Басты ақпаратБілім

Тәуелсіздіктің тұңғышы

Биыл Астанадағы қазақтың тұңғыш математик-профессоры, қоғам қайраткері Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің ашылғанына – 25 жыл. Бас қаланың алғашқы қазақ мектебі бүгінде қаншама баланың санасына сәуле түсіріп, сауаттылық шырағын жағып келеді.

Астана қаласы елорда мәртебесіне ие болған кездегі Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің қысқаша тарихынан сыр тарт­сақ, көп нәрсеге көзіміз жете түседі. Алғашқы жылы бұл қазақ тілінде, әлде орыс тілінде білім беретін мектеп бола ма деген сұрақ таразыға түсіп тұрған уақыт еді. Қаланың орыс тілді тұрғындары орыс мектебі болсын деп өзеуреді. Осындай сын сағатта мектептің бұрынғы басшысы Жамал Базарқұлқызы бастаған мектеп әкімшілігі мен мұғалімдері және ата-аналар ұжымы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршілік танытып, қазақ мектебі деген абыройлы атын сақтап қалды. Қазақ баспасөзі де халық тілегінен қалыс қалмай, үнге үн қосып, ұлт тәуелсіздігінің жарқын болашағын қорғап шықты. Сол уақытта, «Егемен Қазақстан» газетінің 1999 жылғы 20 шілде күнгі санында «Астанадағы жалғыз қазақ мектебінің басына бұлт үйірілді» деген шағын мақала да жарияланды. Бұл мәселеге 300-дей ата-ана қосылды. Жұртшылық кәдімгідей дүрлігіп қалды.

АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ ЛИЦЕЙІ

Елордада ашылған тұңғыш қазақ мектебіне қазақ лицейі деген атақ беруде білгір басшы, іскер ұстаз атанған Жамал Базарқұлқызының еңбегі зор болды. Ол кісі қаланың Білім басқармасы мен қала әкімдігінің алдына өткір мәселе қоя білетін алғыр адам ретінде танылды. Өзінің табандылығы мен өжеттігінің арқасында дербес мемлекет атанған елдің елордасында ұлт тілінде дәріс беретін мектептің болмауы ел алдында да, халық арасында да ұят деп мәселені төтесінен қойды. Сол жылдың қыркүйегінде Тұңғыш Президент №38 мектеп-лицейдің тұсауын кесіп, батасын берді. Шу-шұрқан болған елдің аптығы басылып, сабасына түсті. Ұлтымыздың ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы. Қуғыншы қандай болса, мал қайтпақшы» деп жазғанындай, Жамал Базарқұлқызындай жоқтаушы болғандықтан, №38 мектеп-лицейге тұңғыш қазақ лицейі деген мәртебелі атақ берілді.

ТҰҢҒЫШ ДИРЕКТОР ТЕГЕУРІНІ

Жамал Базарқұлқызы – мектептің алғашқы басшысы, ұйымдастырушысы ретінде аянбай еңбек еткен жан. Оған шәкірттерінің қалалық, республикалық, халықаралық білім жарыстарынан алған марапаттары мен дипломдары куә. Бүкіл өмірін білім беру саласына арнаған жанның өзінің жеке басына берілген медаль, ордендер мен әртүрлі атақтары жетіп артылады. Соның бәрі еңбегінің еленгені, абыройының асқақтағанына кепілдік етеді. Жамал Базарқұлқызы басқарған жылдарда №38 мектеп-лицей қала бойынша білім сапасы өте жоғары үштікке енді. Оқушылар қала, республика және халықаралық жарыстарда үнемі жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Мектеп білім беру саласындағы жетістіктері үшін Лондон қаласында өткен әлем мектептерінің сайысында «Алтын тәж» атағын жеңіп алды. Көптеген мектеп шәкірттері президенттік «Болашақ стипендиясының» иегері болып, Еуропа, АҚШ сияқты дамыған шет елдерде білім алып, бүгінгі таңда  ел экономикасының жетекші салаларында еңбек етіп жүр. Ұстазынан шәкірті озса, бұл бақыт деген осы шығар.

