Басты ақпаратРуханият

Тайлақ батырдың жорық жолы

Қазақ батыры қашан да жерінің қорғау­шысы ғана емес, елдік пен рухтың жанашыры да бола білген. Осындай өмірінен өнеге алар батырлардың бірі Тайлақ Мәтіұлы (1693-1739). Туғанына 330 жыл толған Тайлақ – батыр, мерген, қолбасшы. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында берілген мәліметке назар аударсақ, Тайлақ Мәтіұлы Әбілқайыр ханмен үзеңгілес, құрдас әрі ақылшы-кеңесшісі болған. 1726 жылы Ордабасы құрылтайына, 1727 жылы Бұланты шайқасына және 1729 жылы Аңырақай шайқастарында Кіші жүз жасағын басқарған атақты қолбасшылардың бірі ретінде танылған.

Қоғам қайраткері М.Төлеп­берген «Саңырық батыр» тақырыбында жазған мақаласында: «Саңырық пен Тайлақ батырларды жалпыұлттық батыр деңгейінде және сол биіктікте тану ерен еңбекті бағалау және ақиқатқа жүгіну деп санаймыз. Ел арасынан алынған дереккөздерге қарағанда,  Саңырық Тоқтыбайұлы өзі Тайлақ Мәтіұлының жиені, жас жағынан нағашысынан кіші, бірақ көп емес, иықтас, замандас деуге болады» деп жазған.

Тайлақ батыр әуелі ұрыс­тарда өзінің әкесі Мәті би, туыстары Шом батырлармен бірге жүріп үйренген. Солардың үлгі, өнегесін алған. Яғни, ізбасар, бабалар ізін жалғастырушы болған. Тайлақ батыр өз заманында асқан батыр, әскери өнерді жетік меңгерген және ұрыс айла-тәсілдерін шебер ұйым­дастырушы, қолбасшы ретінде көзге түскен. Қазақ-қалмақ арасындағы шайқастарға Тайлақ батыр мен оның ағасы Дербіс батыр қатысқан. Сондай-ақ Саңырық батырдың інісі Сарымерген және ағасы Дәнен есімді батырлар да қатысқан екен.

Батырға қатысты қандай деректер бар?

Қазақ зиялыларының еңбектерінде: М.Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы», І.Есенберлиннің Көшпенділер трилогиясының «Жанталас» кітабында, Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романында, Ә.Әлімжанов­тың «Жаушы» кітабында, С.Байдәулетовтың «Алтын киімді ханзада ұранды қарт қазақтар» кітабында, С.Қойшыбаевтың «Тұлпар» кітабында Тайлақ батырдың ерлік өмірі суреттелген.

Қазақ пен қалмақ шайқастары туралы І.Есенберлин «Жанталас» кітабында: «Қазақтың ежелгі атамекен қонысы Жетісу мен Сырдария бойындағы сан қаласының, сар даласын қалмақтар басып алған, бейбіт қазақ елі босып көшкен атақты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» аяғы ақ түтек боран, сары аяз, қызыл шұнақ үскірік қысқа ұласты. Бүкіл дүниежүзінің айдаһары Сыр бойына жиналып, аузынан қар боратып, ысқырынып жатқандай, қарлы-боран бірде-бір толастамады. Жығылғанға жұдырықтың кері кеп, жеті ағайынды жұт жетті. Арамнан жиналған ас болмайды. Халықты жылатып тартып алған қазақтың қыруар малы шөп жетпей мың-мыңдап қырылды. Қалмақтар бар табысынан айырылды. Ал қазақ елінің бұл жылғы көргенін қағаз бетіне түсіру мүмкін емес еді. Тек сан айқасты басынан кешкен батыр ел бұл апаттан да тегіс қырылмай, әупірімдеп аман қалды.

Қазақ елі қалмақ қыр­ғынынан кейін екі жыл уақыт өткенде есін жиып, басқыншыларға қарсы тұрды. Ең алғашқы жеңісті Кіші жүз Тайлақ батыр мен Ұлы жүз ошақты руынан шыққан Саңырық батыр әкелді. Бұлар Бұланты-Білеу­ті өзендерінің ортасындағы «Қара сиыр» деген жерде қалмақтың қалың қолымен бетпе-бет айқаста ойсырата жеңді, – деп жазған еді. Бірақ, І.Есенберлин бұл тарихи шығармасында М.Тынышбаев еңбегіне сүйеніп, жаңылыс жазған. Тарихи орынның шынайы атауы – «Қарасүйір» деген жер.

