МәселеСараптама

Сыртқы қарыздан қауіп бар ма?

Қазақстанның сыртқы қарызы өсіп жатыр. Бір жылда ол 11 млрд долларға көбейді. Еліміз Қытайдан ірі қарыз алушылар тізіміне енді – 39 миллиард доллар. Ол – екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған несиелер. Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, бүгінде еліміздің шетке берешегі 164,1 млрд долларға жетіп отыр. Өткен жылы көрсеткіш 152 млрд доллар шамасында болды. Нидерландқа – 44,3 млрд доллар, Британияға – 22,6 млрд, Америка Құрама Штаттарына 13,5 млрд доллар берешек. Бұдан бөлек, Бермуд аралдарынан алған қарыз көлемі биыл – 31,1 пайызға, халықаралық ұйымдардан – 17,3 пайызға, Ресей мен Франциядан алған қарыз 5,7 және 2,6 пайызға өскен.
Бірақ Ұлттық банк өкілдері елдің сыртқы қарызы 164 млрд доллар болғанмен, ол бюджеттің немесе халықтың қаражаты есебінен төленбейді, өйткені сыртқы борыштың шамамен 80 пайызы мемлекет те, ел азаматтары да жауап бермейтін жеке ұйымдардың міндеттемелеріне тиесілі дейді. Жыл сайын Үкімет сыртқы қарыздағы мемлекеттің үлесі өте аз екенін және бұл әлемдік көрсеткіште өте жақсы нәтиже екенін айтып сендіреді. Бұл компаниялар қарыз алғанда мемлекет кепіл болды ма? Квазимемлекеттік сектордағы қарыз төленбесе, берешек Ұлттық қордан қайтарыла ма? Қарыз қайтарымы қазақ жері болуы қаншалықты мүмкін?
2020 жылдағы сыртқы қарыздың 63 пайызы – фирмааралық берешектер (101,3 млрд доллар); Үкіметтің қарызы – 13,2 млрд доллар (8,2 пайыз); квазимемлекеттік сектор қарызы – 20,1 млрд доллар (15 пайыз); банк секторларының қарызы – 5,2 млрд доллар; басқа секторлар қарызы – 20 млрд доллар.
Фирмааралық қарыз – бір компания ішіндегі жекеменшік қатынастар және мемлекет бұл міндеттемелердің орындалуына ешқандай жауапкершілік алмайды.

Мәселен…
2015 жылы шілдеде «Қазмұнайгаз» компаниясының 4 млрд доллар қарызын Ұлттық банк төлеп берген. Оның өтемі ретінде Ұлттық банк мұнай компаниясының 10 пайыз акциясына ие болды. Ұлттық банк мұнай бағасы төмен кезде акция сатып алды. Ал ол Ұлттық қор қаражаты үшін нашар инвестициялық салым болған.
«Қазақстан темір жолы» компаниясының қарызы 2 трлн-ға жетті. ҚТЖ-ға 5 жылда мемлекет қазынасынан 171 млрд теңге берілген. Алайда теміржол компаниясының жағдайы жақсармаған. Енді компания карыздың кесірінен құнды қағаздарын да сатылымға қоя алмай отыр.
2015 жылы мемлекет «Қазақстан темір жолы» компаниясының 350 млн доллар сыртқы қарызын төлеп берді. Бұл қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) несие ретінде алынды.
Мемлекет сыртқы қарызды қайтара алмаса, кепілге қойылған мүлкінен айырыла ма?
