Мәдениет

ТАБЫЛТАНУ

IMG_8726

Жазушылық таланты мен шығармашылығының өріс-аясы тұрғысынан келгенде, Табыл Бекқазыұлы Құлыяс­тың бүгінгі сөз сарбаздары арасында кеңінен танымалдығын әрі өзіндік қолтаңбасы берік ор­ныққан бірегей қаламгер екендігін мақтанышпен мәлімдеуге болады.

Табыл Құлыяс 1935 жылдың жел­тоқсанында Ақтөбенің Ойыл ауданында, Жетікөл жерінде туған.  Кезінде комсомолдық жолдамамен тың игеруге қатысқан, Ойылдың аудан­дық газетінде еңбек жолын бас­таған. Ұзақ жылдар бойы Қазақ радио­сының Торғай өңіріндегі мен­шікті тілшісі болып істеген. Соңғы 20-шақты жылдан бері Астанада тұрады.

Табыл талантының көпке танылуы – бойдағы қаламгерлік қабілеттің әдеттегі сиректеу кездесетін қай­на­рының көзі ашылуында. Ол қалам ұстаған қауымның бәрі бірдей ба­тылдық көрсете бермейтін сатира сала­сына, соның ішінде фельетон жанрына бейімділігімен байланысты болды. Осы бейімділік бара-бара сатираға деген бейілділікке ауысты. Сөйтіп, бүгінде ол әдебиеттің осынау күрделі саласына адалдығынан айнымаған сары тіс сатирашы мәр­тебесіне жетті. Табыл Құлыястың қаламгерлік қарымын білдіретін еңбектері ретінде қабылданған өт­кен кезеңдерде шыққан «Кесілген бұрым», «Жалмауыз», «Сауда сақал сипағанша», «Қоңыраулы күлкіграмма», «Ши оқ», «Қара терең», «Ақмылтық», «Жегі» кітап­тары, «Тажал», «Үрей» хикаяттары алдымен сатиралық сипаттарымен дараланады. 2012-2013 жылдары  жарық көрген «Жыланның тілі» (сатиралық роман және әңгімелер), «Миға қойылған бомба» (таңдамалы шығармалар) кітаптары да  байырғы сатирашының белгілі қаламының берекелі жемістері болып табылады.

Жұртшылық Табылды санаулы сары тіс сатириктердің бірі ретінде танып, бағалайды. Кеңестік кезеңде Қазақ телевизиясындағы Табыл Құлыяс алғаш тізгінін ұстаған «Жебе» сати­ралық тележурналының даңқы әлі өше қойған жоқ. Ақмола облыстық телевизиясындағы «Бұғалық» сати­ралық тележурналының, Астана қалалық газетіндегі «Қалақай» мүйі­­сінің авторы да Табыл Құлыяс бол­ған еді. Тегінде, қаламгерге қа­тысты алғанда, адам сатирик болып қалыптасады дегеннен гөрі, сати­рик болып туады деген дұрыс сөз шығар. Табылды танитын, шығар­машы­лығын білетін адамдар оның жазу­шылық табиғатына соңғы сөздер­дің сәйкес келетініне таласпаса керек.

Ілгеріде зерттелгендей, сати­ра­ның фельетон жанрына жақындасу, оған өзіндік қолтаңбамен ену және жемісті шығармашылықпен сіңісіп кету – оңай іс емес. Бұл қаламгер талантына тиесілі көптеген көркемдік элементтерге тәуелді. Жүгірте айт­қанның өзінде, фельетоншының тақырыпты таңдауы, ой-санада сарап­талған құбылысты, оқиғаны, фактіні және т.б. осындай нақты материалдарды сын-сықақ тілімен бейнелі сөйлете білуі көп әрі ұдайы ізденіске бағынады. Фельетон жанры өзгеше өркендеген кешегі кеңестік заманда автордың қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары тұрғанын, фельетон жазу оңай бол­мағанын да еске сала өткен ар­тық болмас. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ сатирасының білгір тео­­ре­тигі, көрнекті ғалым Темірбек Қо­жакеевтің ондаған ғылыми-зерттеу еңбектерінде Табыл Құлыястың 19 фельетоны туралы толымды пі­кірлер айтылғаны, жан-жақты тал­данып сарапталғаны, мәселен, «…шығармасының тақырыптық аясы кең, сатира алаңындағы ойы құнарлы. Қоғамдағы былықтың оқыс тұсынан шүйлігеді.  Дерегі нық, шындығы шырайлы» деп атап көрсетілгені оның тұтастай фельетоншылық қызметіне берілген елеулі баға екені сөзсіз.

