ТАКСИ ҚЫЗМЕТІ ТАЛАПҚА САЙ МА?
Елордада такси қызметіне талап күшейіп, қала әкімдігі қауіпсіз такси қызметіне ерекше ден қоя бастады. Қала көшелеріне эконом, стандарт және бизнес-кластағы мыңнан аса көлік шықпақ. Бірыңғай таксидің салонында төлем картасын қабылдайтын терминал, таксометр және wi-fi орнатылады.
Бас қалада такси қызметіне сұраныс көп. Діттеген жеріңізге жедел жеткіңіз келсе, кез келген таксиге мініп кете бересіз. Бағасы да қолжетімді. Олардың қатарында заңды такси парктерінің жүргізушілері де, «жабайы» такси де бар.
Бір жақын досым – такси жүргізушісі. Сол қызметімен Астанада адам тасып, отбасын асырайды. Тапқан табысының тең жарымын жалдап отырған баспанасы мен жаңадан алған көлігінің кредитіне төлейді. Әйтеуір, осы жұмыстан кеткісі жоқ. «Үйреніп қалғам, өзіме ұнайды» деп бір жымиып қояды. Расымен де бүгінгі таңда такси көптеген азаматтардың негізгі табыс табу көзіне айналды.
Такси қызметінің көрігі түнгі уақытта қызады. Таң атқанша көз ілмей жұмыс істейтіндер көп. Әсіресе, сондай кезде жабайы таксистердің айы оңынан туады. Олар адамдар көп шоғырланған орындарда жүреді. Мәселен, вокзал, әуежай, үлкен сауда орындары алдында заңсыз автотұрақ жасап алғандар баршылық. «Жабайы» таксистерге міну бір жағынан қауіпті. Жолдан кезіккен кез келген машинаға мініп, түрлі жағдайға ұшырап жатқан жандар елімізде көп. Сондықтан, жолаушылардың қауіпсіздігі алаңдатады.
Биылғы жылдың сәуір айында өткен Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ЭКСПО көрмесі мәселелеріне арналған кеңесте Мемлекет басшысы елордадағы такси қызметіне тоқтала келіп: «Әлі күнге дейін заманауи такси қызметі жоқ. «Экотаксиді» алмағанда, барлық таксилер ала-құла, таксометрсіз, сыртқы түрлерінің стандарты, бірыңғай киім формасы жоқ» деген еді.
Қазіргі таңда елорда халқының саны миллионға жақындады. Еліміздегі ірі мегополис десе де болады. Сол талапқа сәйкес бас қаладағы такси қызметі де жоғарғы деңгейде болуы қажет. Осыны ескерген елорда әкімдігі заңды жұмыс істеп жүрген таксилерге бірыңғай талаптар енгізбек. Жүргізушілер жүру ережелерін қатаң білу қажет. Жолаушылармен мәдениетті
тіл табысу керек. Уақыт талабына сай ағылшын тілін де меңгерген жөн. Өйткені, алдымызда барлық әлем көз тігіп отырған «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесі келе жатыр.
«Астана LRT» ЖШС Жолаушы көлігі басқармасының жетекшісі Бейбіт Есжановтың айтуынша, елордадағы такси желісін жетілдіруге арналған жоба «City taxi» деп аталады. «Таксидің сыртқы түрі бірыңғай форматта бекітілуі керек. Сонымен қатар осы қызмет түрі лицензиялануы қажет. Бұл лицензияны алу үшін жүргізуші алдымен тиісті мамандандырылған оқу орнында біліктілігін жетілдіруге міндетті болады» дейді Бейбіт Есжанов.
Аталған жоба аясында такси инфрақұрылымын дамыту көзделген. Бүгінде қала бойынша таксилерге арналған 47 орын жасақталған, алдағы уақытта оларды 300-ге дейін арттыру көзделген.
Асылы, такси қызметі нарықтық қатынастар заңына бағынған. Бүгінде Астанада жеңіл көліктермен жолаушылар және шағын жүк тасымалдаумен айналысатын 14 такси паркі тіркелген. Осыдан төрт жыл бұрын пайдалануға берілген «Астана Эко такси» қалалық таксопаркі қызметі жөнінде жұртшылық жылы пікірде. Олардың қызмет көрсету деңгейі айтарлықтай. Көліктердің барлығы уақыт талабына сай жарақталған. Экологиялық отынмен жүреді.
Жолаушылардың қауіпсіздігі де қорғалған. Биылғы жаңа жылдан бастап Астана әуежайында жолаушыларды ресми тасымалдаушы ретінде «Экотакси» өз қызметін жүзеге асыра бастады. Оның қызметкерлері жолаушыларды қарсы алып, кеңес береді.
Біз осы жерде елордадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығының алдында «Астана Company KZ» ЖШС такси жүргізушісі Сәкен Болат деген азаматпен кездесіп, пікірлескен едік.
– Осы мекемеде екі жылдан бері жұмыс істеймін. Біз адамдарға тәулік бойы қызмет көрсетеміз. Әрине, жүргізушілер ауысыммен ауысып отырады. Астанада такси қызметінде бәсекелестік күшті. Әсіресе, жабайы таксилер алдымызды орайды. Сонда да өз клиенттеріміздің көңілін қалдырмаймыз. Біздің фирмада 30-ға жуық машина бар. Олардың барлығы заңды қызмет көрсетеді. Жолаушыға шек береміз. Күніне компанияға машинаны жалға алған үшін бес жарым мың төлейміз. Оның сыртында жанармай бар, диспетчер қызметі де ақылы. Қалған табысымызбен отбасымызды асыраймыз. Арнайы қызмет киім киеміз. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне мұқият дайындалып жатырмыз. Көліктеріміз де жаңарады, – дейді ол.
Қорыта келгенде, елордадағы такси қызметіне талап күшеймек. Оның барлығы адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін атқарылып жатқан ізгілікті іс деуге болады.
Азамат ЕСЕНЖОЛ