Басты ақпаратМәселе

Тағамнан төнген қауіп

Бір ел азаматтарының ақаусыз өмір сүруінде азық-түлік пен ауызсудың сапасы айрықша маңызды. Әсіресе, сау денелі ұрпақ тәрбиелеу үшін балаларды денсау­лыққа пайдалы кенеулі тағамдармен азықтандырудың маңызы тіптен жоғары. БҰҰ-ның мәліметінше, жер шарында күніне орта есеппен 1,6 миллион адам қауіпті тағамдарды тұтынудан зардап шексе, жыл сайын ластанған тағамды жегеннен 420 мың адам қайтыс болады екен, сондай-ақ 5 жастан төменгі балалардың сапасыз тамақтан улану деңгейі 40 пайызды құрайды.

Ауру – астан

Ендеше, біздің елімізде бұл мәселеге қаншалық назар аударылып отыр? Балаларды қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырмыз ба? Шетелден енгізілген, балалар қызығып жейтін дайын азықтықтардың сапасы қандай? Оны санитарлық-эпидемиологиялық орындар жіті қадағалап, бақылап отыр ма деген сұрақтарға жауап іздеп, қала базарларын аралап анализ жасап көрдік.

«Ауру – астан» деп атаң қазақ айт­қандай, таза, құнарлы тағам денге қуат болса, сапасыз азық-түлік денсаулықты құртып, ауруға душар қылатыны көпке мәлім. Қалалану аяқ алысының тездеуіне байланысты халқымыздың азықтану әдеті де үлкен өзгеріске ұшырады. Бұрынғыдай сусынға сүт, тамаққа ет жеп жүре беретін жағдай мүлде өзгеріп, шетелдің тамақтану дағдысына қарай ойыса бастадық. Соның әсерінен сүт ішпейтін, ет жемейтін ұрпақ көбейді. Есесіне, ешқандай кенеуі жоқ тағамдарды жеу етек алып барады.

Екінші дүниежүзілік соғыста атом қаруының ауыр зардабын көрген Жапон елі балалардың денесіндегі атом сәулесінің зәрін азайтып, ұлт саулығын қалпына келтіру үшін оқу жасындағы балаларға күніне бір кесе сиыр сүтін ішуді бұйырған екен. Бұл шешімнің дұрыс болғанын 50 жылдан кейінгі зерттеу нәтижесінен байқаған Қытай да соңғы жылдары бастауыш мектеп оқушыларына тегін сүт тарата бастады. Қазақстан да соңғы кездері мектеп оқушыларының ас мәзіріне ұлттық тағамдарды енгізді. Бұл – қуанарлық жағдай. Дегенмен, сапасы сын көтермейтін, адам түгілі, ит жесе ауырып қалатын қытайдың кенеусіз азық-түліктерінің еліміздің азық-түлік дүкендерінде қаптап кетуі жұртты алаңдатып отыр.

Қытай тағамының қаупі қандай?

Үстіндегі киімінен тартып, аяғындағы шұлығына дейін Қытайдан таситын Қазақстан нарығында Қытайдың ұсақ-түйек тағам өнімдері де көбейді. Әсіресе, балалар бір жесе дәндеп алатын Қытайдың ащы-тұщы дайын тамақтары топқа тарататын ірі базарларда, мектеп төңірегіндегі дүкендердің сөресінде самсап тұр. Сол дүкендерге ара-тұра кіре қалсаңыз, Қытайдың «қоқыс тағамдарын» қомағайлана жеп тұрған балаларды көресіз. Халал, харамын былай қойғанда, ол неден жасалған, адам денесіне қандай залалы бар екеніне назар аударып жатқан ешкім жоқ.

«Кенеусіз тағамдар», яғни «қоқыс тағамдар» деген атау, әрине, қазақстандықтардың құлағына түрпідей тиюі мүмкін. «Жейтін тамақты қоқыс деуге бола ма?» деп біздің сөзімізге сескене қарайтындар да табылар. Бірақ  бұл – біз ойлап тапқан атау емес, халық арасында бар, қалыптасқан атау.

