Тағдырлы әнші Айдинян – тың өлкесінде
1965 жылы 11 қыркүйекте Тың игерушілер сарайында Армян ССР-інің халық әртісі Артур Айдинян тенор даусымен романстар, серенада, испан және итальяндық сазгерлердің, сондай-ақ неополитан әндерін шырқады.
Артур Айдинянның әдемі, жұмсақ дауысы көрерменнің көңілінен шықты. Сегіз тілде ән салатын талантты әртіс нақышына келтіріп орындаған әннің қай-қайсысы да, мейлі ол итальянша, не испанша, не армян халық әні, романс немесе операдағы ария болсын, концертке келген целиноградтықтар керемет сезіммен әннің бітпеуін тіледі. Әнші неополитандық, испандық әндерді, кеңес композиторларының әндерін орындады. Концертке Халықаралық конкурстардың лауреаты, виолончелист Виктор Столин және пианист Александр Дедюхин қатысты.
А.Айдинянның өмірбаяны бойынша 1956 жылы түсірілген «Сердце поет» мюзиклі 70-тен аса елдің экрандарында көрсетіліп, үлкен табысқа ие болған. Грецияда өмірге келіп, екінші дүниежүзілік соғыста Грецияны азат ету армиясы қатарында екі көзінен айырылған армян Артур Айдинян 1947 жылы өз еліне оралады. Тағдырлы әнші фильмінде басты рөлді өзі сомдайды.
Ғазиза Исахан