Қала мен СалаҚала тіршілігі

ТАБИҒАТ ТОСЫН МIНЕЗ ТАНЫТСА ЕГЕР

IMG_6781

Биылғы көктемдегі Көкпектідегі су тасқыны, бірнеше жыл бұрынғы Қызылағаш оқиғасы, Алматы тұрғындарының үрейін ұшырып, ауық-ауық болып тұратын жер асты дүмпулері төтенше жағдайларға дайын болу керектігімізді айғақтайды. Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысында ұйымдастырылған «Жер – 2014» республикалық штабтық оқу-жаттығулары таулы аймақта орын алуы мүмкін зілзала зардаптарын жоюға бағытталды.

Еліміздің бір өңірінде жер қатты сілкінген жағдайда көмекке аттанатын, 121 қызмет пен 2543 адамнан және 579 техникадан тұратын азаматтық қорғаныс күштері Астана қаласында да құрылған. Оның ішіне медициналық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік, барлау, өртке қарсы, құтқару, инженерлік қызметтер кіреді. Сонымен қатар, тез әрекет ететін жедел топ жасақталған. Республикалық штабтық оқу жаттығуларына Астанадан осы топтағы 28 адам арнаулы 7 техникамен қатысып қайтты.

Өңірлерден келгендер Өскемен қаласының Меновное селосындағы арнайы лагерьге орналасты. Сол жерге шатырлар тігіліп, байланыс құралдары орнатылды. Қаланың картасы сызылып, онда зілзаладан зардап шегуі ықтимал аудандар белгіленді. Елордалық топты Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Мейрам Ысқақов пен оның орынбасары, полковник Ибрагим Құлшымбаев басқарды. Оқу-жаттығу барысымен Ішкі істер вице-министрі Владимир Божко танысып, тиісті нұсқаулар берді.

Жалпы саны 325 мыңнан астам тұрғыны бар Өскемен қаласы 7 балдық және одан жоғары сейсмикалық аймаққа жатады. Мұны Индус­трия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті 2006 жылы анықтаған.

IMG_6727

CҮБЕЛІ СӨЗ

Мейрам ЫСҚАҚОВ,  Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

– Жер сілкінісі орын алған жағдайда қайғылы оқиға орнына ең алдымен медициналық қызметті ұшақпен жедел жеткізу керектігін анықтадық. Екіншіден, бұл іске құтқарушылар мен инженерлік техника да қажет. Астанадан келетін негізгі қызметтер осылар болуы керек. Әрине, жедел топ құрамына тәртіп сақшылары мен ішкі әскердің жасақтары да кіргені жөн. Зілзаланың орын алу мезгілін де есепке алмасақ болмайды. Яғни, оның күндіз не түнде болуы адам шығынына әсер етпей қоймайды. Сондықтан, «жаман айтпай, жақсы жоқ». Бәріне де дайын болуымыз керек.

Жеті балдық жер сілкінісі орын алған жағдайда зардап шеккен қала тұрғындары облыстың Глубокий және Ұлан аудандарына көшіріледі. Олардың жалпы саны 120 мыңға жетіп қалуы мүмкін. Жеті мыңға жуық көп пәтерлі және жеке сектор үйлеріне түрлі нұқсандар келуі ықтимал. Жалпы, Өскеменде 1645 көп пәтерлі, 21475 жер үй бар екен. Мамандардың айтуынша, 1990 жылдан кейін салынған үйлерге зілзаладан келетін қауіп жоқ. Себебі, олардың құрылысы жүргізілгенде сейсмикалық жағдайға төтеп беруі ескерілген.

Осының бәрін назарға алғанда, зілзаладан қала тұрғындарының 11 пайызы ғана айтарлықтай зардап шегуі мүмкін. Соның ішінде адам шығынының саны 3257-ге жетеді деп болжануда.

Әрине, адамдарды қирандылардың арасынан тауып, дәрігерлік көмек көрсету, қаланы жарықпен, сумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру жұмыстары да атқарылады. Астанадан жететін топқа да негізінен осы істер жүктелді. Оқу-жаттығу барысында анықталғандай, бұл жұмыстарды атқаруға елордадан 400 адам келсе жеткілікті болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button