Басты ақпаратЕл тынысы

Тәуелсіздік – тәтті ұғым

Азаттық деген – асыл сөз, тәуелсіздік деген – тәтті ұғым. Бұл – кешегі күн-түн қатып, еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалардан қалған баһадүр сөз. Біз ғасырлар бойы аңсап, азаттығына қолы жеткен, арман-мұраты ізгілікпен өрілген қазақ деген байтақ елміз, дария көңіл дана халық ұрпағымыз. Міне, сол тұйықтың түндігін ашқан тәуелсіздік – бүгінде халқымыз­ға тәңір сыйлаған құт-берекеге жұғысты болып отырғаны дәуір шындығы. Ал Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні – мемлекетіміздің мызғымас беріктігі мен тұтастығын, татулығы мен шайқалмас шаңырағының биіктігін дәлелдейтін ұлы күн.

Жұмыр жердегі қай халық үшін де азаттықтан асқан ұлы ұғым, тәуелсіздіктен биік тұғыр жоқ. Олай болса Күлтегін бабадан қалған күміс ердей болып жеткен ұлттық тәуелсіздігіміз – біз үшін де қашанда киелі, өте құнды, қашанда мәртебесі жоғары асыл қазына.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкенді-кішілі басқосу жиындарында ел тәуелсіздігінің мәні мен мәртебесі жайлы аз айтып жүрген жоқ. Соның бірі биыл 15 наурызда қасиетті Ақ Жайықтың жағасында өткен Ұлттық құрылтай жиынында тағы да тәуелсіздік туралы орамды ойын ортаға сала келе, «Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз» деген ордалы ойын осылай түйіндеген еді.

Ал бүгінде ұрпағын тербеткен ұлт тәуелсіздігі ұлтымыздың алтын бесігіне айналды. Ұлт тәуелсіздігі көпұлтты халқымыздың ең қастерлі, ең қасиетті, баға жетпес биігіне көтерілді. Өйткені ұлт тәуелсіздігі – бар қазақтың кие қонған Тәңіртауы.

Елдің еңсесін көтерген тәуелсіздік – киелі Алатаудың рухын биіктетті, Сарыарқаның сары даласын гүлдендірді, ару Алтайды асқақтатты, Алты Алаштың тұтқасы болған Түркістан түледі, жер жәннаты Жетісу жадырады, көрікті Көкшені құлпыртты, тарихы терең Тараз ғасырлар қойнауынан жағалы жұртымен табысты, ел бірлігінің ұйытқысы болған Ұлытау мен ордалы Ордабасыны шынар шыңға көтерді, қарт Семей бар қазаққа азап болған ядролық жарылыстардан құтылды, ұмыт болған Сарайшық көненің көзіндей ұрпағымен қауышты, барда болған Баянауылдың базары тарқамады. Осылайша, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды, қазақ халқы асыққанына жетіп, аңсағанын көрді, өткенінің өкінішін жуып, тарихтың қателігін жөнге келтірген ғаламат іс атқарды. Ұлт тарихының жаңа беттерінің жылнамасы жаңа дәуірде тасқа басқан таңбадай жазыла бастады.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні – мемлекетіміздің мызғымас беріктігін, шайқалмас шаңырағының биіктігін дәлелдейтін ұлы күн. Қай халық үшін де азаттықтан артық ұлы ұғым, тәуелсіздіктен биік тұғыр жоқ. Олай болса тәуелсіздік – біз үшін қашанда киелі құндылық. Сондықтан да тәуелсіздікпен бірге тыныстаған біздің егемен еліміз осы артта қалған 33 жылда ішкі және сыртқы саясатымызды, елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті, рухы биік руханият пен қажырлы еңбек үлгісін қалыптастырды. Төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабаларымыздың аманат мұратын қайта жаңғырттық, үзілген жіпті жалғадық.

Ал Алты Алаштың ардақтысы, ұлтының еркіндігін жан дүниесімен аңсаған Әлихан Бөкейханов өз заманында көңілі дархан, мұңы шалқар халқына арнап «Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар» деген екен. Дөңгелеген дүние Алаштың арысы армандаған сол күнді ұрпағына көрсетті.

Міне, осы бергені мол жылдары қазақ халқы – мырза Күннің шуағымен нұрланып, тал бесіктей тербелген тә­уелсіздігінің бетінен қақпай белін буды, қабағын түсірмей маңдайын ашты, табанын ауыртпай қадамын нықтады. Өйткені тәңір сыйлаған тәуелсіздіктің құны терең, бағасы қымбат. Оның ұлы қасиеті де сонда. Бүгінде бес қаруын беліне бекем байлап, бейбітшілік пен ынтымақтың ақ туын көтерген Қазақстан әлем халықтарының назарын өзіне еріксіз қаратып отыр. Оның басында бейбіт өмірді жақтаудың белсенді күрескері атанып, заманауи саясаттың тұтқасына айналып отырған басты қадам ел ішіндегі татулық пен ынтымақтың арқасы екені ақиқат. Өйткені бұл ата-баба үнімен жеткен тәуелсіздік – бұл жеті атасын жете білген текті ұрпақтың ғасырлар бойы күткен еркіндігі.