Зерттеулер көрсеткендей, қоқыс тағамдар мидағы допаминнің бөлінуін арттырады да, қанша жесе тоймайтын, жеген сайын жей бергісі келетін әдетке кіріптар болады. Сондай-ақ ішек қызметін әлсіретіп, ас қорыту жүйесін бұзады. Мұнан сырт, сапасыз тағамнан уланып, жан тапсыру мүмкіндігі де өте жоғары. Көп жеген балалар есейе келе белсіздік-бедеулік дертіне шалдығуы да ықтимал

Қоқыс тағамдар (Қытайша: 垃圾食品, ағылшынша: Junk Food) қант және май мөлшерден тыс қосылған, жоғары калориялы, құрамында диеталық талшықтар, ақуыз, витамин, минералдар мүлде жоқ, керісінше адам денесіне аса ауыр залал келтіретін натрий сияқты элементтер бар, тұз бен бұрышқа шыланған құнарсыз тағамдарды меңзейді. Ол HFSS Food деп те аталады, яғни құрамында май, тұз және қант көп (High in Fat, Salt and Sugar), түрлі хош иісті дәмдеуіштер мейлінше көп қосылған, дәмі тіл үйіретін, татқанның таңдайында қалып, жеген адамды «жерік» қылатын сапасыз ұсақ-түйек азық-түліктердің барлығы «Қоқыс тағамдар» деп аталады. Жарғақ қалталарға салынып, ауамен жанаспайтын етіп (қалтаның ішіндегі ауаны сорғызып, вакуумдап тастаған) қорапталған бұл тағамдарды көкөніс қалдықтарынан, әртүрлі жануарлардың өлексесінен де жасай береді. Тұз бен бұрышқа өте көп шыланғандықтан, құрамы өзгеріп шірісе де сасық иіс шығып, бұзылған дәмі білінбейді. Пісіріп отыруды қажет етпейтін бұл тағамдар «дайын азық» ретінде балалардың жол-жөнекей жейтін дәмді құжырына айналған. Жоғарыда айтқанымыздай, иісі аңқып, дәмі тіл үйіретін бұл тамақты жеген бала оңай құмартып қалады да, есірткіге тәуелді адамдай, екінші рет тағы жемесе тұра алмайтын күйге түседі.

Қандай залалы бар?

Жақында АҚШ-тың «Fox News» телеарнасы «қоқыс тағамдардың» балалардың денсаулығына бірнеше түрлі зақым жеткізетінін жинақтап шықты.

Метаболизмді бұзады. «Obesity» журналында жария­ланған зерттеу кенеусіз та­ғамдардың метаболизмге әсер етуі мүмкін екенін анықтады. Колледждің денсаулығы жақсы 12 студенті 5 күн қатарынан кенеусіз тағамдарды тұтынғаннан кейін, олардың бұлшықеттерінің глюкозаны энергияға айналдыру қуаты айтарлықтай төмендеген. Бұл өзгеріс метаболизмнің бұзылуына әкелуі мүмкін.

Әлі азайып, шаршап тұрады. Қант мөлшерден көп қосылған тағамдарды жегеннен кейін, қандағы қант мөлшері тез көтеріліп, инсулиннің көп мөлшерде бөлінуін тездетеді. Денедегі бұл өзгерістер адамды шаршап тұратын дел-сал күйге әкеледі.

Артерия тарылады. Фаст-­фудты жеу тамырларды тез зақымдауы мүмкін. Канадалықтардың зерттеуі көрсеткендей, дені сау адамға майға шыланған дайын тағамдарды жегізсе, екі сағаттан кейін оның артерия қабырғалары 24%-ға тарылып, жоғары қан қысымы мен жүрек ауруларын тудыруы мүмкін.