Жазушы Әнуар Әлімжанов «Жаушы» романында Әбілқайыр хан өзінің ру басылары мен батырларына дөңгелек мөр алтын тайтұяқ үлестірген. Оның бетінде батырлардың ерекшеліктеріне қарай бүркіт, қабылан, жолбарыс, тау текенің айырма-белгісі болғанын жазған. Осы тарихи кітапта Бөгенбай, Малайсары, Саңырық, Қабанбай батырларға алтын арыстан белгісі бар алтын тайтұяқ, ал Тайлақ батырға бүркіт бейнелі алтын тайтұяқ сыйлағандығы баяндалады. Одан кейін Тайлақ батыр көбінесе Ырғыз даласында бас батыр ретінде суреттеледі.

Осы аталған шығармаға назар аударсақ, қалмақтардың көмекке келе жатқан тың күшін талқандап, кейін қарай қуып тастаған соң өзінің сарбаздарын бастап Бұлантыға қарай жол тартқан Бөгенбай батырды Саңырық пен Тайлақ зор қошеметпен қарсы алды. Қапсағай бойлы, кең кеуделі Бөгенбай ақжарқын сабыр­лы еді. Ол батырлармен шын бауырларша көрісіп, өзінің дарқан мінезімен құрмет пен сенімге ие болды. Кездесуден кейін Тайлақ пен Саңырық бірауыздан Бөгенбайды орталарынан бас батыр етіп сайлады, – деп мәлімет келтірген.

XVIII ғасырдағы қазақ тарихы бойынша ірі зерттеуші М.П.Вяткин «Очерки по истории Казахской ССР» аталатын еңбегінде орыс дерек көздеріне сүйене отырып, қазақ-қалмақ шайқасы туралы: «Басқыншылықпен келген қалмақтарға тойтарыс беруді қарапайым халық ішінен шыққан батырлар ұйымдастырады. Атап айтсақ, Кіші жүзді Тайлақ, Ұлы жүзді Саңырық және Орта жүзді Бөгенбай батырлар ұйымдастырып шықты. Олар 1727-1729 жылдары қазақ-қалмақ шайқастарында жеңіске жетіп, жауға тойтарыс берді» деп нақты тарихи дерек негізінде атап көрсеткен.

Қазақстан тарихына қатысты «Телеуге» арналған шежірелік басылымның VI томында Тайлақ батыр туралы мол мәлімет ­Т.Омарбеков, Б.Кәрібаев жазбаларында берілген. Одан кейін батырдың тұлғалық бейнесін аша түсетін бірқатар мақалалар да жарық көрген.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»

1723 жылдың көктемінде жоңғарлардың қалың қолы шабуыл жасады. Шапқыншылар еліміздің оңтүстік өңірінде бейбіт елді қырғынға ұшыратып, Түркістан, Сайрам, Ташкент қалаларын жаулап алды. Осы жылы қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуық жауынгерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлдеқайда көп болды. Қорғануға мұршасы келмеген ел, әсіресе, Талас, Боралдай, Арыс, Шыр­шық, Сырдария өзендері бойын­да көп қырылды. Тірі қалғандары ата мекендерін тастап шықты. Тарихта бұрын болып көрмеген алапат құбылыс – қазақ халқының үдере қашқан босқыншылығы туды. Ұлы жүз, Орта жүздің шағын бөлігі Сырға, Шыршыққа құятын тұстан сәл жоғары өткелден өтіп Ходжент, Самарқан иеліктеріне көшті. Кіші жүз Сауран қаласын айналып («Сауран айналған») Бұқараға ауды. Халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір ру-тайпалар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңді. Осы тұста халықтың жүрегінде мәңгі сақталған мұңға толы «Елім-ай» әні дүниеге келді.

Тайлақ батыр әуелі ұрыстарда өзінің әкесі ­Мәті би, туыстары Шом батыр­лармен бірге жүріп үйренген. Солардың үлгі, өнегесін алған. Яғни, ­ізбасар, бабалар ізін жалғастырушы ­болған. ­Тайлақ батыр өз заманында асқан батыр, әскери өнерді жетік меңгерген және ұрыс айла-тәсілдерін шебер ұйым­дастырушы, қолбасшы ретінде көзге түскен

1723 жылы қазақ-қалмақ болып жиылып соғысқанда, қалмақтың билеушісі Цеван Рабдан қазақтың көбін қырып, қалғанын қуып жіберген. Сонда қазақтар аш-жалаңаш, жаяу шұбап бір көлдің басына келіп, көлді айнала сұлап жатыпты. Сонда бір ақсақал кісі айтыпты:

Балалар, адам бастан кешкен жаңалықты қандай ұмытпаса, жаманшылық көргенін де сондай ұмытпауы керек. Біздің бұл көрген бейнетіміздің  аты: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болсын депті. Мағынасы: табанымыз ағарғанша жаяу жүріп, көлді айналып жатқан күн еді және сол жолда айтылған қазақтың ескі өлеңі мынау:

Қара таудың басынан

 көш келеді,

Көшкен сайын

бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған

жаман екен,

Екі көзге мөлтілдеп жас келеді…» деп бұрынғы қайғылы оқиға туралы Шәкәрім Құдайбердіұлы да жазған екен.

