Басты ақпаратМәселе

Табысқа баға сай болмай тұр

Статистикаға жүгінсек, тек кейінгі тоғыз айдың өзінде ғана Астанаға алпыс мыңға тарта адам қоныс аударыпты. Рас, еліміздің басқа аймақтарына қарағанда мұнда «екі қолға бір күрек» табуға болады. Бірақ халықтың сол тапқан аздаған тиын-тебенін инфляция мен қымбатшылық жеп қойып жатыр. Мұны таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы да атап көрсетті.

Көңіл көншітпес сандар

Рас, бұл алқалы басқосуда Президент ешкімді жазалаған жоқ. Бірақ жағдай түзелмейтін болса, жаңа жылдан кейін жұмысында дәрменсіздік танытатын кейбір шенеуніктердің қызметімен қоштасатынын айқын ұғындырды. Өйткені жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 4,6-дан 2,7 пайызға дейін құлдыраған. Инфляция кейінгі 14 жылда болмаған шамаға шарықтап, 19,6 пайызға жетіп отыр.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов: «Министрлер кабинеті нақты шешімдер қабылдап жатыр. Ұлттық қорға түсетін ақшаның көлемі өседі» деп, ал Ұлттық банк төрағасы Ғалым­жан Пирматов «алдымыздағы жылы инфляция 11-13 пайызға дейін төмендейді» деп көңіл жұбатқанмен, бұл сөздер Мемлекет басшысын онша қанағаттандыра қоймады.

– Азық-түлік инфляциясы 24 пайыз­дан асып кетті. Халықтың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар. Негізгі құжат – халық табысын арттыру бағдарламасы. Осы құжатты қазіргі жағдаймен сәйкестендірген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Жыл қорытындысы бойынша ­экономиканың өсімі 4,6-дан 2,7 ­пайызға дейін құлдыраған. Инфляция кейінгі 14 жылда болмаған шамаға шарықтап, 19,6 пайызға жетіп отыр

Күнделікті өмірден көріп отыр­ғанымыздай, супермаркеттер мен базарларда азық-түлік бағасы апта сайын емес, күн сайын өсіп отыр. Оны біз сөйлескен қала тұрғындарының өзі растайды. «Аян» супермаркетінен сауда жасаушы қала тұрғыны Әлібек Ермеков өзінің нан, сүт, 2 келі құмшекер, 2 келі күріш, рожки сияқты күнделікті азық-түлігіне 7-8 мың теңге төлегенін айтса, «Магнум» супермаркетінде Гүлсім Мұратова «1-2 келі сиыр еті мен 30 дана жұмыртқа, наны мен сүті, қантына 10 мың теңге төледім» деп мұңайып тұр. Өйткені олар екеуі де зейнеткер екен. Ай сайынғы зейнетақысы 110-120 мың теңге шамасында. Оның 50-60 мыңын азық-түлікке берсе, дәрі-дәрмегі, коммуналдық және басқа да қызметтері бар, барлығына тағы 50-60 мың кетеді. Сонда келесі айға қарызданып, әрең жететін көрінеді.

Күнкөріс деңгейі де мәз емес

Жақында Бүкіләлемдік банк «Қазақстан халқының 15,5 пайызы қазір кедейшілікте өмір сүруде» деген мәлімет келтірді. Алайда ресми статистика «ел халқының тек 7-8 пайызының ғана тұрмыс деңгейі төмен» дегенді айтады.

Биылғы қазан айындағы мәлімет бойынша ең төмен күнкөріс деңгейі Қазақстанда 48121 теңге көлемінде белгіленді. Ол долларға шаққанда 103 долларды құрайды екен. Ал оны 31 күнге бөлсеңіз, 3,2 доллар немесе күніне 1550 теңгеден шығады. Мұндай ақшаға адамның толыққанды өмір сүруі мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті.

Оның үстіне бір бүйірден инфляция қысып тұрғанын жоғарыда айттық. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пирматов ақшаның құнсыздану себептеріне тоқтала келіп, «бұған әсіресе геосаяси мәселелердің әсері мол» деген қорытынды жасады.

