Басты ақпарат

Такси «тізгіні» кімде?

Қазір үйде отырып такси шақыру әдеттегі жұмысқа айналған. Бұрынғыдай суыққа тоңып, күнге күйіп, жол бойында такси тосудың қажеті жоқ. Жолаушыларға қызмет өтейтін такси серіктестіктеріне телефон шалып, такси шақыратын кез де келмеске кетті. Телефоныңызға Indriver сияқты мобильдік қосымшаны орнатып алсаңыз болғаны, қалаған уақытыңызда такси шақырып, діттеген жеріңізге кешікпей жетуге мүмкіндік бар. 

[smartslider3 slider=1865]

Қазақстанда Іndriver, Yandex.Taxi, DiDi chuxing, Uber Taxi сынды такси қызметімен айналысатын серіктестіктердің саудасы қызып тұр. Әсіресе, Іndriver мен Yandex.Taxi көлік және тасымал жұмыстарына қызмет өтеудегі қолайлығымен жұрттың ең көп пайдаланатын тасымал серіктестіктеріне айналған. Жұрт осы серіктестіктердің қызметіне жүгініп, такси жалдау мәселесін шешсе, аталған серіктестіктерге такси жүргізушісі болып тіркеліп, нәпақа тауып жүрген азаматтар да аз емес

ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАР ШЕҢГЕЛДЕП ТҰР

Қазақстандағы такси қызметі нарығына шетелдік компаниялар 2014 жылдан бастап келе бастады. Атап айтқанда, Ресейде құрылған Іndriver халықаралық компаниясы 2014 жылдың соңында Қазақстан нарығына шықты. Араға екі жыл салып, Ресейлік Yandex.Taxi елімізде өз жұмысын бастаса, 2009 жылы Сан-Францискода іске қосылған Uber Taxi де 2016 жылдың соңында еліміз нарығына ентелеп кірді. Алайда такси қызметінен тыс тамаққа тапсырыс беру, заттарды жеткізу және қоғамдық көлік қозғалысын бақылау қызметтерін қоса ұсынатын Yandex.Taxi мен қызмет өтеудегі қолайлылығы жағынан жұрттың сеніміне ие болған Іndriver Uber-ге ырық берген жоқ. Тез арада Қазақстан нарығына танымал болып үлгерді. Алайда 2021 жылы Yandex.Taxi-дің Қазақстандағы бөлімшесі дауға қалды. Алматы экономикалық сотының 2021 жылдың 19 мамырдағы шешімімен ресейлік компания қазақстандық G-taxi компаниясының патенттік құқығын бұзды деп танылып, Yandex.Taxi-дің еліміздегі қызметі бұғатталатын болған еді. Бірақ көп өтпей апелляциялық сот Қазақстандағы Yandex.Taxi қызметін бұғаттау туралы шешімнің күшін жойды.

Yandex.Taxi даумен әуре болып жүргенде, Қытайдың DіDі chuxing компаниясы темірді қызуында соғып, еліміз нарығына кірді. DiDi – пайдаланушылар саны бойынша әлемдегі ең ірі онлайн көлік платформасы саналады. Нарықты жедел игерудегі қабілетімен танылған бұл компания Қытай нарығынан Uber-ді тықсырып шыққаны үшін «Uber-дің жауы» деген лақап атқа ие болған. Ол такси қызметімен қатар тасымалдау, тамақ жеткізу, велосипедтер мен автомобильдерді жалға беру және жүк жеткізу қызметтерін де ұсынады. DiDi Қазақстан нарығын тез игеру үшін бастапқыда бағаны арзан қоюмен қатар, жүргізушілерге тапқан табысына қарай ақшалай сыйлық беру тәсілін қолданып, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында өте тез кереге жайды.

2021 жылдың қаңтар айында Алматыда Bolt халықаралық такси қызметі іске қосылды. Қазір эстондық компанияның да мегаполистегі аяқ алысы жаман емес. Елімізден нәпақа тауып жүрген шетелдік компаниялардың қатарында 2018 жылы бас қаламызда жұмыс бастаған KANGAROO брендімен қызмет көрсететін шетелдік «Кенгуру» ЖШС» компаниясының «Astana taxi» қызметін де атауға болады. Былайша айтқанда, қазіргі таңда елімізде 10-ға жуық шетелдік тасымал серіктестігі жұмыс істейді.

