Тәрбие негізі – ұлттық құндылық
Биылдан бастап Астана қаласының мектептерінде барлық пәндерге «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Енді мұғалімге баланы оқытып қана қоймай, оған ұлттық тәрбие беру міндеттелді.
Жаңа оқу жылынан бастап Астана қаласында орта білім беру мекемелерінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жаңа мазмұнда оқытылып жатыр. Астана қаласының Білім басқармасы мен Әдістемелік орталығы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында 2024-2025 оқу жылына арналған жаңа жоспарды бекітті.
Бүгінгі таңда барлық ұстаз оқушылардың бойына ұлттық мүддені сіңіре отырып білім беруді бастап кетті. Нақтырақ айтқанда, «Күй күмбірі», «8 минуттық оқу», «Үнемді тұтыну», «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Өнегелі 15 минут» сынды оқыту іс-шаралары күнделікті түрде өткізіледі. Оған қоса, аптаның әр күні «Әдеп күніне», «Денсаулық күніне» және «Ұлттық құндылықтар күніне» арналады.
Жаңа әдістемеге бағытталған жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін тамыз айында қаладағы барлық мектепке оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинарға мектепке дейінгі, орта, кәсіби-техникалық, сонымен қатар қосымша білім беру ұйымдарынан, жеке мектептерден 10 мыңнан аса педагог қатысты. Оларға ұлттық құндылықтарды оқу үдерісіне интеграциялау, жүзеге асыру механизмдері мен алгоритмдері, мұғалімдердің практикалық дағдыларын арттыру, сондай-ақ аймақтық білім беру ұйымдарында бағдарламаны іске асыруды басқару және үйлестіру туралы ақпарат берілді. Қазіргі таңда педагогтар жаңартылған әдіске сүйеніп білім беруді жалғастыруда.
Индира Бержанова