«Мойындау керек, Астана қаласы мен Ақмола, Ұлытау, Маңғыстау, Қарағанды облыстарында инфляция деңгейі республикалық деңгейден жоғары болып отыр» деді. Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы инфляцияны тізгіндеуге кедергі келтіріп отырған факторлардың қатарында сыртқы ақша айналымының, тауарларды жеткізудегі логистикалық, яғни делдалдық тізбектің, сонымен қатар несие берудің ауқымын атады.

Кредитке кіріптарлық

Айтқандай, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеуметтік несие беруді азайту жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Бүгінде берілген кредит көлемі 500 миллиард теңгеден асып кетіпті. Миллиондаған адам оны өтей алмай, басы қатуда. Тіпті кейбірі амалдың жоғынан бұрынғы кредиттерін жабу үшін басқа банктен қайтадан кредит алып, қарызға одан сайын белшесінен батуда.

– 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» заң күшіне енуге тиіс. Сонымен қатар кепілсіз онлайн-микрокредиттеуді қатаң реттеу қажет. Кейбір елдерде оған толықтай тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеген жөн, – деді Президент.

Экономист-сарапшы Жұмағазы Кенжебеков «қазақстандықтардың жаппай несие алуының өзінде әлеуметтік қиындықтар жатқанын аңғаруға болады» дейді. «Баспанаға қол жеткізу, көлік алу үшін несие рәсімдейтіндерді түсінуге болады. Ал бұрынғы кредитін жабу үшін немесе азық-түлік сатып алуға ақша жеткізе алмай несие алатындардың жағдайы Үкіметті ойландыру керек» деп отыр сарапшы.

Наурыз айында жүргізілген сауал­нама тұрғындардың 7 пайызы азық-түлікке, 19 пайызы киетін киіміне қаражат жеткізе алмай қиналатынын айтқан. Бұған қоса, экономистің пікірінше, ел халқының 26 пайызының табысы қалыпты өмір сүруге жетпейтін көрінеді. Содан келіп банктерден жаппай кепілсіз тұтынушылық кредит алу жағдайы туындап отыр.

Еліміздегі Отбасы қорының мәліметіне сүйенсек, айына 120-240 мың теңге табысы бар отбасылар 30 пайыз, ал 240-480 мың теңгеге дейін табыс табатын отбасылар 22 пайыз көрінеді. Орта есеппен әр жанұяда төрт адам деп есептесек, әр адамға 56 мың теңгеден табыс келетін көрінеді. Осы ақшаға бір ай өмір сүру мүмкін бе? «Жоқ, мүмкін емес» дейді көптеген ата-ана. Сондықтан олар, амал жоқ, несиеге жүгінеді. Әсіресе ата-аналар несиені тамыз-қыркүйек айында балаларын мектепке дайындау барысында молырақ алады екен.

Қазіргі қымбатшылық пен ақшаның құнсыздануын Үкімет жаңа жылда да тізгіндей алмайтыны көрініп қалды. Сондықтан оңды-солды шағын кредит алуды тоқтатқан кезде бірді-бірге қоса алмай пұшайман болған қоғамның аз қамтылған бөлігіне қолдау көрсетуге немесе олардың табысын өсіруге мүмкіндік бола ма?

– Рас, жаңа заң күшіне енгелі жатыр. Бұрын кредит алып, өтей алмай жүргендерді мемлекет жеке тұлғаның банкроттығына байланысты қарызын кешіруі мүмкін. Бірақ оларға енді қайтып ешқандай несие берілмейді. Алайда мұндай қиындықтан шығудың басқа жолы қарастырылуы керек, – дейді экономист-сарапшы Жұмағазы Жанбекұлы.

P.S: Халықтың жаппай несиеге тәуелді болуына мардымсыз табыс, бағаның өсуі мен ақшаның құнсыздануы себеп болуда. Мұны Мемлекет басшысы да, Үкімет те түсініп отыр. Кешегі кеңейтілген алқалы басқосуда Президент шенді шенеуніктерден осы тығырықтан шығу жолын айқындайтын ұсыныстар талап етті. «Әрі ол таяу уақытта жүзеге асуы тиіс» деді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button