31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Тағзым ету – ұрпақ парызы

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының, Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен елордадағы Достық үйінде «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» тақырыбында Саяси ­қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Шараға мемлекеттік билік органдарының өкілдері, мұрағатшылар, ғалымдар, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік және ­Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өңірлік комиссия мүшелері, сондай-ақ, мәдени, қоғамдық, мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

[smartslider3 slider=3086]

Дөңгелек үстел модераторы, профессор Тілеуғали Қышқашбаев «Қасіретке толы өткен ғасырдағы Алаш зиялыларын қуғындау және 1931-1933 жылдардағы ашаршылық қазақ еліне орны толмас шығын әкелді. Халықты зиялыларынан, дінінен, дәстүрінен, тарихи жадынан айыру арқылы темір құрсауда ұстау кеңес өкіметінің ең зұлым саясатының бірі болды. Ақтаңдақтарды ашуға тәуелсіздігіміздің арқасында ғана қол жетті, бұл отырыс – соның айғағы» дей келе, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялады. Алғашқы сөз кезегі белгілі қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов­ке берілді.

Ұлтымыздың бүгінгі болмысын қалыптастыруға қандай тарихи кезеңдер қалай әсер етті деген сауал­дың қашанда өзекті болып қала беретінін айта келе, Алихан Байменов ХХ ғасыр­дың 20-30-жылдарындағы нәубетке жеткілікті мән берудің қажеттігін атап көрсетті.

«Осы жылдары халқымыз өзінің табиғи даму үдерісінен ауытқып, қанды да қатыгез эксперименттің құрбаны болды. Бүгінгі тарихи зерттеулерде нақтыланған фактілерді ұсынумен ғана шектелмей, олардың ұлтымыздың болмысына, дамуымыз­дың траекториясына, құндылықтарымыздың қалыптасуына қалай әсер еткені де тереңірек айтылуы қажет. Айтылған кезеңдегі кеңестік саясат геноцидке пара-пар. Бас-аяғы жиырма жылдың ішінде әліппеміздің екі мәрте ауысуы және қолдан жасалған ашаршылық ұрпақ сабақтастығын үзіп, ұлттың болмысына түбегейлі өзгеріс әкелді, егер ішкі жараны ұмыттыратын сыртқы жаумен соғыс болмағанда біз қандай күйге ұшырайтын едік? Қазіргі күнде біздің алдымызда тұрған міндеттердің бастысы – тоталитарлық жүйенің табиғатын толық ашу. Сондай-ақ біздің оқулықтарымызда әлі күнге жалтақтық бар, ашаршылық – жүйенің туындысы, оның ақиқатын айту не үшін көрші мемлекетті айыптау болып саналуға тиіс?» деп сөзін тұжырған А.Байменов Мұстафа Шоқайдың басшылығымен жарық көрген «Яш Түркістан» журналының мақалалары топтастырылған он томдықты Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік архивіне сыйға тартты.

Дөңгелек үстелде сөз алған отандық және шетелдік ғалымдар ашаршылықтың себебі мен салдары және айтылмаған ақиқаттары; саяси қуғын-сүргіннің зардабы; қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау; халықтарды Қазақстанға күштеп көшіру; тоталитаризм зұлматы және тарихи жады; Ақмола өңірі бойынша қуғын-сүргін құрбандарын анықтау; тарихи сананы қалыптастыру мен жаңғырту; құжаттардың қолжетімдігі; тоталитарлық жүйеге қарсы халық көтерілістері, т. б. мәселелер бойынша ой-толғамдарымен бөлісіп, адам тағдырын ойыншық еткен кеңестік жүйенің жан түршігерлік қылмысын әр қырынан талдап, Қазақстан тарихындағы қара түнек кезеңнің ащы шындығын зерттеуге байланысты отандық тарихнаманың өзекті проблемаларын ортаға салды.

