Мәдениет

Сырдың ақын қыздарының салтанаты

Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының ұйымдастыруымен және Ұлттық ­академиялық кітапхананың қолдауымен Сырдан шыққан ақын қыздар Ләйлі ­Құндақбай мен Назгүл Бердіқожаның жыр жинақтарының таныстырылымы өтті.

Ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, тұрмағамбеттанушы Ләйлі Құндақбайдың жыр жинағы «Сәруар сарын» деп аталады. Шығармашылық жиынға Сыр сүлейлерінің жалғасы, жырау, профессор Алмас Алматов, жырау Қасарбек Кәрібаев, мәдениет саласының үздігі Майра Сәрсенбаева, жырау Мәриям Кетебаева, мәдениет саласының үздігі Амандық Бүрлібаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен, халықаралық конкурстардың лауреаты, жыршы Ұлдана Нұртуған мен қаламгердің жақындары қатысты. Әдеби кештің тізгінін қолға алған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы Ләйлі Құндақбайдың шығармашылығына тоқталып, қонақтарға сөз ұсынды.

«Ләйлінің ақындығымен қоса ғалымдығы да маған қатты ұнайды. Ол әдебиетті өте терең біледі. Зерттеуші болу инемен құдық қазғандай ғой. Жалпы Сыр бойы біздің қазақ халқының генофондын сақтаған. Сондықтан Ләйліге тек шығармашылық табыс тілеймін» деді «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жазушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева.

Кеште Қызылорда облыстық филармониясы директорының орынбасары Амандық Бүрлібаев облыс әкімінің құттықтауын жеткізсе, Қармақшы ауданы əкімінің тілегін аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева оқып берді. Ал автор өз кезегінде жиналғандарға алғысын айтты.

«Сәруар сарын» жинағы біздің сарын емес, ата-бабаларымыздан келе жатқан сарын десем болады. Кешегі Қорқыт бабаларымыздан бастау алған ілім және олардың насихаты жазылған. Сондықтан да бұл сарынның иесі – Сыр елі. Кешке келіп, қолдау білдіріп жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін» деді Ләйлі Құндақбай.

Рухани тәлімі мен тағылымы мол кеште жиналған қауым жыршылардың өнеріне куә болды.

«Наз» жыр жинағы – ақын Назгүл Бердіқожаның тұңғыш кітабы. Оның жарық көруіне мұрындық болып, қолдау көрсеткен – белгілі әнші, композитор, ақын Роза Әлқожа. Таныстырылымға арнайы қатысқан ол кітап шығуының тарихын тарқатып, Назгүлдің ақындық болмысына тоқталды, автордың өлеңіне жазылған «Ана» атты әнді шырқады. Орта мектепте мұғалім болған ақынның анасы Назгүлдің ақындық ұшқынын әкесі байқағанын, қызының ақындығына Тұрмағамбет Ізтөлеуұлының 125 жылдығына арналған мүшәйрада топ жарғаннан кейін ғана иланғанын жеткізді.

Таныстырылымда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың сәлемі айтылып, Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов пен Қызылорда облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Мира Қазбекованың құттықтаулары оқылды. Белгілі қаламгерлер Айгүл Кемелбаева, Танагөз Толқынқызы игі тілегін жеткізді.

Танымал әнші Ақбота Керімбекова, әнші-жыршылар Күнсұлу Түрікпен, Әлихан Дүйсенбай әннен шашу шашты. Назгүл Бердіқожа жиналғандарды жырларымен сусындатты.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button