Басты ақпарат

Сыры да, мұңы да – өлеңінде

«Жалпы дін тақырыбына, мұсылманшылық қағидаттарына, қажылық сапар тақырыбына қалам тарту асқан жауапкершілік пен имани нәзіктікті талап етеді» деген екен Әбіш ­Кекіл­ба­ев. «Асқан жауапкершілік пен имани нәзіктік» Өтеген Оралбайұлының «Қағбаның қарлығаштары» атты жыр кітабының өн бойында анық сезіледі. Алла Тағала жар болып, қасиетті Қағбаға маңдай тіреп, мінәжат еткен ақынның жүрегінен жыр жауһары төгіліп жүре берген. Жыр болғанда да, парасаттылыққа, ізгілікке баулитын имани жырлар. Қағбаға барып, мінәжат еткен ақын да көп бұл күнде. Бірақ, олардың ешқайсысы да бұл тақырыпқа еркін көсіліп қалам тарта қоймаған сыңайлы. Сондықтан да, бұл кітаптың тақырыптық жағынан алғанда құндылығы өз алдына, жаңалығы бар кітап дер едік.

[smartslider3 slider=3879]

Ақын кітабының сөзашарында: «Әлі көз алдымда, Қағбаның орталық есігі – Бейбітшілік қақпасынан кіре бергенімде оң жағымдағы биік бағандардың төбеге тірелген қойнауларынан бір топ қарлығаш ұшып шығып, қанаттары шапағатпен соғылған сәбидің алақандарындай сартылдап, көңілімді шаттыққа бөлеп, тура оң иығымның үстінен өтті. Тіпті, оң иығыма қонғандай болып, сатырлап ұшқанда бір сәт абдырап, сосын өзім де солармен бірге ұшардай болып, қанатымды қомдап, жаным жадырап, ғажап бір күйге енгенім бар. Қасиетті Құранның «Піл» сүресіндегі қарлығаштар (абабил) туралы ғаламат аяттың кейіпкерлерімен дәл осы жерде, дәл осы сәтте кездесу мен үшін теңдессіз бақыт секілді болып сезілді. Бір қызығы, қаз-қатар келе жатқан қазақстандық мұсылмандар жапырақтар сынды жыпырлап ұшқан қарлығаштарды байқамапты. Мен бұған одан сайын таңғалдым. Осы таңғалыс, түйсігіме түскен тылсым сәт кейін түсімде өлең болып туса керек» деп жазыпты. Шынында да, керемет сезім. Жыр – құпия бір әлем. Көк жүзінде қалықтаған Қағбаның ақбауыр қарлығаштары ақынның жүрек қылын шертіп өткендей.

«Азанмен әнін бастады

Қағбаның қарлығаштары.

Армысың, әл Харам аспаны,

 Иманның жаңылмастары.

 Құбылаға тәжім етемін,

 Қысымды жазым етемін.

Сүренің сазына орап

 Жырымды жазып өтемін.

Көңілден пырақ көремін

 Лаулаған шырақ көремін.

Арайлы Алланың аспанында,

Азан боп әні басталғанда,

Сәждеге бірге құлайық

Қағбаның қарлығаштары» дейді ақын. Қағбаның қарлығаштарының қасиетін сезінген ақын-жүректің толғанысы ерекше. «Қағбаның қарлығаштарымен бірге сәждеге құлау» ниет-тілегі қандай көркем. Бұл – бұған дейінгі қазақ ақындарының бірде-бірінің аузына түспеген сөз. Өтеген ағаның «Қағбаның қарлығаштары» кітабына зер сала оқығанда байқағанымыз, ақын мінәжат жырлар тақырыбына ат шығару үшін емес, жан-жүрегімен сезініп ұғынғандықтан барғанын байқаймыз. Әрбір өлең жолының астарынан парасаттылықтың ішкі иірімдері, жер бетіндегі жақсылыққа құмар ақын жаны айқын көрінеді.

«Құлағымда Құранымдай сазым бар, Көңілімде жадыраған жазым бар. Жүрегіме қонып жатыр біртіндеп Қисуәға түскен алтын жазулар». Қағбаны жауып тұрған, биіктігі 14 метрдей, жоғарғы жағында арнайы алтын белдігі бар қара мата «Қисуә» деп аталады екен. Оның төрт жағында алтын әріптермен «Алла –жалғыз, Мұхаммед – оның елшісі» деген сөз бен Құранның қасиетті аяттары жазылған. Қисуәға түскен алтын жазулар ақын жүрегіне жарық, ғажайып бір нұр таратардай. Ақын әр нәрседен сыр іздегіш. Әуелей ұшқан Қағбаның қарлығаштары да, сылдырап аққан су да, жайқалған көк құрақ та бір құдіретті жырлап жатқандай сезінеді.

«Жақпар тастың

әжімінен сырғанап,

Нұр тауынан тарап

жатқан нұр ғажап.

