Тағы бір «Жайлы мектеп» есік ашты
Елордада он алтыншы «Жайлы мектеп» ашылды. Нұра ауданындағы Е-535 көшесінде орналасқан №100 жаңа мектеп 2000 оқушыға арналған.
Мектептің жалпы ауданы 23 мың шаршы метрді құрайды. Білім беру мекемесінде заманауи кабинеттер, 450 орындық акт залы, 130 адамға арналған асхана, физика, химия және биология зертханалары, сондай-ақ 4 спорт залы бар.
«Бұл мектеп өзінің материалдық-техникалық базасымен ерекшеленеді. Бүгінгі таңда мектепке 500-ге жуық оқушы қабылданды. Жайлы мектепке астаналық №71, №79 және №90 мектептердің оқушылары құжатын тапсырған. Бұл үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жайлы мектептер салудың негізгі мақсаты – оқушыларға арналған жаңа орындар ашу, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою. Оқу орындары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында салынып жатыр» деді мектеп директорының міндетін атқарушы Мұрат Ахметов.
Жаңадан ашылған мектептің мерекелік іс-шарасына Астана қаласы мәслихатының депутаты Бахаргүл Төлеген, Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Асыл Амангелдіқызы және BI Global компаниясының өкілі Саят Қысманов қатысты.
Білім ордасына баласын ертіп әкелген ата-аналардың қатарында Зарина Рүстемқызы бар.
«Ауданымызда қуанышты жағдай, жаңа әрі заманауи үлгідегі мектеп салынды. Елорда әкімдігіне зор ризашылығымды білдіремін. Ата-аналар тарапы түгел дерлік жаңа білім ошағының ашылғанына қуанышты. Сапалы білім алуда қаламызда жаңа үлгідегі мектептер көптеп ашыла берсін» деді қала тұрғыны.
Индира Бержанова