БАРҒАН САЙЫН АСПАНДАҒАН БАҒА

Соңғы кездері жолаушылар Yandex.Taxi мен Uber таксидің қызмет құнының шарықтап кеткеніне жиі шағымдана бастады. Статистика бойынша өткен жылы бұл көлік қызметінің тарифі орта есеппен 6,8 пайызға көтерілген. Биыл да бұл өсім жалғасуда. Бастапқыда арзан баға ұсынып, елді қызықтырған қытайлық компанияның да қазір бағасы өскен. Жол шетінде такси тосқандарды ыңғайлы бағамен ала кететіндер қазір қарға адым жерге 500 теңге сұрайды. Таксидің бағасы, жанар майдың бағасы өскенімен, халықтың жалақысы өскен жоқ. Халықтың такси қымбат дейтіні содан. Бұл арада карантин жағдайына байланысты автобустар тоқтаған кезде барлық таксилер бағаны 3 есеге дейін қымбаттатып жіберетінін де айта кеткен жөн. Қалада қар жауған және таңертең, кешкі қарбалас мезгілде де таксилер бағаны қалағанынша көтере береді. Оны тексеріп, қадағалап отырған үкімет жоқ. Мәселен, бұрын 500 теңгемен жететін жерге қазір Indriver 800-900 теңге сұраса, Yandex.Taxi 1000-1100 теңге алады. Ал DiDi мен Uber-дің бағасы 1200-ден түспейді. Керек десеңіз, Yandex

Таксидің бағасы, жанар майдың бағасы өскені­мен, халықтың жалақысы өскен жоқ. Халықтың такси қымбат дейтіні содан. Бұл арада карантин жағдайына байланысты автобустар тоқтаған кезде барлық таксилер бағаны 3 есеге дейін қымбаттатып жіберетінін де айта кеткен жөн.

Taxi-де тарифті жүргізуші емес, сервис белгілейді, таксист тарифтің қандай екенін жолаушыны апарып тастағаннан кейін біледі. Ал Indriver жолаушы 500 теңге деп жазса, жүргізушіге бағаны 50 теңгеден 200 теңгеге дейін көтеруге ұсыныс жасайды. Шынын қуғанда, нарық заңы бойынша, бізде такси қыз­метімен айналысатын компаниялар көбейген сайын, бәсекелестік артып, баға арзандауы керек еді. Бірақ біздің елде керісінше болды.

Егер еліміздегі әрбір таксист салық органында кәсіпкерлігін рәсімдеп, тиісті салықтарды төлесе, салонында есептегіш тұрса, тариф ресми бекітілсе, есептегіште қанша шақырым көрсетілсе, жолаушылар да еш даусыз, тариф бойынша ақысын төлер еді. Ондай ортақ заң болмаған соң, қолы босай қалғанның бәрі таксилететін болып алды. Ал бағасы барлық салықты төлеп жүргендей қымбат. Дамыған елдерде жолаушылар тасымалы – толығымен мемлекет бақылауында. Таксишілер сұрайтын құнын ойдан шығара салмайды. Мысалы, Ресейде «Жеке кәсіпкер» немесе салық төлейтін «Өзін-өзі жұмыспен қамтушы» ретінде тіркелмеген адам Іndriver, Yandex.Taxi және басқа сервистер арқылы жеке тасымал қызметімен айналыса алмайды. Оған заңнама рұқсат етпейді. Егер заңды айналып өтсе, құқық қорғау органдарының қудалауына ұшырайды.

