Жаңалықтар

ТАҒДЫРДЫҢ ТАР ЖОЛЫНАН СОҚПАҚ ТАПҚАН

Астаналық мүмкіндігі шектеулі жандар «бастаңғы» жасап, «Тифлис» мейрамханасында бас қосты.

– Қыз-келіншектер мен аналар мерекесінің қарсаңында бас қосуымыздың бір себебі – жаңа жобаларымызбен таныстыру, мүгедектер мәселесіне қатысты сұрақтарды өз ортамызда талқылау. Бұл істің оң басуына ғана емес, әрқайсымыздың көңі­лімізде үміт оятып, жігерлендіре түседі. Кең жерде  кездесіп, тағдырлас адамдармен араласып, мына дүниеде жалғыз емес екендігімізге көз жеткізу арқылы бір-біріміздің жігерімізді жанимыз. Оның біздей жандарға  көп септігі бар, – дейді «ДОС» тәуелсіз өмір» орталығының төрайымы Дина Ердилдинова.

Бастаңғының басты қонақтарының бірі – Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айтуған Омаров: «Шынын айту керек, мүмкіндігі  шектеулі азаматтардың ортасында болған сайын, олардың рухының биіктігіне тәнті боламын. Қол-аяғы аман, дені-қары сау болса да тегіс жерде сүрінетін  талай азаматтарымызға үлгі болып, өмірге деген  көзқарасын өзгертуге нақ осы жандар себепкер деуге болады.  Кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайымен жақсы таныс. Олардың бизнеске талпынысын түсіністікпен қабылдайды. Қолдарынан шыққан туындылары мен қызмет түрлерін нарыққа шығарып, тұтынушысын табуға көмектесуді мойнымызға алып отырмыз. Осы ретте, бірігіп жасайтын жұмыстарымыз өз нәтижесін береді деп ойлаймын» деп, өз ойымен бөлісті.

Басқосуда белгілі болғандай, тек есту-сөйлеу жағынан кемістігі бар мүгедектердің қаланың құрылыс алаңдарында еңбек етуге деген ықыласы жаңа жобалардың ашылуына түрткі болуда. Астаналық танымал құрылыс компанияларымен келісімге келе отырып, тапшы кәсіпке үйретіп,  тұрақты жұмысқа орналастыруды қалалық Кәсіп­керлер палатасы жүзеге асырмақ екен.

Ал, республикалық нейрохирургия орта­лығының дәрігері Жомарт Қамаров: «Әлемдік тәжірибеде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдету үшін нейростимулятор қондырғысы қолданылады. Құны үш миллиондық құрылғылар омыртқа жұлыны зақымданғандардың ағза­сындағы кейбір ауытқушылықтарды жояды. Оны науқастарға тегін орнатып, жүйелі түрде  медициналық бақылауда ұстаймыз. Мұндай жандарды біздің орталықта емдеу, оңалту мәселелері де оң шешімін тауып келе жатыр» дейді.

Ойды ой қозғайды.  Расында,  мүмкіндігі шек­теулі жандардың арасында өмірге есесі кетіп, ашынған жан жоқтың қасы. Маңдайына жазғанға үнсіз көніп, әрекетсіз мойынсұну да бұларға жат екен. Ала таңды көзімен атырып,  сырқаты жанына батқанын да айтып жатпайды. Мұндай жандар барлық ілтипат пен қамқорлыққа лайық.

 

Айгүл УАЙСОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button