Мәдениет

СЫРТТАҒЫ САҢЛАҚТАР СЫРЛАСУЫ

Жақында 20-ға жуық шетелден келген қандастарымыз Астанаға жиналды. Атажұрт топырағын басқан мәдени орталықтардың жетекшілері мен өнерлі жастар елорданың көрікті жерлерін аралап, Қазақ ұлттық өнер университетінде өткен халықаралық фестивальге қатысты. фестиваль бағдарламасына «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ортақ атауымен суретшілер байқауы, жыршы-термешілер мен дәстүрлі әншілер сайысы және ақындар мүшәйрасы кірді.

Алыстағы ағайынның басын қосқан ауқымды шараны Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзіл­ха­нов ашып берді. «Еліміз егемендігін алған күннен бастап шетелдердегі қандастарымызбен байланысымыз күшейе түсуде. Тарихи отанынан тысқары жерде тұрып жатқан қан­дастарымыз ана тілі мен төл мәде­ние­тінен ажырамау үшін ол жақтағы бауырларымызбен мәдени, рухани байланысымызды дамыту және ұлттық әлеуетімізді арттыру мақсатында халықаралық өнер фестивалін ұйым­дастыруды қолға алдық» деді ол мәсе­ленің мәнісін түсіндіріп.

Жыршы-термешілер мен дәстүрлі әншілер сайысына қатысқан 19 өнер­паздың арасында Ираннан бір өкіл ғана бағы мен бабын сынады. Түркиядан да жалғыз өнерпаз қатысты. Бұл байқауда негізінен Қытай мен Моңғолиядан келген жыршы-термешілер мен әншілер арындады. Бас жүлде моңғолиялық Шерікбай Өзгеріске бұйырды.

Қазақтың әншілік және жыршылық өнері бірнеше дәстүрге бөлінеді дейміз. Байқау барысында осының бәрін – Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр өңірі дәстүрлеріндегі әндерді естідік. Мәселен, бірінші орын иегері қытайлық Әбілхан Нұрболат Халық әртісі дәрежесіне дейін көтерілген Дәнеш Рақышевтің «Саясында алманың» әніне салса, оның отандасы, 2-орынды алған Айдынгүл Әбдуәли Мұхит Мералыұлының «Айнамкөз» және «Көк айдай» әндерін шарықтатты. Балуан Шолақтың «Ғалиясы», Жаяу Мұсаның «Баянауылы», «Ғазиздің әні» сынды шығармалар да шалқыды. Бар өнерді бойына тоғыстыра білген ұлтымыздың біртуар ұлы Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқа», «Дәурен-ай» әндері де шырқалып, әруағы бір аунады.

Мүшәйраға келсек, өз жырлары арқылы ақындар негізінен атамекенге деген сағынышты, тәуелсіз елімізге көшіп келіп, осында өмір сүруге деген іңкәрлікті білдірді. Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының төрағасы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы бастаған қазылар алқасы Қытайдан келген Исахан Еркінді жеңімпаз деп тапты. Астананың әдеби ортасында көзімізге көрініп жүрген дарынды қарындасымыз Ай­жан Тәбаракқызы бірінші орынға ілікті.

Шет елдерде тұратын қандас суретші­леріміздің жұмыстарынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Олардың өнері жайлы көрмені аралап көріп, қылқалам шебер­лерінің байқауына қазылық еткен сәулетші, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековтен сұрап білдік. «Мен көрген суреттердің деңгейі өте жоғары. Олардан халқымыздың рухы оянғанын, мәдениетіміз өзгелерден еш кем еместігін байқауға болады. Ең бас­тысы, бұл суреттерден Әбілхан Қастеев, Қанапия Телжанов секілді қазақтың майталман шеберлерінің дәстүрі үзілмей келе жатқанын көріп отырмын. Бұл – рухани сабақтастық бар деген сөз. Соған өте қуан­дым. Сыртта да, іште де жүрген қазақ­тарды бөлуге болмайды, меніңше. Мысалы, қазақ халқына танытуда қандай үлесің бар дегенде, кім бол­сын сыртта жүрсе де қазақ баласының дарынды екенін көрсетсе, бәріміз үшін үлкен мақтаныш» деп жауап берді ол.

Қазылар алқасының тағы бір мүшесі, Астанадағы «Қазақ елі» монументінің авторы Сембіғали Смағұловтың айтуынша, байқауға қатысқан суретшілердің көбісінің мүмкіндіктері оған бұрыннан таныс. «Сондықтан, үздік суретшіні таңдағанда аса қиналмадық» деген ол осы байқауда бәрінен қара үзген Қытайда тұратын қандасымыз Қабдеш Шалқарды марапаттады.

Бұдан бұрын Алматыда өткен Халық­аралық өнер фес­тивалі Астанада тұңғыш рет ұйым­дастырылды. Соның басы-қасында жүргендерге сенсек, бұл шара енді жыл сайын елордада ұйымдастырылатын болады.

СҮБЕЛІ СӨЗ


Әбділқайым КЕСИЖИ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы:

– Кезінде жер-жерге тарыдай шашылып кеткен қазақтардың бір бөлігі Еуропаның 10 шақты елінде тұрып жатыр. Сол Еуропадағы бауырларымыз осыдан 22 жыл бұрын «Қазақстан БҰҰ мүшесі болар ма еді» деп армандайтын. Соған жеткен Қазақстан 2010 жылы Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төр­-ағалық етті. Ислам конференция­сы ұйымына да басшылық жасады. Біз шетте жүргеннен кейін бәрін де бай­­қаймыз. Қазақстан қазір расында да іргелі де халықаралық көлемде ұлы мем­ле­кеттермен терезесі тең дәрежеге жет­ті. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш.

Қазақстан тәуелсіздігін алмай, бұрынғы жолмен кете берсе, онда Еуро­падағы қазақтардың орнын сипап қалар едік. Ассимиляцияға түсіп кететін еді. Қазір Еуропадағы ағайындарымыз «Артымызда Қазақстан сынды іргелі ел мен Нұрсұлтан Назарбаев секілді көшбасшымыз бар» деп кеудесін кере мақтанып жүреді. Қазір Еуропаның он үлкен қаласында қазақтың тілін, мә­дениетін, салт-дәстүрін сақтап, шетелде туып-өскен жас  ұрпаққа жеткізіп, солардың бойында отаншылдықты қалыптастыру үшін мәдениет орта­лықтары жұмыс істеп жатыр. Сол мәдениет орталықтарының басын Еу­ропа қазақ қоғамдары федерациясы қосып отыр.  


 Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button