Оның үстіне, Uber, Іndriver мен Yandex.Taxi сияқты мобильді қосымшалар бойынша адам таситын компанияларға тіркелген көліктердің көбі техникалық талаптарға сай келмейді. «Жүргізушісі қандай, көлігі такси қызметін өтеуге жарамды ма?» деп қажетті талаптарға сай, қауіпсіздік қызметіне ден қойып жатқан жан жоқ. Әйтеуір, 18 жастан асқан, астында көлігі бар адам өтініш жасаса, тасымал компаниялары 10 минутқа жеткізбей тіркеуден өткізеді. Олардың басты ойлағаны – әрбір жолау­шыдан алынатын ақшаның 10 пайызы. Ал ол 10 пайыз ақшаның қаншасы біздің бюджетке түседі, шетелдік компаниялар қалай салық төлеп отыр? Ол жағында ешқандай мәлімет жоқ. Мүмкін билік басындағы әлдекімдердің аузын майлап қойып, бір тиын да тапсырмай жүрген шығар. Ол жағын қадағалап, такси қыз­метінің өзінен еліміздің қазынасына мынадай қаражат түсті деп есеп беріп жатқан мекемені көргеніміз жоқ.

ОТАНДЫҚ «ӨНІМ» КЕРЕК

Басқасы басқа, дәл осы такси қызметін отандық компаниялардың өтеуіне мүмкіндік мол. Алайда мемлекеттен қолдау болмағаннан кейін, отандық серіктестіктер Қазақстан нарығына кірген шетелдік алпауыт компаниялардың тегеурініне төтеп бере алмай отыр. Әйтпесе, біздің елде де Іndriver сияқты мобильдік қосымшаны жасап шығуға қабілеті қаптал жететін программистер аз емес. Қытай билігі Қытай нарығынан шетелдік Uber таксиді қуып шығу үшін өзінің DiDi таксиін экономикалық жақтан, саясаттық жақтан қолдап, демеді. Нәтижесінде DiDi аз уақыттың ішінде әлемнің 15 еліне тамыр тартып үлгерді. Біздің ел де осы тәсілді қолдану керек. Мемлекет жағынан қолдау жасаса, шетелдік компанияларды ығыстырып шығаруға қабілетті компаниялар біздің елден де табылады. Әрине, оған кететін қаржыға таршылық жасамау керек. Онсыз да Қазақстанның қыруар ақшасы өзге елдердің такси компаниялары арқылы шетел асып жатыр. Отандық компания­ларды қолдау осы жағдайдың алдын алуға тиімді болып қана қоймай, бюджетке түсетін салықты да арттырады.

Қауіпсіздік мәселесі де – такси қыз­метіндегі өзекті түйіндердің бірі. Кім көрінген такси қызметімен айналысқаннан кейін, жолаушыларға құқай көрсететін, әлімжеттілік жасайтын, тіпті, тонап кететін жағдай да жоқ емес. Қауіпсіздік талаптарын сақтамай, құйғытып көлік жүргізетін таксистер де баршылық. Ендеше, алда-жалда жол апаты туылып, жолаушы жараланса немесе мерт болса, кім құн төлейді? Такси серіктестігі ме, әлде жүргізуші ме? Әр жолаушының жол ақысынан 10 пайыз ақша ұстап отырған Indriver, Yandex.Taxi сынды шетелдік компаниялар жазатайым жағдай туылғанда қандай жауапкершілік арқалайды? Бұл жөнінде Үкімет халыққа ашық түсінік жасап, такси қызметімен айналысатындарға жауапкершілік жүктеу керек еді.

Жолаушы тасымалы – өте жауапты жұмыс. Өйткені қазір «Жұмыс табылмаса, таксишілік қылып жан бағам» дейтіндер көбейді. Таксилердің зат жеткізу қызметі де дамыған. Кішігірім заттарыңызды такси шақырып, көздеген жерге жібере аласыз. Халыққа өте қолайлы. Дегенмен, бұл есірткі тасымалының бір жолына айналып кету қаупі де жоқ емес. Мәселен, әлдекім такси шақыру қосымшасына бір кішкентай затты екінші бір орынға жеткізу туралы хабарлама берсе, таксилердің бәрі ойланбай барады. Айтқан жеріне жеткізіп ақшасын алып кете береді. «Бұл не зат?» деп қораптың ішін ешкім ашып көрмейді (көретін құқығы да жоқ). Алайда оның ішіне есірткі жасырылған болып, такси иесі апара жатқан жолда қолға түссе, ол жазаға тартыла ма? Оған заңда қандай жаза қарастырылған?

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button