Біз осылайша өркениет әлеміне егемендігін паш еткен еркін елге айналдық. Артта қалған жылдарда өркендедік, өстік, ұлттық санымыз артып, елін өрге жетелеген мемлекеттің сарабдал саясатының арқасында адымдап алға жүрдік. Шығыстан атар тәуелсіздіктің әрбір шұғылалы таңын тағатсыздана күттік. Енді, міне, сол жас мемлекеттің алдында тәуелсіздік сыйлаған даңғыл да дара жол жатыр. Ол жолдан өту үшін алдымызда алуан асудан асу, кедергілі өткелден өту міндеттері тұр. Ал ғасырлар бойы ұлтымен мәңгі бірге жасасып келе жатқан ғажайып салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың кешегі кеңес өкіметі тұсындағы солақай сая­саттың салдарынан ел болашағына бұғау, ұлт келешегіне кедергі болған жағдайы жасырын емес. Бірақ тә­уелсіздік таңы ұлтымыздың аса бай рухани құндылықтарын ортамызға қайта жаңғыртып әкелді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз сияқты мерекесімен қауышқан халқының қабағы ашылып, күлкісі түзелді.

Біз осындай қастерлі күні – кешегі кеңес заманында атынан ат үркетін Алаш арыстары, халқымыздың боздақ ұлдары, қысқа ғұмырын ел азаттығы үшін қиған Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Жанайдар Сә­дуақасов пен Мұстафа Шоқай сияқты көптеген даналардың есімін еріксіз еске алуымыз керек. Арманда кеткен сол асылдарымыз, еркіндігін емірене жырлаған наркескен тұлғаларымыз көкпен таласқан күмбез көтеріп, көк байрағымызды көкке биіктетіп, аяғына қаз тұрған Қазақ елін, қазақ халқын көре алмай, арманда кетті. Ал бүгінде Қазақстанды төрткүл дүние таныды, оның бүгіні мен ертеңі нұрлы, ұрпағы бақытты боларына ешкім күмән келтіре алмас.

Тәуелсіздік мерекесі аясында тарихымызды таратып, шежіремізді шертіп айтар мезгіл келді. Тегеуріні биік, тепкісі қатты заманда қатары сиреп, қабырғасы қайысқан халқымыз құдіреті күшті ана тілі мен қасиетті дінінен айырылып қала жаздаған сан қилы кезеңді бастан өткізген. Бірақ белі майысса да беті ашық, қиындыққа жолықса да жігері жарқын қазақ халқы – сәулелі ертеңіне, кемел келешегіне деген сенімін жоғалтпаған халық.

Тәуелсіз ғұмыр, тәуелсіздікпен өткен шежірелі 30 жылдан астам мезгіл бүгінгі Қазақстанның жаңа келбетін асқақтатып отыр. Осы жылдарда ел де, мемлекет те, ұлт та жаңғырып, қайта құлпырды. Арқаның қос бұрымындай өрілген ерке Есіл мен қарт Нұраның құйысқан тұсында Алты Алаштың кіндігіне айналған Ақ Ордасы орын тепті. Сарыдала төсінен айшықты «Қазақ елі» монументін қоршаған ғажайып Астана бой көтерді. Түбі бір түрік елінің ынтымағы мен бірлігі орайлы іске айналды.

Бүгінде ұлттық идеяға айналған татулық пен бірлік елімізді мекендейтін түрлі этнос өкілдерінің жүрегінен орын алды. Тілегі бір жұрттың ойы достыққа адал, ынтымаққа ынтызар, қонағына меймандос, жомарт пейіл қазақ халқына деген шынайы, риясыз көңіліне алғысын айтуда. Ал тәуелсіз жас қазақ мемлекетінің тарихы ғасырлар тұңғиығынан бастау алады. Өйткені тәуелсіздік – батырлық пен жігердің, қайсарлық пен бірліктің, жыл құсымен жарысқан тегеурінділіктің жеңісі. Екі тізгін, бір шылбыры қолға тиген тәуелсіз Қазақстан сәулеті мен дәулеті толысқан мына заманда тай жарысынан оза шауып, су жорғадай сырғып, ауыздықпен таласқан аламан бәйгеде өзгеден бұрын жеңіс көмбесінен көрінді. Қиындықтан қиналмай, кедергілерді жеңе білді.