«Әкесінің ақшасы мен әжесінің зейнетақысына өмір сүретін 30 жастағы жасөспірім»
Расул РЫСМАМБЕТОВ, сарапшы,экономист:
– Мәселен, «Тенгизшевройл» «Шеврон» компаниясына қарыз десек, мұндайда мемлекеттің ешқандай қатысы жоқ. Екіншіден, мемлекеттің сыртқы қарыздарын ашық ету керек, гарант болған қарыздарды бөлек көрсету керек. Квазимемлекеттік сектордың қарыздарын да бөліп қарастыру керек. Сондықтан мемлекеттік қарыздың ашық, айқын статистикасын көрсету қажет. Квазимемлекеттік сектордың қарызын мемлекеттің қарызы деп айтуға болады. «Самұрық-Қазына» АҚ мемлекеттік активтерді басқарып отырса, қарызды қайтаруға байланысты қиындықтар туындаса, «Самұрық-Қазына» АҚ мемлекетке арқа сүйей алады. Бізде қауіпсіз деңгейде екені анық. Бюджеттің басым бөлігі Ұлттық банк арқылы іске асады. Бюджетте сыртқы қарыздарды төлеуге қаражат бөлінеді. Сыртқы қарыздарды төлеу оңай емес. Үкімет бюджетті қысқартқысы келмейді, қаржы әкелмейтін салаға қаржы құюды белсенді түрде жалғастырады. Мемлекет қарызы квазимемлекеттік сектордың қарызымен біріксе, Қазақстанның сыртқы елдерге берешегі қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Бірден банкротқа ұшыратпаса да, мемлекетке кіріс әкелетін Ұлттық қорға салмақ түсуі мүмкін. Мемлекеттік сыртқы қарыздар бойынша банкротқа ұшырау ықтималдығы аздау. Мемлекетіміз бұл жағдайды қолға алмаса, жағдай қиын болады. Сондықтан да Мемлекет басшысы жыл соңына дейін бюджет талаптарын жасап шығуға тапсырма берді. Үкімет, әкімдік, квазимемлекеттік сектор, барлығы да бюджеттен қаржыландырылса, оны толтырулары керек. Қазір бұл мақсатта жағдайдан шығарар жарық сәуле көріп тұрған жоқпын. Жұмсағанымыздан табатын табысымыз көбірек болып, келер күнге жинақтайтындай деңгейде емеспіз. Біз қазір тек қана қарызды «сорып» жатырмыз. Мәселен, бір тұрғын банктерден несие рәсімдеп тастаған, өзінің депозитін «сорып» бастайды. «Әке депозиті» Ұлттық банк болса, «Әже депозиті» – зейнетақы қоры. Біз сонда 30 жасқа толған әкесінің депозитін жұтып әрі әжесінің зейнетақысын «сорып» отырған жасөспірімнің күйін кешудеміз. Ертең қалай өмір сүретінімізді не Үкімет, не басқасы айтқаны есімде жоқ. Бес жылдан кейін немен төлейтініміз, қалай дамитынымыз белгісіз.
«Ұлттық компаниялар қарызынан қауіп бар»
Мақсат ХАЛЫҚ, GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист:
– Еліміздің сыртқы қарызы 164,1 млрд долларға жеткен, бұл – соңғы дерек. Осы жылдың сәуір айында шыққан. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш тағы да өседі деп ойлаймын. Өткен жылы 160,9 млрд доллар болған. Сонда өткен жылмен салыстырсақ, 2 пайызға ұлғайып отыр. Әрине, бұл қарыздардың көп бөлігі фирмааралық берешектерден тұрады. Ол – 100 млрд доллардан асып жығылатын қарыз. Мұны фирмааралық қарыздар және елге тікелей тартылған инвестициялар деп қарастыруға болады. Бұл қарыздардың барлығын Үкімет қайтара ма, қайтара ала ма десек, ең негізгі, қауіпті қарыз болып Үкіметтің өзінің қарызы саналады. Оның көлемі қазіргі уақытта 14,5 млрд-қа жетіп отыр шамамен. Бізде сыртқы қарыздың көлемі жалпы қарызға шаққанда 8 пайызды ғана құрайды. Сондықтан да бұл көп емес деп дәйек келтіреді. Бұл қарызды қайтаруға Үкіметтің қауқары жетеді. Ұлттық қорда 57 млрд доллардай ақша бар. Демек, резервте осы қарыздарды жауып тастайтындай қаржы жеткілікті.