Табыл Құлыястың сатиралық әң­гімелері – шығармашылығының толымды һәм өнімді саласы. Мысалы,  «Жыланның тілі» жинағына осы аттас романнан басқа, елуге жуық тектес шығармалары жинақталған. Әңгімелерінің «Имандай ұйытқан қулық», «Құйын ішіндегі жын», «Келдің бе, ажал?», «Иттің де иті бар», «Жебір сиырдың құны», «Жалмауыз»… т.б. деп жалғасатын бас тақырыптарының өзі-ақ әр шығарманың шырай-болмысын алдын ала аңғартып тұрады.

Бірер әңгімесіне аялдай өтейік. Мысалы, «Миға қойылған бомба». Былай қарағанда, «миға бомба қойылуы» әдеттегі түсінікке жат, көзге елестете алмайтын сурет. Автор шығармаларының ерекшелігі де осында. Оның әңгімелері белгілі бір сюжетті сақтамайды, көбіне екі адамның сұхбаты (жазушының Қымыры мен Тымыры арқылы) үлгісінде әлеуметтік кеселдің мәнін ашу тұрғысында жазылады. Осы әңгімесінде де жазушы өз сөзімен айтқанда, «арамдықты білмейтін, аңқау жастардың миына жегіқұрт боп түсетін» дінбұзарлықты, сананы улаушылықты сынайды.

Ал «Кесілген бұрым» әңгімесінде отбасына ылаң салған Жылқыбай есімді кейіпкерінің осылған «ойынын» баяндайды. «Құйын ішіндегі жын» әңгімесінің кейіпкері – ел ішінде тұратын Ешкібас есімді ерте туып, кеш қалған жарықтық. Ол – «ғылымдағы жұлдызым қашан жарқырайды» деп армандаумен жүрген жан. Қаламгер елеулі қам­қорлық болмаған соң «миында ойлылық сықап тұрған» жастар­дың шетел асатынын, ал ғалымның ғылыммен айналысуға құлқы жоқ екенін осылай сездіріп өтеді.

«Тісің қышымасын» әңгімесінде былай толғаныпты: «…Жасың ұлғайғасын көңілің де кіршіл. Біреу дүрдиіп кіжінсе, тіс қайрайтын әдетің қалған. Ажалдың үш белгісі жолын салған. Шашың ағарды, бетіңе әжім орнықты, кіршіктей аппақ тісіңнен айырылдың, Тісің болмағасын күшің жоқ». Сөйтіп, жазушы «со­циа­лизм­нің бейнеткерлері мен ка­пита­лизмнің зейнеткерлеріне» тегін тіс салдыру ісіндегі әлеуметтік сала қызметінің немкеттілеу ниетін сынға алды.

Табыл Құлыяс 2013 жылы шыққан кезекті кітабын  жоғарыда сөз болған әңгімесінің атауымен орайластырып, «Миға қойылған бомба» деп атады. Дәстүрдегіше етене екі кейіпкердің (Қымыр-Тымыр) өзара әңгімесі ар­қылы баяндау тәсіліне бейімделген жазушы қаламы бұдан әрі өмірден ойып алынған нақты жағымсыз кө­ріністерді суреттей отырып, әрбір әрекеттің әлеуметтік астарын, себеп-салдарын ашуға тырысады. Тектес жағдаяттарды топтастырып тізбелей келе, бұлардың әрқайсысына Қымыр мен Тымырдың диалогына сүйеніп, солардың көзімен баға береді және осы арқылы қандай жағдайда да адам боп қалудың қиын жолдары туралы толғанады. Көздеулі түпкі нәтиже де осыдан көрінеді: автор оқырманды ойлануға шақырады; жамандық жолына түсуден сақтандырады. Осы ретте көрнекті жазушы, марқұм Дүкенбай Досжанның Табыл Құлыястың сатиралық еңбектерінің ерекшелігі туралы бұдан бұрынырақта айтқан «күлкіні кісі мінезінен іздейді»; «қоғамның келеңсіз қасиеттерін әркім өзгеден емес, өз бойынан, өзінің жан сарайынан іздесе, құба-құп болар еді деп пәтуа айтады» деген пікірлері түйінді ойға тиянақ болатыны сөзсіз.

