Тағдыры талқыға түскен Украина

Тағдыры талқыға түскен Украина Украина мен Ресей арасындағы сұрапыл соғыс үшінші жылға аяқ басты. 2022 жылы 24 ақпанда Ресейдің «арнайы әскери операция» деген атпен Украина жеріне әскер кіргізуінен басталған соғыс Украина мен Ресей үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де үлкен сынаққа айналды. Соғыс салдарынан әлемдік геосаяси тепе-теңдік түбегейлі өзгеріп, ірі елдерді әскери күштердің орналасуын қайта қарауға мәжбүр етті. АҚШ пен Батыс елдері Украинаға бұрын-соңды болмаған көлемде қару-жарақ пен қаржылай көмек көрсетті, ал Ресей Қытай, Иран және Солтүстік Корея сияқты елдермен тығыз қарым-қатынас орнатты.
СОҒЫС САЛҒАН ОЙРАН
Үш жылға жалғасқан соғыста Ресей Украинаның Донецк облысының 70 пайызын, Запорож облысының 72 пайызын, Луганск облысының 98 пайызын және Херсон облысының 71 пайызын, Харьков облысының 2 пайызын өз бақылауына алды. Қазір Ресей Украина жерінің 20 пайызға жуық аумағын басып алып қана қоймай, Украинадан аталған төрт облысты әкімшілік шекарасы бойынша босатып беруді талап етуде. Бұл жөнінде БҰҰ-дағы Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя 17 ақпан күні: «Қырыммен қоса, Украина Донецк, Луганск, Херсон және Запорож облыстарын мәңгіге жоғалтты. Бұл аймақтар Ресей құрамына қосылды» деп мәлімдеді. Украина бұл талаптан үзілді-кесілді бас тартуда. Сонымен қатар Украина басып алынған жерлерін қарулы күшпен қайтарып ала алмаған күннің өзінде оны Ресейдің жері деп әсте мойындамайтынын, болашақта ол жерлерді дипломатиялық жолмен қайтарып алуға күш салатынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда майдан даласында позициялық соғыс күшейді және тараптардың алға жылжуы да баяулаған. Ресей әскері Донбасста алға жылжуға тырысса, Украина Курск облысында қарымта шабуылға шығуда. Сонымен қатар екі тарап та ұшқышсыз ұшақтармен толассыз соққылар жасап жатыр.
Ресей Украинаға соғыс ашқанда Киевті НАТО-дан, НАТО-ны Ресей шекарасынан алыстатудан бөлек, «Украинаны қарусыздандырамыз», «құқай көрген орыс тіліне қайта күш алып береміз», «Киевте билікті өзгертеміз» деген сынды бірқатар саяси мақсатты көздеген. Бірақ бұлар орындалған жоқ. Керісінше, кері әсер тудырды.
Үш жылдық соғыста Украина сарбаздары бір қарыс жер үшін қан төкті, Отан үшін отқа түсті. Ресейдің ең қуатты флоты – Қара теңіз флотының шаңырағын шайқалтып, атақты «Мәскеу» соғыс кемесін суға батырды. Сондай-ақ Украина Ресейдің заңды территориясына басып кіріп, бір бөлігін өз бақылауына алды. Ол аумақты әлі ұстап тұр. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ресейдің аумағына шетел әскерінің алғаш рет басып кіруі. Сондай-ақ бұл соғыс Ресей билігін өзге елдерден көмек сұрауға мәжбүр етті. Кремль Тегеранға қол жайды, Ким Чен Ыннан снаряд сұрап, әскер де алдырды.
Соғыс барысында Украина армиясы заманауи қару-жараққа қол жеткізіп, әскерін НАТО стандартына сай арнайы даярлықтан өткізді. HIMARS, Patriot, Leopard 2, Abrams және Storm Shadow секілді Батыстың заманауи қарулары Украинаның қорғаныс қабілетін арттырды. Баллистикалық зымыран өндірісін қайта жолға қойып, дрондар өндірісін, артиллериялық кешендер өндірісін іске қосып, «Паляница», «Пекло», «Рута» секілді алыс-жақын қашықтыққа жететін зымырандарды сынақтан сәтті өткізді.