Назарын шоғырландыра алмайды. Кембридж универ­ситетінің зерттеушілері тышқандарға арналған эксперименттерді қолданып, 9 күн бойы тышқандарға жоғарыда айтылған кенеусіз тағамдарды жегізгенде тышқандар қағылездігінен айырылып қалған. Бұл зиянды тағамның зейінді бұзуы және кез келген әрекетті орындау­ға ебедейсіздік тудыратынын көрсетеді.

Ұсқыннан айырады. «Immunity» журналында жарияланған жаңа зерттеу нәтижесі кенеусіз қоқыс тағамдар адамды аздырып ұсқынсыз етіп көрсетуі мүмкін екенін аңғартты, сондай-ақ теріде де үлкен өзгерістер туылып, әртүрлі қатерлі ауруларға душар қылатыны анықталған.

Өзіне тәуелді етіп, ішек қызметін бұзады. Зерттеулер көрсеткендей, аталған тағамдар мидағы допаминнің бөлінуін арттырады да, қанша жесе тоймайтын, жеген сайын жей бергісі келетін әдетке кіріптар болады. Сондай-ақ ішек қызметін әлсіретіп, ас қорыту жүйесін бұзады. Мұнан сырт, сапасыз тағамнан уланып, жан тапсыру мүмкіндігі де өте жоғары. Көп жеген балалар есейе келе белсіздік-бедеулік дертіне шалдығуы да ықтимал.

Талаптар неге орындалмайды?

Ең қорқыныштысы, «қоқыс тағамдардың» көбін мемлекеттің тексеруінен өткен, азық-түлік қауіпсіздігін қатаң сақтайтын ірі зауыттарда емес, ақшаға құныққан ашкөздер өз үйінің бір бұрышында немесе жұрт көзіне көп түсе бермейтін үйінің жертөлелерінде жасайды. Тағамның құрамын былай қойғанда оның материалы сақталатын және мәнерленетін орынның тазалығының көрген адам лоқсып, есінен танып қалады. Қытай билігі мұндай залалды азықтықтарды өндірушілермен ұдайы күресіп келе жатқанына талай жыл болса да, тамырына балта шауып, түбегейлі аластай алмай отыр. Сол сапасыз азық-түліктердің кесірінен уланып өлетін балалар да аз емес. Бұл жағдайды ата-аналар да көріп біліп отыр­ғанымен, тұтас қоғам болып құрықтай алмай отыр. Енді сол сапасыз тамақтардың біздің елдің нарығына да жалбызбалап кіріп, барған сайын базар тауып бара жатқаны қынжылтады.

Оның үстіне, олардың қаптамасында мемлекеттік тілде жазылған ешқандай түсіндірмесі жоқ. Кейбірінің тіпті жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Кейбірінің түсіндірмесін ұсақ әрі көзге дұрыс көрінбейтін түсті жазулармен жазған. Ал оның жарамдылық мерзіміне қарап жатқан балалар жоқ, қараса да қытайша жазуды оқи алмағаннан кейін, сатып алады да жей береді. Еліміздің заңнамаларына сәйкес, «шетелден әкелінген тамақтардың қаптамасында міндетті түрде мемлекеттік тілде жазылған түсіндірмесі болуы керек» деген талап анық жазылғанымен, Қытай азық-түліктерін сатушылар бұл талапты мүлде елемейді. Ол дүкендер орналасқан базардың басқарушылары да оларға мұндай талапты қоюды мүлдем ұмытқан. Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық ережесіне сай сауда орындары құжатсыз, таңбалануы қатысты талаптарға сәйкес келмейтін, келу қайнары белгісіз (кімнен, қалай жеткізіліп жатқаны жайлы ақпарат жоқ) тағамдарды сатқызбауы керек еді. Бірақ  мораторий әбден әспенсітіп жіберген сауда орындары қатысты заңдарды да белден басатын деңгейге жеткен. Оның үстіне, бұл азық-түліктер Кеден одағының қатысты талаптарын да өрескел бұзып, заңсыз жолмен жеткізіліп отырған жағы тағы бар.

