#Жаңа Қазақстан

Тәуелсіздік – тірегім!

Мен – тәуелсіз елдің ұланымын. Тәуел­сіздік – елімнің баға жетпес байлығы. Еліміз егемендіктің бесігінде тербеліп жатқанына да 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде Қазақстан әлемде жеке-дара дербес ел екенін дәлелдей білді. Шегеленген шекарасы, дәстүрлі діні мен терең тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар зайырлы елге айналды.

1991 жылы 16 желтоқсанда әлем картасында жаңа, жас мемлекет Қазақстан Респуб­ликасы пайда болды. Ержүрек те рухты батыр бабаларымыз болмаса, біз бүгін бейбіт күннің ақ таңын сезіне алар ма едік?! Әріге бармай-ақ, кешегі 1986 жылы желтоқсанда алаңға шыққан айбынды ағалар мен апаларымыз болмаса, азат елдің ақ таңына, осы күнге жетер ме едік?!  Олардың отансүйгіштігі, биік рухы, ұлтқа деген сүйіспеншілігі болмаса бүгінгі жетістіктерімізге жетуіміз екіталай еді. Сондықтан біз ең алдымен, тәуелсіздікке қол жеткізу жолында жанын қиып, қанын төккен ата-баба аманатын қастерлеуге міндеттіміз. Ата-бабалар әруағына мың тағзым!

Бүгін біз ата-баба арман еткен тәуелсіздікке қол жеткізген, алыс, жақын шет елдерде абыройы асқақ, дамушы елдердің қатарында келе жатқан, оңы мен солын ажыратар елге айналдық. Рәміздеріміз сайлаулы, көңіліміз жаздың жайма-шуақ күніндей, желтоқсанның ызғары жүрегімізді бір қарып өткенмен, сол жастардың арқасында тәуелсіздігіміз есік ашқаны көңілге қуаныш ұялатады. «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмін көрген кезде мен шынымен өзімнің бақытты ұрпақ екенімді сездім. Біздің осындай бақытты да, алаңсыз күндеріміз үшін жасаған жанқияр ерліктерін бала жүрегіммен түйсіндім. «Мен жастарға сенемін!» деген Мағжан ақынның сөзін жүрегіммен сезіндім.

Еліміздің болашағы үшін жанын беріп, осы күнді бізге табыстап кеткен боздақтарды ардақтау, азаттықты бағалау, қастерлей білу – әрбір қазақстандық азаматтың парызы.

Сондықтан, тәуелсіздіктің ақ таңы мәңгілік болу үшін әрбір адам өз ісінің маманы болып, білімге ұмтылып, еңбек­қорлықпен елге, жерге деген сүйіспеншілігін танытып, еліміздің ынтымақ, бірлігінің бұзылмауына атсалысуы тиіс.

Мен – жас түлекпін. Абайдың өлеңдерін жатқа оқимын, өзім де өлең жазамын. Республика, қала бойынша өткен оқушылар арасындағы олимпиадалардың, өнер байқауларының жүлдегерімін.

Қостанай облысы Арқалық қаласында дүниеге келген мен жасымнан оқуға, өлең жаттау­ға, мәтін айтуға қызықтым. 10 сыныптан бастап Астанадағы осы Абай мектебінде білім алып жүрмін. Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдап, филолог болғым келеді. Абайдың өлеңдерін жаттауыма педагог бауырларым әсер етті. Қазір мен Абайдың тағылымға толы 165 өлеңін жатқа айта аламын. Еліме ерекше еңбекқорлығым мен білімім арқылы, өнеріммен титтей, теңіздің тамшысындай болса да септігімді тигізіп, жақсы адам, жақсы маман болғым келеді, осылай әрекет етсек қана тәуелсіздігіміз тұғырлы, азаттығымыз айбынды бола бермек!

Ұлпан АРҒЫНБАЕВА,

Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-
гимназияның 11-сынып оқушысы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button