Күллі әлемдік

мұсылманның бірі боп

Тауға қарап телміреді

бір қазақ.

Аспан анау- көгілдір

шыт, желбіреп,

 Маңдайыма мақам

болып келді леп,

 Құран түскен сол

үңгірді көрсем деп

Көп үңілдім көзім жасы

мөлдіреп».

Ақын жаны сезімтал

және бақылағыш.

Кейде теңіздей тебіреніп, кейде ақ жаңбырдай селдетеді жыр-күйін. Пайғамбарымызға қасиетті кітап – Құран түскен таудың атауы – Нұр тауы. Мекке қаласының іргесіндегі аса биік емес қоңыртау. Нұр тауының қасиетін ұғу үшін де қасиет керек. Қара өлеңді қадір тұтқан ақынның Нұр тауына деген ынтызар-ықылас көңілінен мәйекті жырлар тууы да заңдылықтай көрініп кетеді. «Аспанның көгілдір шыттай желбіреуі, құбыладан соққан қоңыр желдің маңдайдан сипап, мақам үніндей үн қатуын» ақын образға айналдырып жіберген.

«… Мұздалифа, Саналы

ойдың сарасы,

Маған бір сәт ой

тоқтатып қарашы,

Намысынан

найзағайлар тұтанған

Қазақ деген қайсар

елдің баласы. …

 Мұздалифа, Саған

жеттім. Жеткенім,

Айтатұғын

армандарым көп менің.

Бірінші арман – мәңгі

болсын азаттық

Жыртылмасын намыс

деген шекпенім.

 Мұздалифа. Екінші арман –

сол арман,

Азаттығым талай ғасыр жоғалған.

Бар бақытым, бар байлығым дәл осы

 Қазынам еді қорқауларға тоналған.

Мұздалифа. Үшінші арман не деңіз?

 Жер аман боп қозғалмасын көк өгіз.

Үшінші арман – мәңгі болсын қазағым

Көкке жетсін көк байрақты

төбеміз».

Мұздалифа – мархабаттың мекені саналады. Қажылыққа келгендер осы Мұздалифа жазығына түнеп, түнімен іштей тілек тілеп, таң намазында Қағбаға қарай бет алады. Әр адамның жүрегінде аялап жүрген арман-тілегі бар. Көк байрағы желбіреген еліміздің көсегесі көгеріп, биіктен көрінуін тілеген ақынның абзал тілегі қайсар елдің баласына тән бөрі-мінезбен осылайша ақжарма жыр боп ақтарылады.

Мына бір өлеңінде ақын «Қажылық – тек өтеу емес парызды, Пенделіктен адамдыққа жорық бұл» деп өте салиқалы тұжырым жасайды.

…Ұлы қала, Сен куәсің бәріне.

Бұл қаланы – адамдықтың ары де.

 Сен тұрасың жаутаң қағып, Пендені,

 Жаратушым алмаса деп кәріне».

 Меккенің жанарынан жыр оқыған ақынның ішкі толқынысы. «Ихраммен иман айтса бір иық, Құдіреттен көңіл күтер бір иық» деп тебіренеді.

«Жайсаң ойдың жай қоңыр үніндемін, Жапырақтың көз ашқан бүріндемін. Мешіттердің есігін ашып тастап, Құбыла жаққа қарайды бүгінгі елім».

Имандылыққа бет бұрған еліміздің суретін сөзбен салуы да жарасымды. Бұл жыр жолдарының жөні бөлек, бұл жолдар сіздің жаныңызға қуаныш ұялатады, көркейген Қазақ елінің тыныштығына, татулықпен өмір сүріп жатқан сан ұлттың келбет-көрінісіне шүкір дейсің. Жер бетін мекендеген адамзат бір-біріне мейірім-шапағатын төксе, онда өмір мәнді болмақ.

 «Біреу бай деп мақтаймыз,

 Күндейміз, һәм қызғанып.

 Сыртынан кеп даттаймыз

 Ішімізде мұз жанып.

 Біреу озса көре алмай,

 Тырысады теріміз.

Кемге көмек бере алмай ,

Тарылады жеріміз.

 «Біз де сондай болсақ» деп,

 Сырттай күйіп-жанамыз.

Биіктерге қонсақ деп

Аласарып барамыз.

Аласарып барамыз,

Адам бүгін сұрамсақ.

 Адасыңқы санамыз

Аярлықты тұр аңсап.

Сұраймыз кеп барлығын,

Ақша, мансап, даңқты.

 Салмағы ауыр ар жүгін

Көтеру де қауіпті.

Алла берсе, алдың ба,

Ақ-қарасын айыршы.