Дегенмен соғыс Украина үшін өте ауыр шығын алып келді. Неше он мыңдаған сарбаз бен бірнеше мың бейбіт тұрғын қаза тапты, миллиондаған украиндық босқынға айналды. Украина халқының саны күрт азайды. Соғысқа 320 млрд доллар қаржы жұмсалды. Соғыс салдарынан Украинаның инфрақұрылымы қирап, көптеген қаласы жермен-жексен болды. Енді оны қалпына келтіруге бірнеше ондаған жыл, қыруар қаржы керек болып тұр. Украина премьері Шмыгальдың «Алдағы 10 жылда Украинаны қалпына келтіру үшін 524 миллиард доллар қажет» деген сөзі – соның дәлелі. Қазір соғыстың қорытынды кезеңі туралы айтуға әлі ертерек. Трамптың билікке келуі бұл соғыстың тағдырына үлкен әсер етті. Бастапқыда Украинаны қорғаушы болған АҚШ енді Ресеймен ымыраласып, Украинамен де саудаласа бастады. Сосын да қазір Украина бір жағынан жаумен жағаласып жатса, енді бір жағынан дипломатиялық келіссөздердің күрделі де жанды ауыртар жапалы кезеңін бастан өткеріп жатыр.
ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛДІГІ БЕРІЛЕ МЕ?
Украина Ресеймен бейбіт келісімге келу үшін халықаралық қауіпсіздік кепілдігін талап етуде. Алайда АҚШ бұл мәселеге аса сақтық танытып отыр. АҚШ-тың алаңдауындағы негізгі себеп – егер Ресей келісімді бұзса, АҚШ-тың әскери араласуға міндеттелу мүмкіндігі. Бұл жағдай АҚШ-ты тікелей қақтығысқа тартуы ықтимал, сондықтан Вашингтон бұл мәселеге өте сақтықпен қарауда. Ал Еуропа елдері Украинаның бейбіт келісімге келу талпынысын қолдайды және қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз ету мәселесін талқылап жатыр. Бұл мәселеде Ұлыбритания мен Франция айрықша белсенділік танытып отыр. Жақында екі ел бірлесіп, Еуропалық қауіпсіздік кепілдігін әзірлеген. Бұл жөнінде Ұлыбритания премьері Стармер «біз Украинаға әскери контингент орналастыруға дайынбыз. Қазір Американың кепілдігін күтіп отырмыз» десе, Франция басшысы Макрон «Еуропаның 30-ға жуық елі Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беруге дайын» деп мәлімдеді. Трамптың сөзіне сенсек, бейбітшілік келісімі аясында Украина жеріне Еуропа әскерінің орналасуына Путин қарсы емес көрінеді. Демек, АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беріп, әскер жібермегенмен, Еуропаның бітімгершілік күштерін жіберу мәселесі шешіліп те қойған секілді. Өйткені соғысты тоқтатқан екі тараптың ортасына Еуропа әскерін тұрғызу тұтас Еуропаның қауіпсіздігі үшін және соғыстың аз уақыттан кейін қайта басталып, Украинаның тіпті де көп аумағынан айырылып қалуының алдын алу үшін де аса маңызды болып тұр. Осы тұрғыдан алғанда, «елімізді аман сақтап қалудың ең ұтымды әдісі – НАТО-ға кіру және АҚШ бастаған елдердің шынайы қауіпсіздік кепілдігін алу» деп талпынған Украина Еуропа елдерінің кепілдігін қанағат тұтуына тура келетін түрі бар.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ МҮДДЕ ҮСТЕМ ОРЫНДА
