Рухани жаңғыру

Тағдыр сыны және рухани зерде

Ы.Алтынсарин – ұлт реформаторы. Тар қапас, тайғақ жерде жүріп ел білімін жаңа арнаға бұру – қай жағынан да реформа. Алды-артын қоса есептегенде екі жүз алпыс төрт жылдық қиын өткелден жол табу осы болар.

[smartslider3 slider=2364]

Еуропа Шығысқа асыға ентелеген ХІХ ғасыр қазақ сынды қауқарсыз ұлттардың оқығандарын сан сынады. Қаруын сүйрете келгендер «жабайы жұртқа мәдениет әкелудеміз» десті. Ал бұлардың идеологтары түрлі айланы іске қосты. Соның бірі – Ресей шындығына сай ұлтын дамытпақ болған жергілікті азамат-оқығандарды өз мүддесіне пайдалану әрекеті-тін. Жасырып не керек, қым-қуыт кезеңде империя қармағына ілінбеген зиялы қазақ сирек еді. Осы жағдайды кезең шындығына сәйкес дұрыс талдай алған Алаш зиялылары, мысалы, «А.Байтұрсынұлы Ыбырай тұсында өмір сүрсе – Ыбырайдай, ал Ы.Алтынсарин Ахмет тұсында өмір сүрсе – Ахметтей болары сөзсіз» деп байыптады (Ә.Бөкейхан 1925 жылы А.Байтұрсынұлына жазған бір хатында «Ы.Алтынсары баласы туралы зерттеуді сен жазсаң, дұрыс болар еді!» деп қолқа салғаны да мәлім). Яғни, Ыбырайдай дара көрінген тұлғалар болмаса, Ахмет кезінде топтана көрінетін зиялылардың өмір сахнасына шығуы кешеуілдер еді. Сонымен бірге Алаш зиялылары «алғашқы ағартушылар – отаршылдықтың құрбандары» деп дөп көрсетті. Тіпті 20-жылдары олардың тағдырына байланысты арнайы дәрістер де жүргізілді. Айталық, 1924 жылы Ташкенттегі қазақ-қырғыз мәдениет көркейтушілерінің «Талап» ұйымында Ы.Алтынсарин жөнінде дәрісті Мырзағазы Есболұлы оқыған.

1926 жылы Ташкентте тұңғыш қазақ педагогикалық институты ашылу салтанатындағы сөзінде С.Сәдуақасұлы Ыбырай тағдырына қатысты былай дейді: «Алтынсарин өмірден қайтар сәтінде өзіне бірде-бір орысты, тіпті достарын да кіргізбеуді өтінген. Ғұмырында атеист болған ол жаназама 99 молда кірсін деп өсиет қалдырыпты… Бізге оның бұл әрекет қазір түсініксіз де шығар. Алайда ұзақ жыл орыспен қоян-қолтық араласа жүріп, ең соңында миссионер атаулы қазақ халқына ешқандай жақсылық ойламайды деген қорытындыға келген болар».

Дерек көздері Ы.Алтынсариннің ажалын жүрегінің аурумен байланыстырады. Мәселен, немере бауыры Ахмедбек Балғожин Н.Ильминскийге жолдаған хабарламасында: «Жаз бойы ауырды. Жүрек ақауынан (порок сердца). Қайтардың алдында үш күн бойы тіл-ауызға келмей жатты» десе, «Оренбургский листок» газетіне жарияланған мұнақыпта (30.VІІ.1889) «өкпе қабынуынан өлді» делінген. Ыбырайдың өзі В.Катаринскийге жазған хатында (15.VІ.1889): «Науқастанып жүрмін. Ұйықтай алмаймын, тамаққа да зауқым жоқ: жүрегім тым қатты соққылайды, ауа жетпей қиналамын» дейді.

Сонымен, жүрек… яки діл. Ыбырай жүрегі неге ауырды екен? Науқас жүрек туралы Абай (Ибраһим) не деп еді?

Ауру жүрек ақырын соғады жай,

Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.

Кейде ыстық қан басып кетеді оны,

Дөңбекшіген түндерде тыншыға алмай.

