Әлеумет

ТАҒДЫР ТОҒЫСТЫРҒАНДАР

Бұл өмірде тағдырдың жазғанына таңдануға болмайды, әсте. Таяуда жетпістің желкеніне шыққалы отырған Орынтай Жақайұлы осыдан алпыс бес жыл бұрын жазатайым жарақаттанып, бірінші топтағы мүгедек болып, арбаға таңылып қалған еді. Ал бүгінде елу жасқа таянған Әлия Жиенғалиқызы болса дәрігердің қателігінен мүгедек болып қалған-ды.

DSC_6995

Енді осы жағдайды ширататын болсақ Орынтай бес жасында аттан құлап, бел омыртқасына зақым келеді. Соны емдетемін деп Қарағандының белді ауруханасына тәжірибелі, атақты хирург дәрігеріне ота жасатқызады. Содан дәрігердің қателігінен екі аяғы да жансызданып қалады. Осындай жағдай Әлияның да басынан өтеді. Дәрігердің дұрыс диаг­ноз қоймай, қате емдеуінің салдарынан бала жастайынан мүгедек болып, арбаға отырып қалады. Кінәлі дәрігер жазаланып, ұзақ жылға бас бостандығынан айырылады. Енді ол дәрігер жазасын өтеп оралған шығар, ал Әлия болса мәңгілікке мүгедек болып қалды. Әрине, мұнымен барлық дәрігерлер қауымына топырақ шашудан аулақпын. Бізде білімді, тәжірибелі дәрігерлер өте көп. Әсіресе, егемендік алғаннан бері Елбасы Н.Ә.Назарбаев медицина саласына көп көңіл бөліп жатыр. Астанада медициналық кластер құрылды. Дәрігерлеріміз шетелден тәжірибе жинақтап, бүгінгі күн талабына сәйкес медициналық құралдармен жабдықталған емдеу мекемелерінде абыройлы қызмет атқаруда. Сол жетістіктеріміздің арқасында қазақстандықтардың өмір сүру жасы әжептәуір ұзарды. Дегенмен, әлі де болса білімі таяз, таныстықпен жұмысқа орналасып алған медицина қызметкерлері кездеседі. Мен өзім де көрдім. Республикалық ауруханада істейтін кейбір медбикелер егу жұмысын дұрыс атқара алмайды. Елбасы айтпақшы біздің басты байлығымыз – адам. Сол адамды сақтап, ғұмырын ұзарту үшін емдеу саласында білімді, тәжірибелі қызметкерлер болғаны жөн.

Орынтай Жақайұлы мен Әлия Жиенғали­қызы «біз арбаға отырып қалдық, енді бізді тамақтандырыңдар, күтіңдер» деген ойға келген жоқ. Екеуі де еңбек еткілері кеп, ұмтылуда болды. Орынтай әртүрлі себептермен Қарағанды, Қызылорда мүгедектер үйінде болып, еңбек еткісі келіп Ақтөбе мүгедектер үйіне ауысады. Өйткені, онда мүгедектерге арналған шеберханалар бар екен. Сонда әртүрлі электр құралдарын жасаумен айналысады. Онымен қатар сағат жөндейтін мамандықты оқып алады. Белгілі бір себептермен Астанадағы қарттар мен мүгедектер үйіне ауысады. Әлия да шешесі қайтыс болған соң ағалары мен апасы Астанада болғандықтан, осында қоныс аударады. Осылайша Орынтай мен Әлия елордамызда танысып, көңілдері жарасып, отбасын құрады. 2000 жылы некелерін қиып, үйлену тойын жасады.

Әлия мекеменің қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Әшекейлі заттар жасайды. Мүгедектер арасындағы спорттық жарыстарға қатысады. Үш рет қатарынан тоғызқұмалақтан республика чемпионы атанды. Осы спорт түрінен спорт шебері атағы бар.

Орынтай Жақайұлы да шахмат жарыс­тарына қатысады. Шахматтан спорт шеберлігіне кандидат. Қоғамдық негізде бапкерлік етеді. Тұрғындардың өтінішімен сағаттарын жөндеп береді.

Осылайша үлгілі отбасы болып, тағдырдың жазуымен екі мүгедек бір тұтас болып тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

– Осы өміріме тәубе деймін. Міне, жетпіс жасқа келіп отырмын. Біз секілді қамкөңіл жандарға қамқорлық жасап отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, күнделікті өмірімізге жағдай жасап жүрген мекеме басшысы Қ. Бәпішовке және барлық қызметкерлерге алғысымыз шексіз, – дейді Орынтай Жақайұлы мейірленіп.

Мерейлі жасқа келіп отырған Орынтай Мұхтаровқа зор денсаулық тілей отырып, Әлия Жиенғалиқызы екеуі бақытты ұзақ ғұмыр кеше беруіне тілектестігімді білдіремін. Өмірге деген құштарлықтарыңыз ешқашан суымай, көпшілікке өнеге болып жүре беріңіздер.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button