Трамп билік басына келгеннен бері АҚШ-тың әлемдік аренадағы бетбеделінен гөрі елдің экономикалық мүддесіне баса назар аударды. Сосын да ол Украинадағы соғысты тоқтатудың бір шарты және АҚШ-тың Украинаға жасаған көмегінің қарымтасы ретінде Украинаның жер қойнауындағы сирек кездесетін металдарына көз тікті. Керек десеңіз, Трамп бұл мәселеде астамшылық жасап, Украинаны айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізгісі келді. Алайда Украина басшысы Украинаның мүддесі мәселесінде табандылық танытып, «Мен біздің кейінгі 10 буын ұрпағымыздың мойнына қарыз болып ілініп, солар төлейтін келісімге қол қоймаймын. Біз 500 млрд доллар деген қарызды мойындай алмаймыз. АҚШ ұсынған шарттың бір тармағы – АҚШ-тың Украинаға берген әрбір долларына біз 2 есе құн төлеуіміз керек, бұл да ақылға сыйымсыз нәрсе» деп келісімге маңызды өзгерістер енгізуді талап етті. Әрине, Зеленскийдің қарсылығы Трампқа ұнаған жоқ. Ол Зеленскийді «диктатор» деп атап, «келісімге келу үшін Украинада сайлау өткізу керек» деп оны биліктен кетіргісі келетін сыңай танытты. Ресейдің де бір көздегені осы еді. Алайда Украина Жоғарғы Радасы бірнеше күн бұрын Зеленскийдің өкілетін дауысқа салып, «Зеленский еркін, шынайы, демократиялық сайлауда президент болып сайланды. Өкілеті толық. Соғыс жағдайына байланысты заңды түрде төтенше жағдай жарияланды. Енді соғыс аяқталмай сайлау өткізу мүмкін емес. Халықтың бірқатары босқын, әскерлер алдыңғы шепте соғыста. Мұндай жағдайда сайлау өткізу мүмкіндігі жоқ» деп Путиннің аузына құм құйып, Трампқа заңды түрде тойтарыс жасады.
Дейтұрғанмен сирек металдар мәселесі бойынша Украина бәрібір АҚШ-пен келісімге келетіні анық. Өйткені Трамптың «Ресейде де бізге қажет ресурстар бар. Мысалы, сирек кездесетін металдар, минералдар. Біз президент Путинмен де аса ірі экономикалық келісімдер жағында салмақты келіссөздер жүргізудеміз» деген сөзіне қарағанда, Трамп Путинмен де саудаласып отыр. Яғни болашақта Украинаның шығысындағы төрт облыстың жері Ресейге, байлығы АҚШ-қа тәуелді болуы мүмкін.
Апта басында Financial Times «Киев сирек кездесетін металдар бойынша АҚШ ұсынған жаңа шартқа қол қоймақ. Зеленский жақын арада Вашингтонға барады. Онда Трамппен бірге табиғи ресурстар туралы келісімге қол қояды» деген ақпарат таратты. Жаңа шартта АҚШ-тың қатаң риторикалары алынып тасталған. Украинаның 500 млрд доллар «қарызы» деген талап пен «Қорды 100% АҚШ басқарады, бақылайды» деген тармақ та жоқ. «Арнайы ортақ қор құрылып, Украина ол қорға табиғи ресурстардан тапқан табысының 50%-ын аударады» деп жазылған, бірақ келісім жобасында Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру туралы айтылмаған көрінеді.
Сейсенбі күні Трамп тағы да мәлімдеме жасап: «Украинадағы соғыс Үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласуы ықтимал. АҚШ оған жол бермейді. Мен жуық арада Зеленскиймен кездесемін. Украинадағы соғысты бірнеше аптада аяқтау мүмкіндігі бар. Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер аясында Украина өз жерінің бір бөлігін қайтаруы ықтимал» деп мәлімдеді. Трамптың Украина тағдыры үшін алаңдап отырған әлем елдеріне өлеусіреген бір үміт сыйлаған сөзі осы ғана.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