Басты ақпаратМәдениет

Сыр сүлейлерінің сарынын жеткізді

Қорқыт қобызының сарынымен, жампоз жырдың жалынымен Алашқа ана болған Сыр елі елордада Қызылорда облысының өнер күндерін өткізді. Астана қаласының 25 жылдығына орай өткен іс-шара аясында «Жастар» театрында Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық академиялық қазақ музыкалық драма театрының қос қойылымы, Бейбітшілік және келісім сарайында облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» көрмесі қойылып, аймақтың өнер күндері Сыр­дан шыққан өнер жұлдыздарының «Сұлу Сырдан – Ару Астанаға» атты гала-концертімен түйінделді.

«ЖӘМИЛА» МЕН «НАРКОМ ЖҮРГЕНОВ»

Өнер күндері Шыңғыс ­Айтматовтың «Жәмила» повесі желісімен сахналанған спектакльмен ашылды. Аталмыш қойылымның премьерасы биылғы ақпан айында әйгілі жазушының 95 жылдығына орай өтті. Қоюшы режиссері – Дина Жұмабаева. Қойылым әдебиет сыншысы, аудармашы Қалжан Нұрмахановтың аудармасында ұсынылды. Сұрапыл соғыс жылдардағы тылдағы еңбектің ортасында Данияр мен Жәмиланың махаббатын арқау еткен қойылым сөзден гөрі іс-қимылға, пластикаға негізделген.

Аталмыш өнер ошағы елордаға алып келген тағы бір спектакль – «Нарком Жүргенов» драмасы. Көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың қаламынан туған туындыны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хусейн Әмір-Темір сахналады. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақ мәдениеті мен өнерінің, білім саласының өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан Темірбек ­Жүргеновтің өмірі мен еңбегі туралы сыр шертетін қойылымда сол замандағы өнер қайраткерлерінің бейнелері қамтылды. Биыл – көрнекті мемлекет қайраткерінің туғанына 125 жыл. «Нарком Жүргенов» спектаклі елордада бұл мерейтойдың аясында да қойылды. Темірбек Жүргенов бір топ өнерпазды 1936 жылы Мәскеудегі қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне бастап барғаны белгілі. Бұл сапар қазақ руханиятының үлкен табысымен аяқталды. Қойылымда Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова сынды қазақ театрының негізін қалаушылар, классик жазушы Ғабит Мүсірепов, композитор Евгений Брусиловский, жыл алыбы Жамбыл Жабаев, басқа да өнер қайраткерлерінің бейнелері сомдалды. Қойылымға Темірбек Жүргеновтің Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрын ашуы, жыр жампозы Тұрмағамбет Ізтілеуов­ке Фирдоусидің «Шахнамесін» аудартуы, басқа да тарихи деректер енгізілді. Спектакльде қайраткердің қуанышы мен қайғысы, тергеу барысында көрген азабы әсерлі берілген.

КӨРМЕ МЕН КОНЦЕРТ

«Сұлу Сырдан – Ару Астанаға» атты гала-концертте Сыр бойынан шыққан танымал эстрада жұлдыздары Жеңіс Сейдоллаұлы, Елена ­Әбдіхалықова, Жеңіс Ысқақова, ­Мадина ­Сәдуақасова, ­Ғалымжан ­Нарымбетов, ­Құралай ­Мейрамбек, сондай-ақ Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі, симфония оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі, «Томирис» би ансамблі, Сыр өңірінің жыраулық өнер өкілдері және тағы да басқа талантты өнерпаздар өнер көрсетті. Концерт өңірдің гимніне айналған Е.Әбдіхалықованың «Сыр елім» әнімен ашылып, К.Дүйсекеев­тің «Сәлем, саған туған ел!» композициясымен аяқталды. Шығарма фонында Қызылорда облысында атқарылған тың жобалар мен бастамалар, көрікті орындар бейнебаян арқылы көрсетілді. Сыр елінің ұлттық брендіне айналған жыраулық өнер бөлімінде төрт мектептің – Нұртуған, Жиенбай, Нартай, Сәрсенбайдың мақам-саздарынан құралған топтамада домбырамен, сырнаймен, қобызбен жыр айтылды. Классикалық бөлімде солистер 5 тілде әлемдік туындылардың шеруін жасады. Концерттік бағдарламада түрлі жанр, заманауи коллаборация­лар, этно-модерн стиліндегі өнер туындылары көрсетіліп, ұлттық күйлер шетел аспабында да орындалды.

Райхан РАХМЕТОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button