Жамал Базарқұлқызына арнап әріптестері де, белгілі ақындарымыз да өздерінің жүректен шыққан жыр шашуларын арнады. Ләззат Жақыпқызының «Қазақ қызы көш бастап барады», атақты ақынымыз Серік Тұрғынбекұлының «Жамал туралы жыр» атты өлеңдері сөзімізді бекемдей түседі. Соның бәріне тасып-төгілмей, сабырлы жүзбен қабылдайтын. Ол кісінің педагогикалық кеңес өткен сайын елдің есіне салып отыратын бір жақсы сөзі күні бүгінге дейін құлағымызда жаңғырып тұр. Ол: «Жаныңда жүр жақсы адам, оны алыстан іздеудің қажеті жоқ» деп ескертіп отыратын. Осы сөзімен ұжымдағы ұстаздардың бір-біріне деген құрметі мен өзара бағалай білулерін еске салатындай әсер қалдырушы еді. №38 мектеп-лицейдің талай жас мұғалімдерін тәрбиелеп, жаңадан ашылған мектептерге басшы етіп, көтеріп жіберетін. Сол себепті уақытында бұл мектеп  «кадрлардың ұстаханасы» деп тегінннен-тегін аталмаған-ды. Жамал Базарқұлқызы ұжымдағы мұғалімдерінің жұмысын ғана емес, отбасының амандығын да сұрап біліп отыратын.

Өзі №82 дарынды балаларға арналған мектепке басшы болып ауысқанда, орнына Камила Кәрімбердіқызы тағайындалды. Жамал апай ұжымның өз ішінен басшы болғанды қалайтын. Өйткені айрандай ұйыған, береке-бірлігі мығым ұжымды бес саусағындай білетін адамның басқарғаны дұрыс деп есептейтін. Ұзақ жылғы тәжірибесі көрсеткендей, Камила Кәрімбердіқызы сенімді ақтап, ұжымның да, білім сапасының көрсеткішін де сақтай отырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бұл да сабақтастықтың арнайы жолы іспеттес болып шықты.

САБАҚТАСТЫҚ САҚТАЛҒАН

Қазір мектебімізді үшінші буын ұрпақ өкілі болып есептелетін Қадырғазы Камалұлы Мұқанов басқарып отыр. Бұл азаматты да Жамал Базарқұлқызы тәрбиелеп өсірген, шыңдалған, сыннан өткен деуге болады. 2010 жылы қалалық «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алды. Мектеп директоры ретінде кабинеттердің материалдық-техникалық базасын заманауи үлгіде жабдықтап жатқан іскерлігі өз алдына әңгімелеуге тұрарлық жайт. Соңғы жылдары мектебіміздің оқу ісіне іскер де білімді жастар басшылыққа келгені бәрімізді қуантты. Олар: Назигүл Мұхамедсағиқызы, Алтынай Оразбайқызы, Қамар Нұрланқызы, Айгүл Ануарбекқызы, Марал Әділбекқызы сынды дарынды, іскер жастар.

Мектебіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында қала мектептерінің мұғалімдері мен білім беру ұйымдарының басшыларына арналған үлкен конференция өткізілді. Қазан айының 30 күні мектепішілік семинар-кеңеске бірнеше серіктес мектептердің басшылары шақырылып, тәжірибесі қала мектептеріне таратылды.

«Жас келсе, іске» деген халқымыздың нақылы тегін айтылмаса керек-ті. Алдыңғы буын ағалар ұстаған туды төмендетпей, желбірете ұстаған жастарымыз да баршылық. Директордың оқу істері жөніндегі орынбасары Алтынай Оразбайқызы 2017-2018 оқу жылында мектебімізде «Сабақты зерттеу (LS): бірлескен оқу тәсілі» тақырыбында республикалық семинар өткізіп, оған «Жапон елінің халықаралық сабақты зерттеу» қауымдастығының ғылыми қызметкері, профессор Росиме Чичибу қатысып, зор бағасын берді. Росиме Чичибу оның халықаралық WNS-2019 конференциясына қатысуына ықпал етті. Бұдан кейін жыл сайын «Халықаралық тәжірибе алмасу, сабақты зерттеудегі тәжірибе өнімдері» деген атпен өтіп тұратын халықаралық конференцияларға үздіксіз қатысып келеді. WALS-2021 Макао қаласы «Lesson Study арқылы мұғалімдердің шығармашылық қабілеттерін зерттеу», WALS-2022 Куала-Лумпур қаласы «Lesson Study (Сабақты зерттеу) іс-тәжірибесімен бөлісу», 2023-WALS webinar «Біз Lesson Study-ді бүкіл әлем бойынша дамыту және қолдау бойынша не білдік?», WALS-2023 Зволле қаласы, «Шеберлік сабағы» симпозиумдарына қатысып, мектебіміздің ғана емес, Астана қаласы мен бүкіл еліміздің әлемдік білім беру саласындағы өзіндік орны мен салмағы бар екендігін танытты.

2024-2025 оқу жылының басында Астана қаласында өткен «WALS-2024» халықаралық конференциясына мектеп директоры Қадырғазы Камалұлы, оқу ісінің меңгерушісі Алтынай Оразбайқызы, Серіктес мектеп жұмыстарын үйлестіруші З.Туитина және мектепішілік сабақты зерттеу жұмысының көшбасшылары: Н.Бейсембаева, Ф.Сулекешева, Д.Жарасбаева, А.Икишева, Б.Какенов, Ә.Мырзабаева, Г.Рахимова, А.Таутанова, К.Нурмамбетова сынды ұстаздарымыз қатысып, ел намысын абыроймен  жоғары деңгейде қорғап шықты.