Ыбырай Алтынсариннің жүрегін екі басты самұрық тырнағында жаншылған халқының ауыр халі, бірлі-жарым қауқарсыз оқығандарының «еңбегі еш, тұзы сор» тірлігі, өзінің қаумалаған сұрқиялардың ортасында «Иван Алексеевич» аталғанына «мәз болғаны», сөйтіп, Смағұл нұсқалағандай, алданғаны  сыздатқан шығар-ау. Мұхтар Әуезов 20-жылдары Ы.Алтынсарин хақында: «Аурудың емі мынау деп ашып айтып, бір нәрсені шешіп бермесе де, бірде дінді, бірде оқуды, бірде таза адамшылықты ем қылып ұсына бастаған – Алтынсарин. …Бірақ мұның айтқан емінде бір бағыттық, анықтап бастаған екпін, ағын жоқ» деп жазғаны мәлім. Алайда осы ізденіс һәм талпыныс ұлт болашағы үшін жасалған болатын. Әттең… Ыбырай да, Абай да, Шоқан да, Ә.Бөкейхан айтқандай, жалғыз еді. Оларды тыңдайтын орта да, халық та қалыптасқан жоқ-ты. Бұл енді қазақ милләтінің маңдайына жазған тағдыр-тын. Осыған налып жүрегін ауыртқан, халқының бақыты жолында өзін құрбан еткен дара ағартушылар туған жұртына қандай тегеурінді рух сыйлады десеңізші…

Елі үшін қамыққан, жау пиғылын сезгенде тәубәсіне келген Ы.Алтынсариннің ажал алдында айтқан сөзі мынау болыпты:

Уа, Алла, берер болсаң берер кезің,

«Уә әммәссәәәилә фәлә тән һәр» дедің өзің.

Уз-Зұха сүресінде хабар беріп,

Бекер ме ән-Расулға айтқан сөзің.

Біз осы деректі жезқазғандық құрылыс инженері, орта жастан асқан азамат Байтөрин Қоңыратбайдың аузынан жазып алған болатынбыз. Тегі Ы.Алтынсаринге жақын бұл кісінің атасы ертеде Жезқазған маңында мешіт-медресе ұстапты. Ал 1906 жылы туған әкесі Құлмұхамбет кеңес өкіметі тәртібімен тәрбиеленіп жатқан балаларына: «Дін-исламды үйрене алмасаңдар да, Ыбырай аталарыңның мына сөзін ұмытпай, қайталап отырсаңдар, мұсылман болып қаласыңдар» дейді екен. Әрине, Қоңекең дінге жүйрік емес көрінеді. Сөйте тұра ата өсиетін сақтап келгенін мақтанышпен айтты. Сөз арасында: «Біз үлкенді сыйлаған елміз ғой. Мен мұны ұйықтап жатқанда сұраса да қайталап бере аламын. Бірақ Құраннан «Оззаха» деген сүрені таба алмадым» деп те қояды. Ал «Уә әммәссәәәилә фәлә тән һәр» Қоңыратбай ағамыздың жадында «Ө әммә сә фалатанхар» нұсқасында жатталынып қалыпты.

Діндар Х.Алтайдың маңдай тері арқасында жеткен «Құран Кәрим. Қазақша мағына мен түсінігі» еңбегін қолға ала отырып, біз «Оззаха»-ның «Зұха» (93-сүре) сүресі екенін қиналмай-ақ таптық. Тіпті «А.Байтұрсынұлы харпімен» «фәлә тән һәр»-ді оқи алдық. Халифа ақсақалдың аударуы бойынша, «Уә әммәссәәәилә фәлә тән һәр» – «Сұраушыны зекіме» (10-аят). Бұл сүреде Алланың қайырымдылығы және адамның сол қайырымдылыққа лайық болу қажеттігі туралы айтылады.

Ажал алдындағы Ыбырай жаратқаннан не сұрады екен?.. «Аллаға тақуалық істе де, кәпірлер мен мұнафықтарға бағынба» (Ахзап сүресі). «Кім күнәдан тазарса, өзі үшін тазарады. Және барар жері – Алла жақ» (Фатыр сүресі). ­Бәлкім… «Бұл дүниеде жақсылық істегендерге жақсылық бар» (Зүмәр сүресі).

Қалай дегенде, пенде Ыбырай ажал сағатында да обал мен сауапты, келешек ұрпақ алдында жауапкершілікті ойлаған азамат дәрежесінде қалды.

