Басты ақпаратБілім

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Бүгін Қазақстандағы 7 мың мектепте соңғы қоңырау соғылды. Елімізде биыл 3 млн 700 мыңнан аса оқушы оқу жылын аяқтап, 172 мың түлек 11-сыныпты бітірді. Соның ішінде 6800-і – «Алтын белгіге» үміткер. Ал Астанада 9539 түлек 11-сыныпты бітірді. Олардың 280-і – «Алтын белгіге» үміткер. Түлектер 18 мамыр мен 5 шілде аралығында ҰБТ тапсырады.

Биыл елімізде бірінші рет мектептерде соңғы қоңырау салтанаты 1 ­маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде соғылды. Қазақстанда оқу жылының ұзақтығы алғаш рет 36 аптаға созылды. 11-сыныпты бітірушілер үлкен өмірге жолдама алып жатса, мектеп табалдырығын өткен жылы алғаш аттаған бүлдіршіндер бір сатыға көтеріліп, ата-ананың, ұстаздар қауымының көзқуанышына айналды. Еліміз бойынша 2022-2023 оқу жылында 7000 мектепте 3,7 млн оқушы білім алып, 11-сыныпты 172 мың түлек аяқтады.

Оқу жылы аяқталды

Астана қаласында 2022-2023 оқу жылында 164 мектеп жұмыс істеді. Оның 100-і – мемлекеттік, 57-сі – жекеменшік, 7-уі – респуб­ликалық мектеп. Оқушылар саны – 236757.

– Ағымдағы оқу жылында бастауышты 104324 бала, 9-сыныпты 18443 оқушы, 11-сыныпты 9539 түлек аяқтап, қорытындылады. «Алтын белгіге» үміткер 280 оқушы бар. ҰБТ 18 мамыр мен 5 шілде аралығында өткізіледі, – деді Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Аманкелдиева.

Биылғы ерекшелік

«Дәстүр бойынша оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, биылдан бастап 31 мамырда аяқталады. 31 мамыр – жылдың соңғы оқу күні. Бұл күні еліміздің мектептерінде оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған сыныптан тыс сағаттар өткізілді. Бұдан былай 1 маусымда еліміздің оқушылары Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар соңғы қоңырау мерекесін атап өтеді. Каникул бұрынғыдай сақталады, яғни оқу күндерінің саны көбеймейді, ал каникул кезеңі азаймайды. Жалпы қазақстандық оқушылар 170 күн оқиды. Каникулдың ұзақтығы – 195 күн» деді Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Жазда қайда демалады?

«155 демалыс лагері, оның ішінде 85 мектеп жанындағы лагерь, 68 бейіндік лагерь, 2 қала сыртындағы лагерь жұмыс істейтін болады» деді Астана қаласы Білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Гүлфара Сарамбетова.

Оқушыларға жұмыс бар

1-10-сынып аралығындағы 186184 астаналық оқушының арасынан 85000 баланы 4 бағыттағы жұмыспен қамту жоспарлануда. «Жасыл ел» көгалдандыру бригадасына, экологиялық лагерлерге 3800 оқушы жұмысқа тартылады. Түрлі мекемедегі клубтар мен қызығушылық үйірмелеріне, 28 аула клубына 40512 бала шығармашылық жұмысқа қамтылады. Салауатты өмір салтына деген ынтаны қалыптастыру үшін оқушылар «Дидарлы жаз», «Айбынды маусым» лагерлерінің жорықтарында, туристік таныс­тыру сапарларында, экспедицияларында (археологиялық, экологиялық, өлкетану), спорт алаңдарында және жалпы білім беретін мектептердің залдарында тегін негізде (2350 бала қамтылады) спорттық-туристік бағытта жұмыс істейді. Төртінші бағыт интеллектуалдық деп аталады. Ол «Жас ұлан», «Жас қыран» жазғы тілдік мектептерді, дебаттық пікірталас лагерлерінде барлығы 14250 баланы қамтиды. Олар зияткерлік жұмыспен қамтылады. Жақсы нәтиже бойынша балаларға сертификат, алғыс хат беріліп, марапатталады.

14 пен 18 жас аралығындағы мектеп пен колледж оқушылары «Жасыл ел» әлеуметтік жастар жобасы аясында жұмыс істейді. Онымен қазір халықтың әлеуметтік осал топтарынан 2500-ге жуық бала қамтылған. Бағдарлама шеңберінде мектептермен келісімшарт жасалып, балалар мектеп жанындағы учаскелерде жұмыс істеп, оқу ордасы аумағын көгалдандырумен айналысуда.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button