 Жаратқанның алдында

 Адам деген қайыршы». Адам бар жерде қызғаныш бар, өсек-ғайбат бар. Биіктеймін деп жүгіріп жүріп, аласарып қалатынын байқамау да сол пендешіліктен туады. Жалаңдаған қызыл тіл мен жайылған қолдың сұрамсақтығының таусылмауы да – пендешіліктің ең төменгі сатысы. Барға – қанағат, жоққа сабыр тілеу – арлының қолынан келетін нәрсе. Жаратқанның алдында адамның бәрі бірдей. Ақын жырының соңында «салмағы ауыр ар жүгін, көтеру де қауіпті» екенін ескертіп өтеді.

«Дем саламын Құранмен бұл өлеңге, Сенбестік жоқ титімдей мына менде. Жер-Анаға «Табын» деп кім айтып жүр Табынамыз өзіміз мына әлемге. «Табын» деген тасқа да басылыпты, Көк аспанның астына шашылыпты. Аңғырт ойлап, асығыс байлам айтқан, Алла, біздің кешкейсің асылықты».

Баршаға ортақ Құдіреті күшті Алла Тағала бүкіл ғарышты, тіршілікті, қиямет-қайымды жаратты. Құран Кәрімде «Алла біреу-ақ. Алла мұңсыз. Әр нәрсе оған мұқтаж. Ол тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес» делінген. Ақынның «Иә, Алла, аштым саған жүрегімді», «Мұхаммедтің үмбетімін», «Арафат аспанында», «Ұлылардың бейнеті де бес елі». «Мәуліт түні», «Сәулелі сөзге бас ұрдым», «Мұнартып тұрған Минаға келдім», «Жидда кенті – жезқанат», тағы басқа жырларында, «Өлең өзі тумайды жайшылықта» деп Мұқағали жырлағандай, ақынның өлеңмен қауышып көрісуі де ғажап екенін сезінесің. Мына жырды Әл-Харамның иманжарығынан төгілген нұрдың ақын қаламымен жырға айналуы десек, жарасатын сияқты.

«Бәрі жарық осында. Әл-Харамда,

Бір ғажайып жұмбақ бар аңдағанға.

Сүт сәулесін жолдадым бар ғаламға.

 Асыл жарық. Нұр шашқан от

күндейсің,

Көк аспанда күлімдеп көп күлгейсің.

 Аспан жақта қалқыған ақ

бұлт көрсең

Өтегеннің өлеңі деп білгейсің».

 Бұрын «Өлеңнің ақша бұлты Әбу ақын» деп еститінбіз. Аманқос Ершуовтың «Ақ бұлттары» да өзінше бір әлем. Ал  мына жердегі Өтеген ақынның «Ақ бұлт» теңеуі Өтеген Оралбайұлының ақындық мінезіне дәл келіп тұр. Ақынның сыры да, мұңы да, күрсінісі де – өлеңінде. Жусан деген шөп бар. Қышқылтымдау жұпар иісті болып келетін жусанның емдік қасиеті де бар деседі. Әйтеуір, жусан – бағалы да, елдің бәріне ұнайтын шөптің түрі. Жусан тазалықтың, сағыныштың символындай. «Жусан иісін әкеліп маң даладан, Үлестірдім Құбыланың самалына» дейді ақын. Жусанның иісі – қазақтың иісі.

«Бір түп жусан қазақтың даласынан, Қададым мен Қағбаға-ғаламатқа. Қабылдап ал қазақтың баласынан Жусан иісін қалдырдым аманатқа». Ақынның осылайша өзінің нағыз қазақ жанын, жан сырын, ішкі толғанысын өлеңмен өрнектеген жыр жолдарында имандылық бар. Шындығын айтқанда, Өтеген Оралбайұлы «Қағбаның қарлығаштары» кітабында Меккеге қажылық сапарға барған кездегі көргені мен білгенін, сезінгені мен түйсінгенін ақ жібектей жырға орап, кестелі сөздің көркеміндей ғып оқырман қауымға ұсынған.

Кітапқа зәрулік жоқ қазіргі кезде. Бір-бірінен аумайтын кітаптар көп. Оқылмайтын кітаптар бар. Қолымыздағы Өтеген Оралбайұлының «Қағбаның қарлығаштары» жыр кітабы – оқылатын туынды. «Қағбаның қарлығаштары» мұсылман әлемінің қасиетті мекені – Мекке, Қағбаны тануға ұмтылдыратын, жанға шуақ сыйлайтын кітап. Қазақ жырына, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған рухани дүние. Өзім әдебиеттің кейінгі толқын өкілі болғандықтан, имани-салауаттылық, ұждани-адамгершілік қасиеті жоғары осы кітабы үшін ақын Өтеген Оралбайұлына ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Белгілі ақын, қаламгер Өтеген ағамыз 70 жасқа аяқ басып отыр. Жазарыңыз көп болсын, оқырман қауымның ықыласына бөлене беріңіз деп тілек айтқым келеді.

Маржан ЕРШУ, ақын,

филология ғылымдарының кандидаты

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button