Жаңалықтар

ТАҒДЫР ШЕШТІ ТАҢДАУ

Ел өміріндегі ең елеулі саяси науқан абыроймен аяқталды. Қазақстандықтар қапысыз қалауын білдірді. Ақорданың иесі анықталды. Өркениет өріне ұмтылған халқымыз өз тағдырын тағы да Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлтын ұлықтаған өр тұлғаға сеніп тапсырды.

Президент сайлауына әр­түрлі себептермен әлемнің әр шалғайында жүрген отан­дастарымыз да белсене қатыс­­қаны белгілі. Мәселен, Мәс­кеу­дегі Қазақстан Рес­пуб­ликасы Елшілігі жанынан құрылған
№215 сайлау учаскесіне келу­шілер легі ақ таңнан – қара кешке дейін толас­тамағанын көзімізбен көрдік. Азаматтық парызын өтеуге асыққан ағайынның ала­бұртқан жүздерінен көтеріңкі көңіл-күйдің лебі аңғарылады. Бір-бірімен қуана қауышқан қандастарымыз өзара қазақша қауқылдасып, әдемі әсерге бөленді. Осы жақта тұрып жатқанына он жылға жуықтаған қаракөз қарындасымыз Кәмшат Болысбаева арман қуып, алысқа кеткенімен арттағы Атажұртын бір сәтке де естен шығармайтынын екпін түсіре айтты.
– Қазіргі таңда әлемдік қауымдастықтан ойып отырып орын алған тәуелсіз Қазақстан мен оның көреген көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы ресейліктердің аузынан жылы сөзді жиі естимін. Сондай сәттерде кеудемді мақтаныш кернейді. Кешегі Кеңестік республикалар арасында оқ бойы озық тұрған мерейлі мемлекетіміздің абырой-беделі асқақтай бергей!
Ал, Кострома қаласындағы әскери академияның курсанты Рақыш Жұмабаев келешекте Қарулы Күштеріміздің қатарын толықтырмақ. Еліміздің ертеңін айқындауда айрықша орын алатын тағдыршешті таңдау жасауға мүмкіндік туғанына ризашылық танытқан жас сарбаз бұл сайлаудың санаға салмақ салар зор жауапкершілігін жете сезінетінін жеткізді.
Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің студенті Әсел Таубаеваның ойынша, осы сайлауда біз Елбасын таңдап қана қоймай, бүкіл еліміздің алдағы уақытта қалай дамитынын айқындауға үлес қо­самыз. Сондықтан, әрбір қа­зақстандықтың осыған орай орнықты көзқарасын білдіргені жөн.
Аталмыш сайлау ко­миссия­сының төрағасы Виктор Темірбаевтың айтуынша, Мәскеуден басқа, Ресейдің Санкт-Петербург, Қазан, Омбы, Астрахань секілді қалаларындағы біздің дипломатиялық миссияларында қазақстандық азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасалған. Олардың ұзын-саны үш мың адамның үстінде көрінеді. Бұларға іссапарда жүрген, қыдырып келген жерлестерімізді қоссақ, сай­лаушылар саны біршамаға жетері анық.
Тоқсан ауыз сөздің то­бықтай түйінін айтсақ, бұл күні Мәскеудегі учаскеге сай­лаушылардың 95 пайыздан астамы келіп, олардың 99,73 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдап дауыс берген.

Талғат БАТЫРХАН

P.S: Мәскеудегі сайлау учаскесінде алдымен дауыс бергендері үшін арнаулысыйлық алған­дардың қата­рында сіздердің тілшілеріңіз де болды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button