Қалмақтарға қарсы жорық

Әбілқайыр ханның мол әскери күшпен Жайық бойында тосыннан пайда болуы Еділ қалмақтарының құтын қашырып, үрейін туғызды. Қазақтардың өздеріне қарсы бағыт алғанын анықтап білу үшін қалмақтар  алдымен барлау тобын жібергенімен олардың көзі жойылып, тек біреуі ғана қашып құтылған. Осы кезде Әбілқайыр хан Бұлқайыр сұлтан бастаған 20 мың қазақ қосыны Жайық өзенінен өтіп, Бақсай мекеніне тоқтаған. Ол туралы Досанг тайшы 1723 жылы Астрахан губернаторы А.П.Волынскийге хабарлаған.

Әбілқайыр хан бастаған қазақ қосыны 1723 жылы қыркүйекте және 1724 жылы көктемде Еділ қалмақтарына соққы беріп, 1724 жылы күзде Түркістанға шабуыл жасап, қаланы қалмақтардың қолынан қайтарып алды. Сол тұста Сырдағы қарақалпақ ордасында болған башқұрт Мақсұт молда Юнусов 1724 жылы 6 қарашада Сыртқы істер коллегиясына жолдаған хатында: «Әбілқайыр хан мен бүкіл қазақтар қазіргі уақытта Түркістанда, мұнда қазақтардан ешкім жоқ. Аюкенің жиені  Шона батыр бұрын Түркістан шаһары мен 32 кентті алған еді. Әбілқайыр ханмен бірге қазақтардың бәрі жиналып, Түркістанға жорық жасап, Шона батырмен соғысып, оны қашуға мәжбүр етіп, Түркістан шаһарын қайтарып алды» деп хабарлаған.

Бұланты шайқасы

Қасиетті Ұлытау жеріндегі Бұланты-Білеуті өзендерінің аралығындағы кең жазықта қазақ халқының тағдыры шешілген шайқас болғандығы анық. Қазақ халқының тарихында 1723-1727 жылдар аралығын қамтыған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталатын қайғылы оқиғадан кейін үш жүздің ру-тайпалары бас қосып, алқалы кеңес өткізген жер Оңтүстік Қазақстандағы Ордабасы болды. Осы арадан бірлікпен аттанған қазақ жасақтары Әбілқайыр ханды бас қолбасшылыққа сайлаған. Қазақ жауынгерлері алғашқы жеңіске 1726 жылы Шұбартеңіз маңында қол жеткізді. Одан кейін мықты қаруланған жоңғар әскеріне қарсы Ұлытау мен Сарыарқаны қорғау мақсатында 1727 жылы Бұланты мен Білеуті аралығында «Қарасүйір», «Қалмаққырылған» деген жерде жан алып, жан беріскен шайқас өткен.

Осы Бұланты-Білеуті өзендері аралығындағы шайқаста ерекше көзге түскен және ең алғашқы жеңістің туын желбіреткен Кіші жүз жетіруынан Тайлақ батыр мен оның жиені Ұлы жүз ошақты Саңырық батырлар туралы деректі қазақ қарияларынан ең алғаш рет жазып алып, Әбубәкір Диваев «Көк-Кесене мавзолейі» атты мақаласында 1905 жылы жариялаған. Одан кейін қазақ зиялысы ­М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» еңбегінде жазған. Осы аталған еңбектерге кейін тарихшы Ирина Ерофеева сілтеме жасаған.

Аңырақай соғысы

Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқы Отан соғысының (1729/1730) жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдебиетінде айтылады. Сондай-ақ ­М.Тынышбаевтың еңбегі және басқа да бірқатар жанама деректемелер арналған. Тарихта Аңырақай шайқасы өткен алқап Балқаш көлінің оңтүстік-шығыс жағында 120 шақырым жерде болғандығы айтылады.

Аңырақай шайқасына байланысты тарихшы ­И.В.Ерофеева өзінің «Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик» атты еңбегінде нақты деректер келтірген. Онда Аңырақай шайқасына қатысқан Бөгенбай, Қабанбай, Тайлақ, Саңырық, Малайсары және тағы басқа көп батырлар қатысқан деп жазды.