ОҚУШЫ ЖЕТІСТІГІ – МЕКТЕП МАҚТАНЫШЫ

Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейі «Білім ұясы-2001» республикалық байқауында «Таңдаулы мектеп» номинация­сында ІІI орын иеленді. 2002 жылы мектеп-лицейге жалпы көрсеткіштер бойынша Астана қаласы мектептері арасында бас жүлде табысталды. Келесі жылы қала бойынша пән олимпиадасынан «Үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алды. «Үздік мектеп-2007, 2008, 2009» аталымында Астана қала әкімінің грантына ие болды. 2013 жылы Халықаралық ВІD сапасы бойынша конвенция «Лондон-2013» Алтын категория жүлдесі мен Алтын тәж иеленді. lQC жүлдесі №38 мектеп-лицейіне кемелдіктің бұлжымас сапасының беріктігі үшін берілді. 2015-2016 оқу жылы Республикалық Х педагогикалық олимпиадасында мектеп командасы «Үздік команда» номинациясын жеңіп алды. 2022-2024 қалалық «Шаттық» өнер байқауында оқушыларымыз 7 алтын, 4 күміс, 5 қола медальді қоржынға салды.

Педагогикалық ұжым алыс, жақын шетелдермен тәжірибе алмасып отырады. Сондай-ақ бірқатар жоғары оқу орындарымен келісімшарт орнатылып, 2023-2024 оқу жылында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен меморандум негізінде жүйелі жұмыстың нәтижесінде «Жаратылыстану ғылымдары» кафедрасының филиалы ашылды.

ҰБТ қорытындысы бойынша жыл сайын  оқушылар жоғары ұпайларды  иеленіп келді. Дарынды оқушыларымыз қалалық және республикалық деңгейдегі ғылыми жоба жарысының, пәндік олимпиаданың жеңімпаздары атанып, білім, өнер, спорт саласында алдыңғы қатардан көрінеді.

БІЛІМ ҰЯСЫНДАҒЫ СЕМИНАР

2024 жылы қазан айының 31 жұлдызында мектебімізде «Сабақты зерттеу: үздік оқу мен оқытуға ұмтылыс» деген тақырыпта қала мұғалімдеріне арналған семинар-кеңес өткізілді. Жаңа оқу жылында атқарылуға тиісті жұмыстардың жоспары бекітіліп, мақсаттары айқындалды. Қазіргі таңда мектебіміздің 25 жылдық мерейтойына орайластырылып, «25 игі іс» атты іс-шаралар жоспары бойынша күн сайын өнер кештері, пәндік оқулар, поззия кеші, оқырмандар конференциясы, волейбол мен баскетболдан сыныпаралық жарыстар, сыныптарды көгалдандыру мен безендіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

2024  жылы мектебімізге ресми түрде Алаш қайраткері, қазақ жерінің қазіргі замандағы мемлекеттік шекарасын шегендеуде теңдессіз еңбек сіңірген көрнекті ғалым, қазақтың тұңғыш математигі, математика профессоры Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің ардақты аты берілгені ұжымның да, оқушылардың да еңсесін көтеріп, ұлы істер атқаруға жұмылдырғанын ерекше мақтанышпен әйгілейміз. Келешекте Әлімхан Әбеуұлындай елі мен жерінің қамын ойлайтын, патриот шәкірттеріміз молынан шығатынына ешқандай шүбә келтірмейміз.

Өткен ғасырларда қазақ мектептерінің ашылуы үлкен күш-жігер мен талап-тілекті қажет еткендіктерін әңгімелеп өттік. XXI ғасыр басында ашылған тұңғыш қазақ мектеп-лицейінің де тағдыры бұралаңы көп қиындықтарды еңсеріп, қазақ балаларына құшағын айқара ашқанына 25 жыл толып отыр. Ширек ғасыр уақыт ішінде қазақ мектебінің де білім сапасы мен өнегелі тәрбиесі ешбір елдің білім беру саласынан кем түспейтінін айдай әлемге дәлелдеп берді, дәлелдей береді.

Тәуелсіздіктің тұңғышы аталып отырған мектебіміздің ұжымы мен оқушыларын және барлық қызметкерлерін мерейлі мерекесімен, білім беру саласындағы 25 жылдық толымды табыстарымен шынайы көңілден құттықтаймыз. Ісіміз сәтті болғай!

Маулетқали РАХЫМБАЕВ,

Астана қаласы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейі­нің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, ҚР Білім беру

ісінің үздігі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button