Қала мен Сала

Тәулік бойы тазартылуда

Қала көшелерін қардан тазарту жұмысы елорда­да тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Әсіресе коммуналдық сала қызметкерлері күшейтілген режимде еңбек етуде.

Кеше Астана аумағынан 9,4 мың текше метр қар шығарылды. Таңертеңнен бері қар күреу жұмысына 2,1 мың жол жұмысшысы және мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды.

Қар тазалау жұмысы Алматы ауданында қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда бұл іске күн сайын 600-ге жуық адам және 400 техника тартылады.

Аудан аумағындағы қар полигонының шебері Қайрат ­Жұманов мұнда келген КамАЗ-дар алдымен бағдаршамға тоқтайтынын, жасыл жарық жанғаннан кейін олар арнайы тіркеуден өтетінін жеткізді. Одан кейін көлік жүргізушісі постта отырған тіркеушіге бақылау қағазын тапсырады. Ол мөр басып, жүргізушінің полигонға кірген уақытын жазады. Оның бәрі журналға түседі. Жүргізуші содан кейін ғана қар қоймасына барып, әкелген қарын төгеді екен.

Алматы ауданы табиғатты қорғау полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Асан Қадыров Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 17 шілдедегі абаттандыру ережесіне сәйкес, жеке және заңды тұлғалар іргелес жатқан аумақты қардан, мұздан, құрылыс қалдықтарынан, қоқыстардан тазалауға міндеттелетінін айтты.

– Абаттандыру ережесі бұзылған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабында көрсетілгендей, жеке тұлғаға 20 айлық есептік көрсеткіштен және заңды тұлғаға 30 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, – деді А.Қадыров.

«Астана тазалық» ЖШС-тің учаске бастығы Мәди Абдраевтың айтуынша, Алматы ауданының аумағындағы қарды тазалау жұмысына 6 автогрейдер, 4 жүк артқыш техника және жүкті өзі түсіретін 20 техника жұмылдырылды. 18 қаңтардан бастап 11851 текше метр аумақтан қар шығарылды.

«Elorda eco system» ШЖҚ МКК шебері Ғазиз Тойжанов Алматы ауданы бойынша науаларды тазалау жұмысы жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Алматы ауданы бойынша науаның ұзындығы – 8200 шақырым. Бүгінге дейін оның 147 мың шақырымы тазаланды. Бұған 16 жұмыскер, 8 техника жұмылдырылды.

Қаланы қардан тазарту жұмысына «Астана көгалдандыру құрылысы» ЖШС-тің жұмысшылары да атсалысуда. Мекеме бригадирі Алтынгүл Садихан елордада тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы болуы үшін жолдарды аршып, әсіресе адам көп жүретін негізгі көшелерді қардан тазартып жатқанын айтты.

– Ауданымызда 30 сквер, 7 парк, 2 бульвар бар. Біздің бригада қыс бойы солардың аумағындағы қарды шығарып, тазалауда, – деді бригадир.

Жалпы, қыс мезгілінің басынан бері елордадан 3 млн текше метрге жуық қар шығарылды. Қала бойынша көшелер мен жаяу жүргіншілер жүретін жолдарға және адам көп жиналатын орындарға құм-тұз қоспасын себу жұмысы да жалғасып жатыр.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button