Тәртіпті өзіңнен баста!
Елордадағы Astana IT University қабырғасында «Тәртіпті өзіңнен баста» бастамасы шеңберінде есірткі, киберқылмыс, лудомания профилактикасы, сонымен қатар жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру тақырыбында форум өтті. Іс-шараға аталған оқу орнының студенттері, Қаржы мониторингі агенттігі, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, полиция қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары, жастар арасындағы қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер қатысты.
Елорда әкімінің орынбасары Есет Байкеннің айтуынша, есірткі қылмысы мен қаржы пирамидасының ықпалына түскен жастармен кездесулер барысында олардың көбі сол істері үшін қандай жазалау шаралары болатыны туралы толық білмейтіні анықталған.
– Полиция департаментінің деректеріне сай, биыл елордада интернет-алаяқтық бойынша 4,5 мыңнан астам факті тіркелген, соның кесірінен 3 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Бұл қала экономикасы мен азаматтардың қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді, шұғыл әрі кешенді шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді. Осыған орай, қала әкімдігі халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін профилактикалық іс-шараларды қарқынды түрде жүргізуде. Атап айтқанда, мұндай іс-шараларға бейнероликтер, БАҚ-тағы жарияланымдар, оқу орындары мен мекемелердегі түсіндіру жұмыстары мен дәрістер жатады. Биыл сондай 600-ден астам дәріс өткізілген. Ақпараттық жұмыстарды күшейту мақсатында қалалық «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттері мен басқа да БАҚ беттерінде құқық қорғау органдары өкілдерімен сұхбаттар және мақалалар жарияланып тұрады. Жастардың хабардарлығын арттыру үшін әкімдік «Қаржылық сауаттылық негіздері» атты оқыту курсын әзірледі. Елордадағы 16 ЖОО-да тұрақты түрде семинарлар, кездесулер мен тренингтер ұйымдастырылып тұрады. Халықтың қаржылық сауатын арттыру бойынша жұмыс жалғасын табуда, – деді Есет Байкен.
Қаржы мониторингі агенттігінің ақпаратына сәйкес, ғаламторда биыл 47 қаржы пирамидасы анықталып, сол бойынша әлеуметтік желіде 2 миллионға жуық адам қатысатын 300 жабық чат белгілі болған. Заңсыз айналымнан 300 кг есірткі, 20 кг синтетикалық есірткі тәркіленген. Осындай мәліметтермен қатар форум қатысушыларына қаржы пирамидасын ажыратуға, бірден тануға болатын бірқатар фактор айтылып, көрсетілді.