Осыдан он жыл бұрын қостанайлық ғалымдардан мынадай қызық дерек естідік. Әсілі, ол ел аузынан жетсе керек. …Ы.Алтынсарин 1889 жылы бақилық болады. Енді оны қалай жерлеу керек? Ресми өкімет, оның «жанашыр достары» бұл жерде де өз есебін түгелдегісі келеді. Айды аспанға шығарып, «сахараға үлгі етейік!» деп христиан рәсімімен шығарып салуды жоспарлайды. «Оның денесін бір құпиялау орынға қойып, дьякон өз жоралғыларын бастамақ болып жатады. Уақыт кешкі мезгіл екен. Істің насырға шауып бара жатқанын сезген Ыбырайдың ағайындары мықты, қарулы жігіттерді ертіп, сүйек жатқан жерге сау ете түседі. Православ діндары сасқалақтап тұрған орнында мелшиіп қалыпты. Жігіттер мәйітті алады да, Тобылдың қалың нуына сүңгіп кетеді. Сол түні ұстаз денесін мұсылманша арулап, өзеннің келесі бетіндегі зиратқа қояды. Сөз шығып кете ме деп бұл туралы кейінгілерге сыбырлап қана айтады…». Осындай құпиядан дерек құралып, М.Хакімжанова (туысы), өзге де білікті азаматтардың табандылығымен кеңес тұсында сол зират орнына Ы.Алтынсаринге шағын кесене орнатады. Айтқандайын, әне бір жылы ұлт газеттері жазғандай, ол жерде қайсыбір уақытта шошқаферма болғаны да рас екен. Мұсылман зиратының орнына доңыз өргізуге кім мүдделі екені түсінікті шығар…

2010 жылдары ол жер тазаланған алаңқай еді. Бір бұрышында Ыбырай, екінші бұрышында тағы бір мұсылман қандастың кесенесі қалқияды. Өкініштісі, бұл зираттардың шырақшысы жоқ. Бұл жерде атеизмнің де, кеңес тұсында жұқтырған бейрухани дарақылықтың да суық желі есіп тұрады. Мысалы, үйленген орыс, қазағыңыз бірдей осы жерге гүл қояды-мыс… Ы.Алтынсариннің кесенесінің айналасы толған «қуаныш бөтелкелері». Әрине, шырақшы болмаған соң, кесене есігінде қара құлып ілінген. Бір имансыздар садақаға тастаған тиын-тебенді алмақ болып терезенің темір торын сындырып ішке енгені де айқын байқалады. Мұнда қасиетті исламды мәжусилікпен араластырғандардың да ізі сайрап тұр: кесененің есігіне, бұған жақын маңдағы терекке жыпыр­латып шүберек байланған…

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Ыбырай кесенесі жаңартылды» деген ақпарат оқыдық. Әрине, елдің рухани жаңғыруымен ағарушы қорымының өркениетті сипат алуы – аруақ­тан бұрын бүгінгі ұрпақтың талғам-тәліміне сын.

Тура осы жерде біздің қауашағымызға мынадай ой келді: әлемге һәм жаңалыққа көпір саламын деген және оны салған тұлғаның өмірдегі де, өзі өткеннен кейінгі пәнидегі арты да неге ауыр болды екен?.. Сірә, кінәрат  артында қалған адасқан қауымда-ау!

Есімізге 30-жылдары Балта керей Жақып ақын жеткізді деген ағартушының бір өлеңі түсті:

Аласы ағайынның алаңдатты,

Көре алмай көп ішінен жамандатты.

«Шоқынды», «крест тақты», «әйкәпір» деп,

Аузына келгенді айтып бақты.

Надандық қандай қызыққарап тұрсаң,

Көңлі соқыр көрмейді көзге ұрсаң.

Бабын қалай табарсың бұл қазақтың,

Басқа тебед жаныңды құрбан қылсаң…

Халық «мұны айтқан – Ыбырайдың өзі» деседі. Бірақ ол айтты ма, жоқ оның ойын біреу өлеңге түсірді ме, ол жағын бір Алла біледі. Ал біз қарапайым адам ретінде, мемлекеттілігін қайта қалпына келтіріп жатқан қоғамның мүшесі ретінде Ыбырайдай тұлғаға лайықты құрмет көрсетіп, еңбегін елге орнымен, жүйесімен жеткізуді білуіміз қажет. Ол үшін мына шараларды атқарған ләзім:

  1. Ағартушының 1975-1978 жылдары шыққан академиялық үш томдығын қайта қарап, толықтырып шығаруға жұмылған арнайы ғылыми комиссия (ҚР БҒМ Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары бірлескен) құрған мақұл.
  2. Қостанайдағы арнайы мұражайынан бастап республика мұражайларында ағартушыға бөлінген стендтерді жаңа әрі сапалы материалдармен толықтырған абзал.
  3. Ағартушы туралы деректі және көркем фильмдер шығарған дұрыс.
  4. Оның аса күрделі тағдырын, жасампаз күрес жолын бүгінгі тәуелсіздігіміз бен елдігіміздің талабы тұрғысынан зерделейтін зерттеулер жүргізуді жолға қойған жөн.

 Дихан  ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,

ҚР ҰҒА академигі

 

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button