Басты ақпаратЖаңалықтар

Табиғи ресурстар басқармасы және арнайы комиссия өкілдері елордада арнайы рейд өткізді

Комиссия Бауыржан Момышұлы даңғылындағы 15/3 үйдің тұрғындарының шағымы бойынша атқа қонған еді.

пцу1пвы1

Астана қаласы Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Астана Эко-Полигон НС» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызметкерлері мен тәртіп сақшыларынан құралған комиссия өкілдері елордада арнайы рейд ұйымдастырды.

Бұл жолы комиссия Бауыржан Момышұлы даңғылындағы 15/3 үйдің тұрғындарының шағымы бойынша атқа қонған еді. Бұл үйдің артқы жағында үлкен құрылыс орны бар екен. Тереңдігі екі қабатты тұрғын үйдің биіктігіне жақындайтын үлкен шұңқырдың аумағы ат шаптырым жерді алады. Біраздан бері тоқтап қалған құрылыс алаңы қоршалмаған. Ашық-шашық жатыр. Айналасын күл-қоқыс жайлап кеткен. Шұңқырдың кейбір жерлеріне күл-қоқыс тола бастаған.

Тұрғындар әкімдікке жолдаған шағымында «тура Астананың ортасында ат шаптырым құрылыс аумағы үйіміздің сиқын алып тұр, үйіміздің маңына жақындаудың өзі бір мұң» деген екен. Айтса айтқандай, күл-қоқыстан бөлек, көптен қараусыз жатқан техника түрлері де айналаның берекетін кетіріп тұрғандай. Көптен тұрып қалған сақалды құрылыстың әу баста тиісті талаптары сақталмаған. Қала ортасындағы үлкен қорқынышты апанға түнгі мезгілде келе жатып түсіп кетуіңіз де ғажап емес.

«Құрылыс жұмыстары басталмас бұрын оның айналасы қоршалуы тиіс еді. Басқа да қауіпсіздік талаптары сақталуы керек болатын. Құрылысшы компания басшыларын дәл қазір табу мүмкін емес. Сондықтан бұл жайды Құрылыс басқармасына мәлімдеп, тиісті шара қабылдауын сұраймыз», – деп түсіндірді бізге «Астана Эко-Полигон НС» МКК директорының орынбасары Дулат Өскембаев.

Бұдан соң арнайы комиссия Алаш тас жолы бойындағы «Алаш» көтерме сауда орталығына барды. Орталық базар маңындағы бұл сауда орны үлкен аумақты алып жатыр. Дәл осы жерге еліміздің әртүрлі аймағынан, басқа да алыс-жақын жерлерден үлкен жүк көліктерінің керуені келеді. Сондықтан сауда орнының ішкі аумағында да сауда-саттық қызып жатады.

Осы базардың артқы жағында екі-үш үйдің орнын қамтитын шұңқырлау жер бар екен. Бір кезде құрылыс жүргізу үшін қазған болуы керек, кейін осылай аяқсыз қалып қойған сияқты. Үлкен аумақты алып жатқан шұңқырдың іші суға толып, борсып кеткен. Сасық иісі қолқаны қабады. Мұндай жерге әркімнің қоқыс қалдығын лақтыра беретіні түсінікті. Соның дәл жанында азық-түліктің неше түрі сатылады. Комиссия мүшелері «Алаш» көтерме сауда орталығының басшылығын шақырып, санитарлық және басқа да талаптардың өрескел бұзылып жатқанын жақсылап түсіндірді.

«Біздің мақсатымыз – сіздерді бірден жазалау емес, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тәртіпке шақыру. Қала тазалығын қалыпты ұстау үшін сіздер сияқты жеке жерге иелік ететін адамдардың да бұған жанашырлығы керек. Сондықтан, сіздерден бұл арадағы тазалықты он күн ішінде ретке келтіруді сұраймын. Азық-түлік сатылатын жер мұндай лас болмауы керек. Бүгіннен бастап бұл жағдайды тәртіп сақшылары қадағалап отырады. Егер тазалық жөнге келмесе, тиісті әкімшілік жазалар қолданылады. Үлкен мөлшерде айыппұл өндіріледі. Бұл сіздерге де оңай тимейді. Сондықтан, мұны аяқсыз қалдырмаңыздар», – деп ескертті мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын өкілі.

 

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button