Тарихи тақырып, соның ішінде кеңестік сыңаржақ саясат тудырған ақсирақ аштық, жаппай қуғын-сүргін, жаһандық соғыс тұтқындарын қу­ғындау сияқты нәубеттің мұрағат деректерімен айтылатын ақиқаты жазушының соңғы жылдардағы шығармашылығының айнымас ар­қауына айналды. Әсіресе, қоғамның «қамқорлығымен» заманның зұл­матына ілінген адамдар тағдыры және сол дәуір оқиғаларының тарих топырағы астында қалған ащы шындығын «Қан жоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу» атты үш кітабында жан-жақты бейнеледі. Аса көрнекті халық жазушысы Әбіш Кекілбайдың жазуынша, «жазушы Табыл Құлыястың «Қан жоса ғасыр» шығармасы – әдеби тәсілдің жаңа қырымен көркем жазылып, бұрын-соңды оқушыларға белгісіз болған деректерді мәлім етуімен құнды» және бұл «өлгенімізді тірілтіп, өш­кенімізді жандыруға, тәуелсіздікті құрметтей білуге аз да болса үлес қосатын туынды».

Аталған үш кітаптың ішінен, мысалы, «Қан кешуге» тоқтала өткенде, мұның ортақ тақырыпты өрбітетін 45 деректі хикаятты жинақтаған жұмыр да шымыр еңбек екенін айтқан жөн. Сонымен бірге, бұл – оқиғасы ойдан шығарылмаған, өмірде нақты болған адамдардың қиын-қыстау кезеңдегі қилы-қилы тағдыры туралы тағылым кітабы; «ошақ оты сөніп, ортасына түскен бес шаңырақтан жалғыз қалған» жазушы Табылдың тірнекті тіршілікте басынан кешкен оқиғалары, көзі көрген жағдайлары, сұхбаттасып, сырласқан адамдар жайында жайып салған жан сыры; кеңестік кезеңде талайсыз тағдырдың  тезіне түскен қазақ баласының халі мен жанының арпалысы.

…Тәркілеуге түсіп, соңына «Күндерім-ай» деген өкінішке толы зарлы әнін қалдырып дүниеден өткен Дәукен байдың артында қалған ұр­пағы да шет қақпай көзтүрткінің, арып-ашу мен азып-тозудың аранды жолынан өтеді. Соның бірі – «жеті жасында бұта түбінде аштан бұралып жатқан, қайырымды бір қазақтың жетектеуімен балалар үйіне тап­сырылған», сөйтіп жетімдер арасында жетілген Зәбит Ғұсманов соғыс жылдарында гвардиялық миномет батареясының командирі болып, көзсіз ерліктің үлгісін көр­сетеді. Сирек берілетін Александр Невский орденінен бастап, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, басқа да қаһармандық медальдарымен бірнеше мәрте марапатталады. («Катюшаның» командирі»). Соғыстан соң Ойыл сынды аңсаумен өткен атамекеніне оралып, кешегі ата-бабаны, әке-шешені еске алса, қан майданда қаймықпаған жауынгер жүрегі зар шегіп, көкірегі қарс айырылғандай болады; Содан соң:

Атамекен, армысың, болған ырыс,

Жерің жайлы, көлеңкең екен тыныс

Көрейін деп өзіңді атақоныс,

Әдейі іздеп келдім етіп жұмыс, – деп жыр төгеді.