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының ­докторы Бүркіт Аяған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы мемлекеттік деңгейде қолға алынған екі жылдан бері бірсыпыра шаруа атқарылғанына тоқталды.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Күлпаш Ілиясова кеңестік кезеңдегі қоғамдық-­саяси ұйымдардың белсенді қыз­метіне баса назар аудару қажеттігін айта келе, 1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Ақмола облысы бойынша 6090 адамның 429-ы; ­Ақмола қаласы бойынша 6832 адамның 616-сы әлі күнге ақталмағанын атап көрсетті. Тарихшы сондай-ақ «Үш жүз» партиясы мен «Жас қазақ», «Бірлік», «Жас азамат», «Демократия­лық оқушы жастар кеңесі» секілді жасырын ұйымдарға қатысты құжаттық деректердің Омбы қаласында жатқанын еске салды.

Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Арайлым Мұсағалиева­ның келтірген дерегі бо­йынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның зерттеулері 1929-1931 жылдардағы халық көтерілістерінің саны бұрынғы айтылып жүрген 372-ден екі есеге көп екені анықталған, ал көтеріліске қатысушылар саны 80 мың емес, 200 мыңнан асады екен.

Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Құрманғали Дәркенов ет және астық дайындаудың қазақты жаппай қырылуға ұшыратқан басты себептің бірі болғанына баса назар аударып, «халықты қолындағы бар дәулетінен айыру ауыр күйзеліс тудырды, мысалы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ән арнаған Аққұм ауылында тірі жан қалмай, елді мекен толығымен жабылды. Аз уақыт ішінде ашаршылықтан малдың 90 пайызы, халықтың жартысы қырылды. Зобалаңның қазақты баудай түсіруінің бірінші себебі Голощекин тұлғасы болса, екінші себебі оның айналасындағы қазақ большевиктері қолындағы малынан айырылған халықтың ашаршылыққа душар болатынын алдын ала болжай алмады. Үшіншіден, Мәскеудің қысымы өте күшті болды. Қазақстанға ет және астық дайындауға келген орталық өкілдері өз міндетін қаталдықпен орындады» деп тұжырды.

Қанды тарих және ұлттық жады мәселесіне айрықша ден қойған Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес архив құжаттары ресми түрде мемлекеттің мүлкі болғанмен, оны адамзаттың ортақ мұрасы ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.

«Кеңес Одағы баяғыда келмеске кеткен, бірақ жер бетінде жоқ мемлекет құжаттарының құпия­лығын тәуелсіз еліміздің қызғыштай қоруының қандай құқықтық негізі бар? Осы мәселенің басы ашылмай келеді. Құқықтық тұрғыдан бағалағанда, қылмыс өзіне лайық жазаға тартылмаса, қайталана береді. Сталинизм сотқа тартылмай, адамзат бұл пәледен құтыла алмайды. Адамзатқа қасірет әкелген жүйелерді айыптағанның орнына оны ақтап алғысы келетіндер де бар. Сондықтан ауыр қылмыстар жасаған сталинизмнің зардаптарына құқықтық баға берілуі қажет деп есептеймін. Кеңестік ­идеология аясында миллиондаған адамға әлеуметтік эксперимент жасалды, адамның тағдыры ойыншыққа айналды. Біз миллион құжат тапсақ та, содан зәредей болса да тағылымды ой түймесек, не қайыр?! Сондықтан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаумен бірге, репатриацияның өз басына тарихи, құқықтық баға беру ауадай қажет. Шежірелерді зерттеу кезінде тоталитарлық жүйенің қылмыстары салдарынан қаншама қазақ әулетінің жойылып кеткеніне куә болдым. Мысалы, қазақтың бекзат әулеті санатындағы төре тұқымын саналы түрде жойып отырған. Бұл – нағыз геноцид. Бұл мәселеге баға беруде тайсалмауымыз керек» деді тарихшы-ғалым.

Шара аясында Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік архивінің аса құнды құжаттар топтамасы негізінде әзірленген «Ақмола өңірі архив құжаттарында. 1920-1930 жылдар» атты тарихи-құжаттық көрме өтті. Көрмеге қойылған құжат көшірмелері халқымыздың басынан өткен ауыр зұлматтың көрнекі дәлелі ретінде өткеннен сыр шертіп, көрерменді тарихтан тағылым алуға шақырып тұрды.

Ерлан МАЗАН

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button