Бірақ бұл жерде екінші мәселе бар, бұл Үкіметтің қарызы деп есептейтін тек қана осы қарыз ғана ма деген сұрақ туындайды. Мемлекеттің үлесі бар квазимемлекеттік сектордағы ұлттық компаниялардың үлесін қосу керек дер едім. Өйткені ол қарыздың бәрін Үкіметтің қарызына қоспайды. Оны өзге де секторлардың қарызына қосады. Ол жерде 42 млрд доллардан аса ақша жатыр, өзге де секторлар деген. Соның ішіндегі Ұлттық компаниялардың қарызын бөлек көрсету керек. Осы жылы ғана Ұлттық банк өзінің бір есептерінде ұлттық компаниялардың қарызы 21,1 млрд долларды құрайтынын атап өтті. Демек, осы соманы қорықпай Үкіметің қарызына қосу керек. Сол кезде 35,576 млрд доллар шығады. Мұның өзі қарыздың ауыртпашылығын арттырып отырғанын көрсетеді. Менің ойымша, бұл қарыз қауіпті, ертең квазимемлекеттік сектор, яғни қандай да бір ұлттық компания банкрот болып кетсе, оның қарызы Үкіметке жүктеледі. Өйткені ол компанияға ұлттық компания болғаннан кейін шетелдік инвесторлар ақша салып отыр.
Көлемін көбейтпеу керек
Фирмааралық қарыздардың ұлғайғандығында тұрған қорқыныш жоқ. Өйткені бұл – сырттан тартылып отырған тікелей инвестиция елімізге. Оның көлемі ұлғая берсе де, экономикамызға тек оң әсерін тигізеді. Инфрақұрылымға, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң ықпал етеді. Өйткені жаңадан зауыт-фабрикалар ашылады. Жаңа жұмыс орындары құрылады. Шетелдік компаниялар елімізден еншілес компанияларын ашып жатса, ол өздерінің корпоративтік мәдениетімен келеді. Ол белгілі бір дәрежеде отандық компаниялар арасында бәсеке тудырады. Сондықтан ондай инвестицияның көбейгені дұрыс. Тағы бір қорықпайтын, тәуекелі аз қарыз біз өткен жылы індет салдарынан Азия даму банкінен 1,5 млрд евро көлемінде қарыз алғанбыз. Ол қарызды да бізге ұзақ мерзімге берді. Демек, мемлекетімізге түсірер салмағы аздау. Тағы бір маңызды дүние пайызы жоғары болатын қарыздардан сақтанған дұрыс және қарызымыз аз екен деп оны көбейте берген дұрыс емес. Оның мақсаты мемлекет бюджетінің тапшылығын жабу болса, ондай қарыздан сақтанған дұрыс. Онда Үкіметтің үлесіндегі сыртқы қарыз өсіп, мемлекетімізге біраз салмақ түсіреді. Мемлекетіміз ол қарыздарды төлей алмайтын болса, алдымен қарыз қайтару уақытын ұзартып алса, техникалық дефолтқа ұшырайды. Мүлдем қайтара алмайтын жағдайға жетсе, тікелей дефолтқа ұшырау қаупі бар. Ол мемлекеттің тәуелсіздігіне үлкен нұқсан келтіретіні сөзсіз.
«Кез келген уақытта жаба аламыз»
Сапарбай ЖУБАЕВ,экономист:
– Қазақстанның сыртқы қарызын сөз еткенде, біз 4 үлкен мәселеге назар аударуымыз керек. Бірінші – мемлекеттік сыртқы қарыз. Қазақстанда бұл – 364 млрд долларлық өте үлкен қарыз. Бірақ мемлекеттің жауапкершілігіндегі, яғни халықтың, бюджеттің үлесімен қайтарылатын мемлекеттік қарызымыз бар болғаны 13,2 млрд доллар екенін көңілге түюіміз керек. Яғни 13,2 млрд доллар ғана мемлекеттік қарыз деп есептелінеді. Біздің валюталық қорларымыз ұлттық қорда – 60 млрд, Ұлттық банктің алтын-валюта қоры – 35 млрд доллар, зейнетақы қорында – 30 млрд долларға жақын және басқа да қорларда қаржы бар. Яғни біздің шетелдік активтеріміз мемлекеттік қарызымыздан 10 есе көбірек. Сондықтан Қазақстанға мемлекеттік 13,2 млрд долларлық қарыз анау айтқандай қауіпті емес. Кез келген уақытта жаба аламыз.
