Мәдениет

Сырдың әсем сазы

Биыл Қызылорда облыстық филармониясына – 40 жыл. Бұл өнер ұжымының негізгі мақсаты Сыр елінің мәдениеті мен өнерін дамыту, халықты рухани тәрбиелеу және өнер иелерінің жаңа буынын қалыптастыру болды.

Бұрнағы күні «Бәйтерек» халықаралық медиа-орталығында Қызылорда облыстық филармониясының мерейтойына арналған баспасөз конференциясы өтті. Оған аталған филармонияның директоры Талғат Мақашов, Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінің дирижері Кеулімжай Ботабаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова қатысты. Филармония директоры  Мақашов журналистерді өздерінің бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Қазір филармония құрамында Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар ор­кестрі, «Ақмешіт» фольклорлық ан­самблі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі, «Томирис» би ансамблі, «Ошаған» әзіл-сықақ отауы, «Тұран» во­кал­ды-эстрадалық триосы, «Бұраң бел» би ан­самблі мен «Жанкент» аспапты дуэті табыс­ты жұмыс жасауда. Бұлар осы уақытқа дейін Қазақ­стан­ның барлық облыстарында және Ресей­дің Орынбор қаласында өнер көрсеткен.

Сондай-ақ, бейсенбі күні Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінің концерті өтті. Ал ертеңіне Сыр саңлақтарының өнер кеші Қазақ Ұлттық өнер университетімен бірлесе ұйымдастырған концертке ұласты.

Хамит ЕСАМАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button