Мәдениет

СЫРЛЫ ХАТТАР МЕН СҮЙІКТІ ӘНДЕР

ERA_4050

30 қарашада «Қазақстан» орталық концерт залында Тұңғыш Президент күніне орай «Қанатты өмір белесінде» атты мерекелік концерт өтті.

Кеш бағдарламасы арқылы көрермендер ел Президентінің ресми қызметінен бөлек, жан-дүниесіне тереңірек үңілуге мүмкіндік алды. Жүргізушілік тізгінінде болған Азамат Шарғынов пен Ләйлә Сұлтанқызы Елбасы атына келіп түскен толассыз сырлы хаттарға тоқталып қана қоймай, оларға жауап қатқан президент қолжазбаларын да оқыды. Мәселен, осыдан 11 жыл бұрын Елбасы «Елтұтқа» поэмасын оқыған соң, өз қолымен ақын Тұрсынхан Әбдірахмановқа: «Шынымды айтсам, мадақ пен теңеулерге қарсымын. Мен – қазақтың бірімін. Тағдыр мен халқым қиынқыстау кезеңде осындай жауапты істі маған тапсырды. Сол тапсырманы адал орындап, халықтың ойынан шықсам – арманым сол. Әрине, бұл қызмет оңай емес. Күндіз күлдірмейді, түнде ұйықтатпайды. Барлық шешім маған келіп тіреледі. Бар ауырлық та, жалғыздық та, міне, осында…» деп ағынан жарылыпты. Ал, 2003 жылы белгілі майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов Елбасына алғыс хат жазып, өзінің қайта жарық көрген «Махаббат, қызық мол жылдар» романы мен «Халима» хикаятын қоса салып жібереді. Қаламгерге жіберген жауап хаттағы мына бір жолдар концертке келгендердің кітапқа деген қызығушылығын тудырғаны анық:

«…Құрметті Әзеке!

…Бірінші болған кездесуде «Махаббат, қызық мол жылдарды», «Халиманы» сыйға тарттыңыз. Біріншісін бұрын оқып едім, екіншісін қолыма алған бойда бас көтермей оқып шықтым. Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі заманда жастар көбірек оқитын хикая».

Күнделікті қауырт жұмыспен жүрсе де, кішіпейілдігі мен қарапайымдылығынан танбаған Нұрсұлтан Назарбаев хаттардың бәрін оқып, назарында ұстайтыны белгілі болды.

Сондай-ақ, залдағы жұртшылық «Маgic of nomads» этно-фольклорлық тобының орындауындағы «Елбасының сүйікті әндер жинағын» тыңдады. Президент сүйсіне тыңдайтын халық әндерінің бірі – «Дайдидауды» шырқаған Димаш Құдайбергеновтің дауысына тәнті болды.  Сонымен бірге, осы кеште Роза Рымбаева, Ардақ Балажанова, Досымжан Таңатаров, Алмас Кішкенбаев, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы сынды бірқатар эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button