Басты ақпарат

Сыңғырла, қоңырау, сыңғыр қақ!

1-қыркүйек – Білім күні Қазақстандағы 7,6 мың мектепте 3,7 млн оқушыға қоңырау соғылды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған 400 мың 1-сынып оқушысы мен мектеп бітіруші 170 мың түлек үшін де ерекше күн болды. Алғашқы қоңыраудан бастап білім алуға ұмтылған түлектер қорытынды емтихандарға, университеттерге түсуге және өмірдегі жаңа кезеңнің басталуына дайындалады.

[smartslider3 slider=3864]

Еліміздегі барлық мектептер, оның ішінде елордадағы мектептер оқушыларға есігін айқара ашты. Соның біріне ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Білім күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Биыл ол елордадағы №86 мектеп-гимназиясында өтті. Асхат Аймағамбетов балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

«Құрметті әріптестер, ұстаздар, ата-аналар және балалар! Сіздерді Білім күнімен, яғни жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Бұл – бәріміз үшін ерекше күн. Балаларымыздың ата-аналары үшін де ұмытылмас күн, өйткені балапандарымыз мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отыр. Бұл – болашаққа жасалған үлкен қадам. Бұл сонымен қатар рес­публикамыздағы 170 мыңнан астам түлек үшін де айрықша күн. Биыл олар ҰБТ мен қорытынды емтиханға дайындалады. Біз түлектерге ҰБТ-ны 4 рет тапсыруға мүмкіндік беретін өзгерістер енгіздік. Грантқа түсу үшін түлектер ҰБТ-да екі рет бағын сынай алады. 7,6 мыңнан астам мектепте 3,7 млн-ға жуық бала тәрбиелеп отырған әріптестерімізге, ұстаздарға ерекше алғыс айтқым келеді. Балабақшаларда, мектептерде, колледждерде, қосымша білім беру ұйымдарында қызмет ететін әріптестеріміздің еңбегі орасан зор» деді Асхат Аймағамбетов өз сөзінде.

1 қыркүйекте қазақстандық мектептерге 400 мыңға жуық бала 1- сыныпқа барды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бұл былтырмен салыстырғанда 20 мың балаға көп. Жаңа оқу жылында мектеп бітірушілердің саны – 176 мың. Бұл да жоғары сыныпта оқитын оқушылардың рекордтық саны. Сондай-ақ республика бойынша оқушылардың саны алғаш рет 3,6 млн-нан асты. Оқушылар санының артқанын ескерсек, салынып жатқан жаңа мектептердің саны да жыл сайын көбейіп келеді. ­1-қыр­кү­йек­­те ҚР Президентінің Жолдауы аясында салынған 80-ге жуық жаңа мектеп жұмысын бастады. 2022 жылдың соңына дейін барлығы 230 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтер мен оқушыларды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. 2023 жылғы қаңтардан бастап педагогтердің, балабақша тәрбиешілерінің және басқа да білім саласы қызметкерлерінің жалақысы тағы да 25%-ға өседі. Еліміздің 7,6 мың мектебінде 380 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Президенттің қолдауының арқасында мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өсіп отыр.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button