Сенімді елге ғана несие береді
Қорытындысында, сыртқы қарызымыз аз емес – 164 млрд доллар. Бірақ бұл – біздің елдің шетелдік инвесторлардың келуіне, олардың қарыз беруіне сенімді мемлекет екеніміздің белгісі. Көп дамыған мемлекет қарыздары, мәселен Жапонияның жалпы ішкі өнімі 100 пайыз десек, шетелге қарызы – 120 пайыз. Ұлыбританияның қарызы – 130 пайыз, АҚШ-та да 100 пайыздан асып кетті, өздерінің жалпы ішкі өнімі 22 триллион болса, қарызы 24 триллионнан асты. Себебі жер бетіндегі мемлекеттердің барлығы АҚШ-қа сеніп, өздерінің ақшасының сақталатынына, пайызбен төленетініне сеніп, Американың суверендік облигацияларын сатып алады. Біз де Ұлттық қордағы ақшамыздың 25-27 млрд долларына Американың облигациясын сатып алғанбыз. Америка бізге қарыз. Олар алған ақшасының үстінен пайызын төлеп тұрады. Осындай жағдайларды біз көп айтамыз, бірақ бір өкініштісі, кейбір оппозициялық пікірдегі экономистер біздің ешқандай қорықпайтын қарызымызды өздерінің атын шығару үшін, халыққа сүйкімді болып көріну үшін айта береді. Тәжікстан Қытайға қарызын қайтара алмай, жер берген еді. Бұл түсініспеушіліктен туған. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан жағдайларын алып қарасақ, Тәжікстанның Қытайға берген 1,5 мың шаршы км жері Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы келіспеген жердің 3/1 бөлігін беріп, алпауыт Қытаймен Тәжікстан шекараға келіскен. Яғни Қытай 5 мың шаршы км жерге Кеңес Одағымен таласып жүрген кезде Тәжікстан 3/1 бөлігін ғана беріп, қазір тату-тәтті қарым-қатынастағы көрші болып отыр.
Жағымсыз жағдайдан сақ болайық
Марат КАИРЛЕНОВ, «Ұлағат консалтинг групп» ЖШС директоры, экономист:
– Статистикаға қарасақ, еліміздегі мемлекеттік сыртқы қарыз 20 пайызға өскеніне куә боламыз. Өткен жылы өте қатты өсім болған. 1 сәуірден 1 қаңтарға дейін 20 пайызға өсуі – өте жоғары көрсеткіш. Бір қарағанда, қауіпсіз деңгейде деуге болады. Қолайлы жағдайда тұр. Екінші жағынан, біздің жалпы ішкі өнім мұнай мен шикізатқа тәуелді. Сондықтан бұл жерде күрделі мәселелер туындауы мүмкін. Әлемдік экономика теңселіп тұрғандықтан, Қытайда қиындықтар болып жатыр. «Черный лебедьтің» Ресейге қарсы санкция салуы бізге де кері әсерін тигізуі мүмкін. Қайталама қарызды сатып алу емес, мұнай, металл сатылымы мүлдем күтпеген арнаға бұрылып кетуі ықтимал. «Цеснабанк» активтері Ұлттық қорға өткенде, бір жылдан кейін ол активтердің жарамсыз, жұмыс істемейтіні анықталды. Бұл жерде де жағымсыз тосынсыйлар күтіледі. Сондықтан Қазақстанның сыртқы қарыздарының жоғары деңгейдегі өсімі бір қауіптің барын ескертіп отыр. Бұл мәселеде Үкіметке ресурстың шектеулі екенін түсіну керек.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button