алдында тұрған мақсат-міндеттерге аз-кем тоқталып өткенді жөн көрдік.
Президент еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынғанын, шетелдік оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылғанын және ғылымды қаржыландыру көлемі арта түскенін тілге тиек етті.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының тіл білімі саласы бойынша академигі ретінде, Президенттіңқазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келе жатқанын айтқаны көңіл қуантты.
Президенттің пікірінше, ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналып, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болған. Әлемде 7 мыңнан астам тіл бар болса, соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұрғанын, Қазақ тілі бұл топқа кірмейтінін, Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтағанына тоқталды.
“Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған арнаулы қорға қолдау көрсету керек. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады», деді Президент.
Мемлекет басшысының осы пікірі мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттырып, оның қолдану аясын кеңейтуге барлығымыз атсалысу керектігімізді көрсетіп, әсіресе тілші- ғалымдар мен тіл жанашырларына үлкен міндеттер жүктеп,
“Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтып отырмын”, деді.
Сондай-ақ, зор үміт жастарға артылатыны, еліміздің тағдыры – жастардың қолында екені екпін түсіріле айтылды.
Мемлекет басшысы отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіру – әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні екеніне де ерекше атап өтті.
“Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін.Бір ғана тілегім, ақыл-кеңесім бар: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек. Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын”, деді.
Президенттің Ұлттық құрылтайдың Атыруда өткен III отырысында көтерген “ Адал адам, адал еңбек, адал табыс” бастамасы елімізде қолдау тауып жатқаны және Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын тәрбиелеуде аға-буын өкілдеріне де үлкен жауапкершілік жүктелетінін сындарлы сұхбаттан сезіндік.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.