…Астрахан қаласында тұрған Сәрсенғали Медетұлы ірі бай­лардың бірі ретінде тәркілеуге ұшы­райды. Әйелі Рахима төрт баласын жетектеп, Қаратөбе өңіріне жер аударылып кете барады. Бұдан кейін Қызылордаға, одан әрі Аягөзге айдалады. Сөйтіп, бір кездегі дәулеті шалқыған, сүттей ұйыған шаңырақтың шаттығы үзіледі… Сәрсенғалидың бір қызы Зұлфат 1941 жылы Ақбұлақтың педагогикалық училищесін бітірсе де, жұмыс таба алмай, бір мекемеде еден жуып жүреді екен. Соғыс басталысымен майданға сұранып, Ульяновскінің авиация училищесінің байланыс бөліміне оқуға түседі. Оны бітіріп, кіші сержант атанып, Мәскеу түбіндегі соғысқа аттанады («Жастығым қайда, жарқыным?»). Зұлфат жеңісті Брно қаласында қарсы алады. Ақбұлақтан майданға аттанған қара көз, қолаң шаш қазақ қызы 1945 жылы күзде елге оралады, өзі сияқты отбасы қуғын-сүргінге ұшыраған тағдырлас-майдангер Зәбит Ғұсмановпен отау құрады. Босағасы құтты болып, үбірлі-шүбірлі шаңыраққа айналады… Осы ретте, уақыт өте келе, дүниенің көбі кетіп, азы қалғанын сезінген ерлі-зайыпты екеудің «жастығым қайда, жарқыным?» деп заманға сауал тастауы шығарма мақсатын да, авторлық  ұстанымды да айқындай ашады.

Кітаптағы өзара сабақтас бір-екі хикаят қана шерткен сыр бұл. Ал «Қан кешу» кітабының әр тақырыбы осылайша өткен шақтың тереңіне тартып, адам мен қоғамға сабақ болатын оқиға-жәйттерді байыпты таразылайды
талай боздақтың есімін тірілтеді.

2009 жылы Табыл Құлыястың белгілі жазушы Жиенғали Тілеп­бергеновтің өміріне арнаған «Аңыз ізімен» романы жарық көрді. Өмірден ертерек өткен жер­лес қаламгердің есімі мен ісін әспеттеу орайында дүниеге келген жаңа көркем шығарманың басты сипаттары неде дегенде, алдымен осы  кітапқа алғы сөз жазған белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы мына сөздеріне жүгінген жөн секілді: «Жазушы тек қана Жиенғали өмір сүрген кесапаты мол ортаны бей­нелеуді мақсат тұтпаған. Жиен­ғали шығармашылығы – қандауыр­дың қылпып тұрған жүзі. Сол арқы­лы ұтымды әдіс (шендестіру тәсілі) таңдай білген жазушы бүгінгі қоғам­ның, ұлт тағдырына қатысы бар өткен заманның іріңдеп, жарылайын деп тұрған мерездерін аяусыз тіледі».

Аз ғұмырында айтарлықтай іс тын­дырған Жиенғали туралы көркем шығарманың тууы – құптарлық іс, әрине. Көркем шындықтың өмір шындығынан өрілгені және сүйінішті. Темір қаласындағы америкалық жұ­мысшы-революционерлер Сакко мен Ванцетти атына қойылған көшедегі
33-үй Жиенғалидің бұ дүниедегі ең соңғы мекен-тұрағы болды. Әдетте жолсыз жазаға ұшырады деп саналатын осы екі жұмысшының есімі әлемде заңсыздық пен қуғын-сүргіннің символы ретінде бағала­натыны да белгілі. Темірдегі  Жиен­ғалидің  сол  құттыхана мекенінде кейін роман авторы да тұр­ған екен. Бұл кездейсоқтық па, әлде заңдылық па? Қалай болғанда, Табыл Құлыястың Жиенғалидің көркем  бейнесін зерделеуге ден қоюының осылай іштей қабысып жатқан жіпсіз байланысы да бар екенін айтпай өте алмаймыз.

