ТАҒЫЛЫМ АЛАРЛЫҚ ТАРИХ
«Күңіреніп күн түбіне жортқан» түркінің түгел кезі тарих парағына алтын әріптермен жазылып, ғасырлар қойнауына сіңді. Небір алағайлы, бұлағайлы шақ басына келген сол жұрттың бұтағы басына үй тігіп, бауырына қазан асты. Одан бері де бес жарым ғасыр өтті. Биылғы жылдың еншісіндегі елеулі, үлкен шарамыз сол – қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту.
Құдайы көршілеріміз «қазақта бұрын мемлекет болмаған» деп «ағынан жарылып» жатқанда, 2014 жылдың қара күзінде «келесі жылы Керей мен Жәнібек құрған қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы шешім қабылданды. Алаш жұртының рухын асқақтатты. Сол кезден бір-екі ай бұрын ғана Елбасы Ұлытау төріндегі сұхбатында: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек» деп тамыры терең тарихымыз туралы толғаныстарын да айтқан-тұғын.
Отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарауына аса қолайлы шарт-жағдай әзірленген бүгінгі интернеттің заманында «қазақта мемлекет болмаған» деген сөздің ресми адамдардың аузымен айтылуы көңілге қандай да бір күдік ұялататыны анық. Тіпті, советтік кезеңдегі зерттеулерде кездеспейтін, қазіргі сыңаржақтылы кейбір зерттеулерде Керей мен Жәнібекті «Әбілқайыр ханның тепкісінен қашып, Жетісуға барып қазақ хандығын құрған сепаратист сұлтандар» деген көзқарастар да көзге шалынып қалады. Қазақ мемлекеттілігі, хандығы туралы алып-қашпа әңгімелер айтылып жатқан осы бір алмағайып заманда атап өтіп жатқан шарамыздың қаншалықты тарихи маңызы бар екені аса түсінікті. Бұл туралы ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Көмеков: «Кең-байтақ жерімізді жаттың көз сұғынан сақтап, мемлекетіміздің іргесін бекемдеу үшін біздің таза тарихи сана-сезіміміз өте жоғары болуы керек. Осы сана-сезімді қалыптастыратын дүниенің бірі – биылғы жылы атап өтіп жатқан қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты іс-шаралар. Ал енді бұл тарихи датаны қаншалықты мәртебелеп өткізе алсақ, соншалықты өзіміздің рухымыз биік болады. Негізі, елдің қуаты руханиятымен, тарихи жадысымен өлшенеді. Қазақ хандығының құрылуы және өмір сүру кезеңіне байланысты шешілмеген, анықталмаған талай мәселелер бар. Сондықтан қазақ хандығының 550 жылдығын той-томалақ, ішіп-жеудің деңгейіне түсірмей, елдің, жердің, ұрпақтың пайдасына жарайтындай етіп өткізгеніміз құба-құп болар еді» дейді.
«Ормамбет би өліп, Он сан ноғай бүлген» кезеңді бастан кешірсе де ұлы даланың пұшпағын жатқа бастырмаған бабаларға тағзым, әрине, жылдың тағылымды шарасы болатындығына жұрттың сенімі мол.
Ырысбек ДӘБЕЙ