Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

Тағылым мен тағзымға толы кездесу

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайында «Бір суреттің тарихы» атауымен кеңестік солақай саясат құрбандарының ұрпақтарымен кездесу өтті. Мәдени ошақтың құрметті қонақтары қатарында Сәкеннің үзеңгілесі Төлебай Бижановтың ұлы, Қостанайдан елордаға арнайы келген Шәміл Төлебайұлы мен құнды жәдігер – Сәкен ұстаған кофе ұнтақтағышты музейге тапсырған алматылық Ілесбек Сариев болды.

Аталмыш кездесуді ұлағатты ұстаз, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Мәдениет саласының үздігі Оспан Сүлейменұлы ұйымдастырды. Бұл тағылым мен тағзымға толы кездесуге Астана қаласы Бірлескен мұражайлар дирекциясы, қалалық Білім басқармасының Әдістемелік орталығы, елорданың орталықтандырылған кітапханалар жүйесі атсалысты. Ал осынау шараға әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі өнер зерттеуші Серік Оспан мен сәкентанушы Назгүл Сапиянованың «Сәкен Сейфуллин – ұлт руханиятының көшбасшысы» кітабындағы бір сурет пен Алматыдан табылған Сәкенге тікелей қатысы бар жәдігер арқау болды.

Кітапта 1932 жылы КазАПП жазушыларының І-съезіне қатысушылардың суреті берілген. Дәл ортада отырғандардың арасында Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин секілді үш арысты танимыз. Сондай-ақ бұл суретте Сәбит Мұқанов, Жақан Сыздықов, Ғаббас Тоғжанов, Әбділда Тәжібаев сынды көрнекті қаламгерлер де бар. Ал үшінші қатарда тұрғандардың ішінде сол жақтан бірінші – Төлебай Бижанов.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қостанай таңы» газетінен Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин секілді арыстарымыздың суретін көрдім. Солардың арасында тұрған әкемнің бейнесі көзіме оттай басылды. Әкем бұрын «Большевиктік жол» аталған осы газеттің әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Облыстық кітапханаға барып, газет тігінділерін ақтарып, 1936-1937 жылдары әкемнің жазған мақалаларын да тауып алдым. Олардың көшірмесін жасатып, газет редакциясына апарып бердім. Соның негізінде бас редактордың орынбасары Сәлім Меңдібай мақала жазды. Әкем қайта тірілгендей болды. Бірде Қостанайда Оспан Сүлейменұлымен кездестім. Әкемнің Сәкеннің үзеңгілесі болғанын айтып берген едім, ол кісі «Астанада Сәкен Сейфуллин мұражайы бар, Сәкен туралы мәліметтеріңіз, суреттер болса ала келіңіз» деп мені Астанаға шақырды. Содан арнайы келіп отырмын. Әкем өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Большевиктік жолда» әдебиет бөлімін басқарып отырғанда «қажының ұрпағы, табы жат, совет партиясы баспасөзінде қызмет істеуге болмайды» деген желеумен жұмыстан шығарды. Содан әкем Қазан қаласына кетіп, сол жақта қайтыс болды. Мен ол уақытта үш жастағы баламын. Арада жетпіс төрт жыл өткенде, сексенге таянған жасымда Қазанға барып, зиратын тауып алдым. Басына көктас қойдым. Қазір жасым сексен сегізге келді. Осыншама жасқа келсем де, әлі әкемді іздеймін, әкеге деген махаббат пен сағыныш мені Астанаға алып келді» дейді Төлебай Бижановтың ұлы Шәміл Төлебайұлы. Бұл кісі әкеден қалған жалғыз тұяқ еді. «Орнында бар оңалар» демекші, Шәміл ақсақалдың кіндігінен алты ұл өрбіді. Олардан немере-шөбере көріп отыр.(

Ал Сәкеннің кофе ұнтақтағышы қолында болған Ілесбек Сариев Сәкеннің жанашыры ғой деп алдымен белгілі ақын, драматург, актер, «Сәкен-сұңқар» драмасы мен «Сәкен» операсының авторы, Сәкен Сейфуллин жайында киносценарийі де дайын тұрған Қанат Жүнісовке хабарласты. Ақсақалмен кездесу мен құнды жәдігерді мұражайға тапсыруға да Қанат Құрмашұлы дәнекер болды.

