Тайтөбеде – Нияз би кесенесі
Сарыарқаның қос өзені Есіл мен Нұра арасындағы жайдақ өлкеде Тайтөбеден биік жер де жоқ шығар. Нұра Тайтөбені оң жағымен, шығыстан айналып өтеді де, одан әрі Қорғалжын қопасына қарай тіке тартады.
Егер осы алаңға құс қанатының үстінен қарасақ, Тайтөбенің өзенге бір жағынан кіріккен түбек сияқты жер екенін аңғарар едік. Осылайша Тайтөбе тек батысынан, яғни қазіргі Астана жағынан ғана ашық табиғи бекініс сияқты. Ортағасырлық қоныстардың барлығы да, әсіресе хан мен сұлтандардың ордалары, осылайша тұтқиыл шабуылдардан қорғанды.
Оның басына шықсаң, көз жетер маңайдың бәрі алақанға қойғандай көрініп тұрады. Тайтөбенің биік жерінде Нияз би кесенесі орналасқан. Нияз Тілеуліұлы (1741-1790) – Абылай ханның бас билерінің бірі болған. Оның кесенесін Нияздың бір баласы Ахметов Ақмолда Хамзаұлының басқаруымен Нияз ұрпақтары 2009 жылы қайта көтеріп кесене орнатып, құран бағыштады.
Ұзын қыпшақтың алпыс тармағынан шыққан. Тапқырлығы мен әділдігіне риза болған Абылай хан Нияз бидің талантын жоғары бағалаған. Би өмірінің көпшілігін Қараөткелде, Көкшетау өңірінде өткізген.
Осындай ұлы батырлар мен билердің ортасынан тәлім алған Нияз ержете келе Есіл, Нұра жағаларын, Атбасар, Қараөткел атырабын мекен еткен елдерді басқарып, оларға әділ билік жүргізген. Елдікті, ерлікті, бірлікті, ынтымақты, адалдықты, адамдықты уағыздап келген. Нияз бидің тапқыр, шешендігі жөнінде мына бір аңыз ел есінде қалыпты.
Зерттеушілер Ақмола (қазіргі Астана) қаласы атауының тарихын Нияз би қабірінің басына орнатылған ақ моламен байланыстырады. Ұзын қыпшақтар Торғай өзенінің алқабындағы қазіргі қоныстарына XVIII ғасырдың ақырында Нияз және Кенжетай билердің нұсқауымен келіп мекендеген. Нияздан Айдаралы, Байдалы, Жақсылық, Айдарбек, Байғозы ұрпақтары тарайды. Әкесі Тілеулі батыр 92 баулы Қыпшақ жұртының құрама қолын басқарған Аңырақай, Қалмаққырған, Қалақұм тағы сондай атақты шайқастарда талай-талай ерлік көрсеткен Абылай ханның жеңімпаз батыры болыпты.
Нияз тәрізді бірегей билердің, батырлардың ел үшін, халық үшін атқарып кеткен игі істерін өшпестей етіп, тарих беттеріне түсіріп, мәңгі есте қалдыру – алдағы міндетіміз.
Мен – сол Нияз бидің ұрпақтарының бірімін. Таяуда кесенеге жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл да бір тарихи ескерткіштердің бірі болып қалды. Туристер, қала халқы зиратқа келіп қысы-жазы құран бағыштайды.
Алдағы уақыттағы мақсат – кесенеге баратын жолға көтерме жол, асфальт төсеу. Жан-жағын абаттандыру, ағаштар егу. Тарихи орынға айналдыру. Нияз биге арнап Тайтөбеден бір көше берсе жақсы болар еді.
Нияз би тәрізді ұлы билердің қазақ халқы үшін сіңірген еңбектері, игілікті істері – кейінгі ұрпағына өміршең өнеге. Сондықтан да, бар мұраты ел мерейімен байланысып жатқан аталардың көкірегіндегі аяулы арманның ұшқынын кейінгі ұрпақ бойына дарыта жүрсе, әсте артық болмайды.
Рамазан ТӨЛЕНБИ,
Ақмола облысы
Целиноград ауданы