Ұлтты ұйыстырар тәуелсіздік атты дарияның бірнеше рухани көпірі бар. Тіл – бір көпір болса, сенім – бір көпір, ал тарих – алтын көпір. Сондықтан да осы тәуелсіздік жылдарында терең тамырымызға жаңа леп қосылып, сан оқиғалармен бөлінген тарихымызды бүтіндеуге ұмтылдық, тілімізді желдің өтінен алып шықтық, сенімді жүрегімізге серік еттік. Осылайша, сынаптай сыр­ғы­ған жылдар белесінде Ұлы даламызды асқақтаттық, тауларымызды биіктеттік. Өйткені қазақ халқы қай заманда да аяғы тұсаусыз, басы ноқтасыз ел болған. Қойдан қоңыр, жылқыдан торы мінезімен көрші елге көз алартпай, қоңсыға қол жібермей, шошайған мылтық көрмесе шоқпарын бұрын көтермей, зындан қазып, түрме салмаған берекелі де бейбіт күн кешкен халық.

Біз астарлы сөзді тереңнен ұққан, көсемі шешен, шешені би, датқасы дау шешкен, жетімін желеп, жесірін қаңғытпаған ұлы халықтың ұрпағымыз. Біз ата дәстүр жол болған, үлкеннің сөзі жөн болған, алтынды ұнтақ, асылды жұрнақ етпеген халықтың ұрпағымыз. Ал ұрпақтар сабақтастығының жібек жібін үзбей жалғаған Қазақстан бүгінде өркениетке өрлеп, құт-береке тұнған, ырыс-дәулеті шалқыған елге айналып отыр.

Еркін өмір, егемен тұрмыстың иелері бүгінгі ұрпақ, арғы бабалардың аманаты ретінде зарығып жеткен, мерейімізді өсіріп, мәртебемізді өрлеткен, болашақ буын келешек күндердің нәсібіне ұзағынан бұйырар тәуелсіздіктің киесін сыйлап, қадірін білуге, сол арқылы тарих алдындағы, ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді жете сезінуге тиіс. Сондықтан да тарихымызға бойлап, тегімізді іздеп, асылдарымызды аршып, ұлттық санаға шуақ түсіре бастағанымыз үшін ұлт тәуелсіздігіне үздіксіз тағзым етуіміз керек. Ал тәуелсіздіктің қоңыраулы керуенді көшіне сән беретін бірнеше жалпыұлттық қасиетінің де болары хақ. Солардың арасында еңбек дәстүрінің, еңбек құндылықтарының алар орны ерекше. Өйткені егеменді еліміздің әрбір саналы азаматы, оның ішінде көк құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жастарымыз өздерінің адал еңбегімен, шынайы көңілімен, таза пейілімен ғана туған Отанының қарыштап дамуына зор үлес қосады деп есептеймін. Сонда ғана қоғам өркендеп, еңбек пен еңбек адамының мәртебесі артары сөзсіз. Ал ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің осы жылдың 2 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында үштағанды «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына аса үлкен көңіл бөлді. Бұл біздің қоғамды еңбекқорлыққа жетелеудің, отаншылдыққа баулудың алғышарттарының бірегейі деп ұғынғанымыз абзал болар. Өйткені еселі еңбектің тәуелсіз қоғамның дамуына кепіл болары айқын.

Ұлы Конфуцийдің: «Егер адамның жанында тәртіп болса, онда отбасында тәртіп болады. Егер отбасында тәртіп болса, онда мемлекетте тәртіп болады. Егер мемлекетте тәртіп болса, онда әлем де орнында тұрады» деген терең ойы өз мағынасын бүгінде жоғалтқан жоқ. Өйткені қазақ қашанда тәртіптің елі болған. Кешегі алма-ғайып заманда да тәртіп, оның ішінде тағылымды тәртіп ұлтын орға, халқын жарға итермеген. Міне, сондықтан да тәуелсіздік – бастағы бақыттың бағасын байыптай білуге жетелейтін ұлағатты ұғым. Ал сол тәуелсіздікті баянды ету – саналы қоғамның басты мұраты. Сонымен қатар ұлт тәуелсіздігі ұғымын, оның тағылымы мен қастерлі қасиетін жастардың бойына сіңіруге үлкен көңіл бөлуіміз – кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан да татулық пен бірлік, ынтымақ пен өзара келісім ұлт тәуелсіздігінің кепілі екенін ешуақытта естен шығармауымыз қажет. Кешегіні саралап, бүгінгінің баянды ісіне бастау болып отырған ұлтымыздың ұлық мерекесі жарқырай берсін, ағайын!

Қырғызәлі ТІЛЕУОВ,

мемлекеттік қызмет ардагері,

Астана қаласы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button