Кейіпкер тұлғасын сомдаудың өзіндік жолын, яки жоғарыда ай­тыл­ғандай, шендестіру әдісін таң­даған туындыгер Жиенғали шығар­маларының ізімен жүреді; ол жаз­ған оқиғалар мен құбылыстарды зерделейді; бұларды бүгінгі күннің көрінісімен шендестіреді. Кезінде Жиенғали қаламы қоғамдағы кейбір теріс құбылыстардың адамға әсер етуін, оны болдырмау және жою әрекеттерін қалай бейнелесе, Табыл Құлыяс соны сараптай отырып, бұлардың қазіргі заманнан  байқалатын сарқыншақтарын сынайды. Сонымен бірге, Жиенғали заманындағы зерделі ойдың заманауи сарынын ұлттық таным-түсінікке, ел бірлігіне, халық тарихына байланыстыра баяндайды. Жиенғалидің рухани қызметін, шығармашылық-ағартушылық ұстанымын «ұрпақты ойға кенелту олжасы» бағытында өрбітеді. Романда қазақ халқы ХХ ғасырда бас­тан кешірген күрделі оқиғалар, ел есінде жүрген елеулі тұлғалар, ескіден қалған есті сөздер, бәрі-бәрі жазушы Жиенғалидің жан-дүниесі арқылы  сараланып, талданып, бағаланады. Сонымен бірге, осы шығармадан Табылдың «жырдай төгілген әуендері» арқылы Жиенғалидің жұрт көңілінде қалған жазу мәнерін де елестете аламыз.

Жазушының соңғы жылдардағы ізденісті еңбегінің ізетті жемісі – ХVI-ХVII ғасырларда өмір сүрген қазақтың атақты қаһарман жырауы жайындағы «Жиембет батыр» роман-эссесін жаңалықты дүние деу­ге болады. Бұған дейін өмір-ғұмыры көпшілікке жете таныс емес тарихи тұлғаның белгісіз болмыс-бітімін көркем тілмен сомдау жолындағы жазушының әдеби әрекет-талабы сәтті шыққанын алдын ала айта кетсек, артықтық етпес-ті.

Әлбетте, тарихта еңсегей бойлы ер Есім атанған ханның Кіші жүз жеріндегі ең беделді бас биі саналған Жиембет жырау Бортоғашұлының ел жүрегінде қалған қайраткерлік кезеңдерін, яки нақты шындықты көркемдікпен кестелеудің оңай іс болмағаны анық. Жиембет жыраудың толғаулары әдебиет тарихына Есім хан заманының шежіресі ретінде енетіні белгілі. Соған орай автор, мысалы, Жиембеттің:

Есім, сені есірткен,

Есіл де менің кеңесім.

Ел білгеннен Есім хан,

Қолыңда болдым сүйесін,

Қолтығыңа болдым демесін.

Ертеңгі күн болғанда,

Елің кеңес құрғанда,

Айналып ақыл табарға,

Есіктегі ебесін;

Сонда ханым не десін?!..-

деп келетін  жырларын және т.б. осындай рухи дүниелерін сәтімен сипаттай келе, айтулы жырау тұлғасын белгілі бір тарихи тартыстар аясында ашып, танытады. Шығармада Жиембеттің өмірі, оның жан-жақты қабілеті, сан қырлы қайраткерлігі мен жеңімпаз батырлығы кеңінен көрсетіледі. Бұл шығарма көркемдік қуатымен бірге, қатпарлы қазақ тарихын қастерлеуге және ұрпақты зердеден көше бастаған арыстар тағдырымен таныстыруға қызмет ететін ерекшелігімен де құнды.

Сонымен, жазушы Табыл Құлыяс турасындағы айтылмыш сөзімізді аяқтай келгенде, «Егемен Қазақстан» газетінің жазушы-сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлдесінің жеңімпазы, мәдениет қайраткері, амандық болса, алдағы жылы салиқалы сексен жастың табалдырығынан аттағалы тұрған (өзі айтқандай, «жиын-терін кезінде дүниеге келген») қария қаламгердің шығармашылығы «Табылтану» деген тағылым пәні ретінде жас оқырмандардың зейінін аударып, әдебиет сүйермендерінің көңілінен шығатынына әрі көркемсөз бен көсемсөздің керуенін көркейте түсетініне бек үміттіміз; және белгілі Ертай ақын Ашықбаев бейнелеп жаз­ған «мұқалмаудың, ізгі мұраттарды әлдилеудің өнегесі болып» келе жатқан жазушы тұлғасының бұдан да кеңірек зерделенуіне бейілміз һәм Табыл Құлыястың туындыларын шын мәнінде зерелі шығар­ма­шылықтың жемістері деп бағалауға бейімдестік білдіреміз.

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымдарының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button