– Тамақ өнімдерін, оның ішінде импорттық тамақ өнімдерін таңбалауға қойылатын талаптар  Кеден одағының «Тамақ өнімдерін таңбалау бөлігінде» техникалық регламентіне
(КО ТР 022/2011) сәйкес келуі тиіс. Өнімнің тұтыну қаптамасында: тамақ өнімдерінің атауы, құрамы, саны, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, дайындаушының атауы және орналасқан жері, пайдалану жөніндегі ұсынымдар және (немесе) шектеулер, тағамдық құндылық көрсеткіштері, гендік – түрлендірілген организмдердің болуы туралы мәліметтер, Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығындағы өнім айналымының бірыңғай белгісі көрсетіледі. Мұндай ақпарат Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілінде болуға тиіс, қысқаша ғана мәліметті орысша жазып қоя салуға да болмайды, – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Азық-түлік тауарларына арналған техникалық регламенттерді бақылау басқармасының басшысы
Әйгерім Садубаева.

Тексеруге неге қауқарсыз?

 Әйгерім Садубаева «Тамақ өнімдерін таңбалауға қойылатын талаптардың орындалуын бақылауды халықтың санэпид саламаттылығы саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ тұтынушыларды қорғау саласындағы уәкілетті орган жүргізетінін» де атап өтті. Алайда біз сапасыз, уақыты өткен азық-түлік сатқан дүкендерді қолмен нұсқап тұрсақ та бұл мәселеге жауапты мекемелер оларды тексеріп, жауапқа тарта алмайтын болып шықты. Өйткені «2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуді тоқтатсын» деген мораторий олардың аузын буып, аяқтарын тұсап қойған.

– Кәсіпкерлерді тексеру мораторийіне байланысты біз кез келген кәсіпкерлік субъектілеріне барып тіке тексеру жүргізе алмаймыз. Тек жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар шағым түсіргенде (сатып алған чегі, залалы жайлы нақты дәлелдермен) ғана тексере аламыз. Оның өзінде Бас прокуратура мекемесінің қатысты органдарының рұқсаты керек, – дейді Астана қаласы техникалық регламенттерді сақтау бөлімінің басшысы Қарлығаш Абдішова.

Міне, 2024 жылдың табалдырығын да аттадық. Мораторий аяқталғанымен, тиісті орындардан біз күткендей жедел қимыл байқалмайды. Астана қалалық техникалық регламенттерді сақтау бөліміне қайта хабарласқанымызда сол баяғы «Тұрғындардан шағым түссе және оның адам денсаулығына залалды екенін нақты дәлелмен көрсете алса, прокуратураның рұқсатымен тексеріс жүргізе аламыз» деген жауапты естідік. «Сонда ешкім шағымданбаса, импорттық тамақ өнімдерін таңбалауға қойылатын талаптарды өрескел бұзып отырған тағамдарға шектеу салынбай ма?» деген сұрағымызға «тексеріс басталғаннан кейін қаптамасында аудармасы жоқ тауарларды міндетті түрде тексеріске аламыз» деді. «Қашан тексересіздер?» десек, «Денсау­лық сақтау министрлігінен тексеру тәртібі келген жоқ, сізге нақты уақыты керек болса, сол жақтан сұрайсыз» деген сүйреп салма жауап алдық. Демек, бұл залалды азық-түлікке халық болып қарсы тұрмаса, құзырлы органдардың жедел қимылдайтын түрі жоқ.

P.S: Елімізге дендеп кіріп келе жатқан мұндай залалды азықтармен ел болып күрес­песек, ертең ұлттың келешегі – жас ұрпақтардың денсаулығына қауіп төніп, тұқымымыз тұздай құритын күйге түсеміз. Ақшаға құныққан кәсіпкерлер күреп ақша табуды ғана көздесе, сауда орындары да оған көз жұма қарауда. Әсіресе, заңды органдардың өз жауапкершілігін толық атқарып, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне мән бермей, мораторийді көлденең тартуы ел тағдырын, ұлт денсаулығын елемей отырғанын көрсетсе керек.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button