Тәлім алар әндер бар
Қазіргі кезде әртүрлі шала-жансар әндер өмірдің де, тікелей эфирдің де төрінен орын алып, қоғамдағы ұлттық мәселелердің оң шешілуіне кері әсерін тигізіп жатыр.
Радио мен теледидардан әндер эфирден берілетін кезде сүзгіден өткізілмейтіні қынжылтады. Десек те Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, белгілі композитор Кентау Назарбектің шығармашылығы осы олқылықтың орнын толтырып келеді. Сөзіміздің дәлелі әрі нақты мысалы ретінде өрелi өнерсүйер қауымның көңілiнен шығып, әлемге кең таралған, Қазақстанда алғашқы болып ата-ананы бiр туындыға қосып жырлаған Кентау Назарбектің «Бір бәйтерек, бір Шынар» атты пәлсапалық тарихи әні. Әннiң жазылып, халыққа жол тартқанына биыл 15 қарашада 33 жыл болады.
Халықтың жүрегінен орын алған әнге құрметпен қарап, ұлттық тәрбиелік мәні зор, ұрпаққа ұлағаты зор осынау керемет өнер туындысына Семей қаласында «Бір бәйтерек, бір Шынар» атты ескерткіш монументi орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді. Еңселі ескерткіш шаңырақ көтерген жас жұбайлар үшін тағзым ететін бiрегей биік нысанға айналары сөзсіз.
Менің бұл ұсынысымды ұрпақ тәрбиесіне, еліміздің ертеңіне бейжай қарамайтын әрбір отандасымыз қолдайды деп сенемін!
БIР БӘЙТЕРЕК, БIР ШЫНАР
Кентау Назарбек
Тебіреніп əн арнадым,
Жалын болып сан арман.
Жан ашырым қос асылым,
Сенен артық таба алман.
ҚАЙЫРМАСЫ:
Бірің ана, бірің əке,
Бір бәйтерек, бір шынар.
Сен шықпаған биіктерге,
Ұл, қызың бар бір шығар.
Арайлы атқан таңым едің,
Шабыт берер сән болып.
Жырым да сен жазатұғын,
Жүрегімде ән болып.
Балаң жетті, келін түсті,
Қызықтадың тойладың.
Жүріңдерші ортамызда,
Шарықтасын ой-жаның
Мәриям ӘЛҒАЛИҚЫЗЫ,
Астана қалалық білім басқармасы стратегиялық жоспарлау бөлімінің бас маманы, бiлiм беру саласының үздігі, өнер жанашыры