«1927 жылы Сәкен Сейфуллин Қызылорда Халық ағарту институтының ректоры болған кезде, менің әкем Жалғас Сариев небары 11 жаста болатын. Бұл кезде осы институт Орынбор қаласында орналасты. Кейін Қызылорда қаласы Қазақстанның астанасы болып ауысқанда осы институт та ауыстырылды. Әкемнің әкесінің аты Төремұрат, яғни атам сол уақытта Қызылорда қаласында бір мекемеде лауазымды қызметте болса керек. Соған байланысты Сәкен Сейфуллинмен бірлескен іс-шараларда жиі кездесіп, жақсы араласып тұратын. Бұл туралы маған әкем тірі кезінде көп айтып отыратын. Сол жылдары, яғни 1927-1928 жылдары болса керек, Сәкен жұмыс орны ауысуына байланысты көшетін болып, Төремұрат атам Жалғас әкемді көшірісуге жәрдем беруге алып келген. Көшіруді аяқтап, жәрдемдесіп болған соң, Сәкен әкемнің қасына келіп қолын алып, құшақтап, алғысын айтады. Сол тұста өзінің тұрмыста қолданып жүрген кофе ұнтақтағышын әкемнің қолына ұстатып, Төремұрат атаммен қоштаса тұрып, естелік сый, әрі жәдігер есебінде ұсынады. Осы кофе ұнтақтағышты әкем тұрмыста қолданғаны есімде жоқ. Бірақ сол уақыттан 47 жыл сақтап, қолына алған уақыттары маған осы заттың қаншалықты құнды зат екенін жиі айтып отыратын. Әкем 1975 жылы 24 сәуірде 59 жасында қайтыс болады да, осы жәдігер әкемнен маған мирас болып қала берді. Оның қаншалықты құнды екенін білгендіктен, оны әкемнің көзі есебінде осы уақытқа дейін жоғалтпай, сақтап келдім. Енді Сәкен мұражайына тапсырып, өзімді иығымнан ауыр жүк түскендей сезініп отырмын» деді Ілесбек ақсақал.

Саяси қуғын-сүргін ұрпақтарымен кездесуге қоғам қайраткері Дархан Мыңбай мен алаштанушы ғалым Қайрат Сақ қатысып, бұл жиынның мән-маңызын атап өтті.

«Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні осыдан 26 жыл бұрын Жарлықпен бекітілген еді. Бірақ осы жылдар ішінде көп нәрсе жасалмады, біраз дүние әңгіме ретінде қалып бара жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазықсыз жапа шегіп, жазаланғандардың тарихын зерттеу тек қана ғалымдардың, заңгерлердің ісі емес, әрбір азаматтың мойнындағы іс, бұл әділеттіліктің жолы деп айтты. Зұлымдықты әділеттілік қана жеңеді. Осы тұрғыдан келгенде бізге әлі көп жұмыс істеу керек. Бұл – тек азаматтық борыш емес, мұсылмандық парыз. Оңтүстік Кореяға барғанымда бір комитеттің жұмысымен таныстым. Оның атауы – Ардагерлер мен патриоттар жөніндегі комитет. Сондағы патриоттар елге қызмет еткен, ел үшін басын бәйгеге тігіп, өліп кеткен немесе жазықсыз құрбан болып кеткен адамдармен жұмыс істейді. Бізде осы жетіспей жатыр. Сондай адамдардың ұрпақтарын іздеуіміз керек, олармен байланыс ұстауды жолға қоюымыз қажет. Оның бәрі бірдей белсенді емес қой» деді Дархан Мыңбай.

Алаштанушы Қайрат Сақ саяси қуғын-сүргін қазақтың әр шаңырағын аттап кетпегенін, «халық жауы» атанған қайраткерлермен қатар олардың ұрпақтарына құрмет көрсету керек екенін, бұл тарапта ғылыми ізденістерді күшейту қажет екенін айта келе, 1918 жылы «Қазақ» газетінің бас редакторы болған, жазықсыз атылып кеткен Жанұзақ Жәнібеков тұлғасын зерттеу мысалын келтірді. Алаш баспасөзін зерделеу маңызына тоқталып, бұрын ғалымдар газет деп санаған «Серке» журнал болып шыққанын атап өтті.

«Қазақ басынан өте күрделі кезеңдерді кешті. Мың құбылған саясат азаматтарымыздың иығына үлкен жүк салды. Сол себептен олар әртүрлі амал-әрекеттер жасаған. Соған қарап, тұлғаларымызды бір-біріне қарсы қоймауымыз керек. Алашты ақтап, большевиктер жағында болды деп Сәкендерді қараламауымыз қажет. Сәкен Сейфуллинің де, Ілияс Жансүгіровтің де, Тұрар Рысқұловтың да, Алаш қайраткерлерінің де бір ғана мақсаты болды – қайткенде қазақты аман алып қаламыз, қайткенде ұлт болып ұйытамыз, қайткенде жол тауып шығамыз. Сондықтан мақсаты біреу, тек қана соған жету жолдары әр кезеңде әртүрлі болды» деді Қайрат Сақ.

Биыл Сәкен Сейфуллин мұражайына 35 жыл толды. Руханият ордасының тұңғыш директоры Роза Асылбекова музейдің құрылу тарихын еске алды. Саяси қуғын-сүргін ұрпақтары Едіге Жүнісов және Бақыт Шәмпетов аталарының көрген азабы туралы әңгімеледі. Қанат Жүнісов көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың өлеңіне жазылған композитор Мұратхан Егінбаевтың «Үш арыс» әнін айтып, шертпе күй шебері Әбікен Хасеновтің Сәкен Сейфуллинге арналған «Қоңыр» күйі тартылды. Артынша саяси қуғын-сүргін құрбандарына ас берілді

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button