Ғалым бұл еңбегінде қазақтар мен қалмақтар шайқастан кейін бейбіт келісім жасады дейді. Осы шайқастың өткендігі туралы 1730-1731 жылдары Әбілқайырдың башқұрттарға барған елшілері айтқан. Башқұрттар қазақ-қалмақ арасында осындай үлкен шайқас болғандығы туралы Ресей үкіметіне хабар берген.

Аңырақай шайқасынан кейін Үш жүздің ханы Болат өлді, таққа Кіші жүз ханы Әбілқайыр, Болаттың ұлы Әбілмәмбет таласты. Таққа Әбілмәмбет отырды. Соғыс алаңын әуелі Әбілмәмбет, іле-шала Сәмеке тастап кетті. Қазақ қонысы шегінді, Орта жүз Шу бойына кетті, Ұлы жүз қалмаққа бағынды. Әбілқайыр орыс шекарасына жылжып, іргесін Орта жүзден аулақ салды, сөйтті де, Ресеймен одақ болу жөнінде келіссөздер жүргізді.

Дуылғалы дала перзенттері Тайлақ пен Саңырық батырлардың Бұланты мен Аңырақай шайқастарында қазақ сардарларының қолын бастап шыққаны, ту ұстаған батырлардың бірегейі болып танылуы тарихи ой-түйін айтуға да негіз болады. Ең әуелі мына мәселені атап өтуіміз қажет. Саңырық батырдың көтерілген биігі, оның батырлық абыройы, қиын-қыстау сұрапыл кезеңде елі мен жерін қорғау жолында ұран салған ерлігі мен жеңісі бүкіл қазақ даласына мадақ болып естіліп, мақтаныш болып жырланған. Тарихи жырда:

«Босқан елді құрап ап,

Қол бастаған Cаңырық.

Алладан медет сұрап ап,

Жол бастаған Саңырық.

Қарсы келген жауына,

Қырғын салған Саңырық.

Анталаған қалмаққа,

Сүргін салған Саңырық.

Тайлақ батыр екеуі,

Серік болған Саңырық…» деп жырланып, арғы замандардан халық арасында ерлік дастаны болып жеткен.

Қаратауда қақтығыс болған ба?

Қолбасшы Тайлақ батыр мен жиені Саңырық батыр­дың Ордабасы, Қаратау және Қазығұрт аймағында қалмақтарға қарсы соғысқанын көп ел біле бермейді. Ол шайқастар туралы кезінде ескілікті қариялардан көп тыңдаған және сол мәліметті жеткізуші Әбілдә бидің келіні, Қылышбектің қызы – Үрзия. Бұл Әбілдәнің аталары Тайлақ батырдың немересі Қазанғап батырмен туыс болған. Қазанғап батыр осы Бадам төңірегіне қоныстанған соң өзі сұрастырды ма, әлде ескі қариялардың көрсетуімен айтты ма екен? Тайлақ батыр мен Саңырық батырдың қалмаққа қарсы соғысқан жері деп қазіргі Қараспан төбеден ары Бадамға шыға берістегі бұрынғы Жамбыл елді мекенінің жерін айтады екен. Шайқаста Тайлақ батырың мыңбасы батырлары қасында жүрген.

Міне, осындай жойқын шабуылдардың бір бағыты Cары-Манжа ноянның қол бастауымен Сыр бойына бағытталған уақытта 1739-1740 жылдары шамасында Тайлақ батыр жаумен шайқаста қоршауда жараланып шығып, кейін Қаратау мен Шиелі арасында қаза тапқан сияқты. Міне, осындай қазақ халқының даңқты тұлғасы – Тайлақ Мәтіұлына қатысты тарихи шайқас орындары мен «Тайлақ өлген», «Тайлақ бұлағы» деген жерлердің атау­лары да сақталып қалған.

Қазақ халқының азаттығы жолында күрескен тарихи тұлға, даңқты қолбасшы – Тайлақ Мәтіұлының ерлігі мен жорық жолдарын әлі көп зерттеу қажет. Ол үшін тарихи орындарға экспедициялар ұйымдас­тырып қарау керек. Одан кейін Ресей архивтері мен кітапханаларынан материалдарды қарау үшін көп ізденіс жасалуы тиіс.

Есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері қазақтың әрбір өлкесінде бар. Олардың есімін әрдайым ұлықтаудың, жас ұрпақ біліп өсуінің маңызы өте зор. Біз тарихымызды тас­қа басқан бабаларымыздың ұрпағы ретінде Тайлақ батыр сияқты тұлғаларымыздың есімін әрдайым дәріптеп, есте қалдыру шараларын қолға алуымыз керек деп білеміз.

Қанат ЕҢСЕНОВ, Мемлекет тарихы институтының  жетекші ғылыми қызметкері,  тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдас­тырылған профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button