Елорда тынысы

Тал егіп, табиғатты аялайық

АҚШ-тың отыз екінші президенті Франклин Рузвельттің «Бір елдің өркениет дәрежесі өмір сүрген жерінде ағаш егу мәдениетін қалыптастырғанымен өлшенеді» деген керемет сөзі бар. Демек, өркениеттің бір өлшемі көшет отырғызып, оны күтіп-баптаумен сараланады.

Жалпы, табиғат аясында үндестікпен ғұмыр кешкен ата-бабамыз «Жемісті ағаштың басы төмен» деп ырысқа балады әрі «Бір тал кессең, он тал ек» деп ескертіп, ағаштың қадір-қасиетін дәріптеді. Қазір осы дәстүрден жаңылып, тым науқаншыл болып алдық. Көктем шыға көшет отыр­ғызып, мәз болып, ақпарат етіп жариялаймыз. Күзге дейін сол ағаш көктеп, жапырақ жайды ма, оған бас қатыратын адам аз.

Әлемде ағаш егу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Халықаралық ағаш егу күнін атап өтеді. Тіпті Лесото, Уганда, Коста-Рика, Намибия, Танзания, Малави, тағы басқа елдерде ағаш егу күні бар. Бізге де Наурыз мерекесінде ағаш отырғызуды кең ауқымда насихаттап, мереке аясында жастарға ағаш егу мәдениетін сіңіру керек-ақ. Жыл сайын қалада және елді мекендерде көшет отырғызылып жатады. Бірақ оны уақытылы суару, күтіп ұстау жағы кемшін. Көшет отырғызылған жерлерді арам шөп басып жатады. Ал есепте «ол жерде пәленбай ағаш өсіп тұр» деп көрсетіледі.

Ағаш ексе, адамның күнәсі жеңілдейтіні жөнінде аңыз бар. Ертеде бір жігіт түс көреді. Түсінде әкесі шөл далада көлеңке іздеп жүріпті. Күннің ыстығынан табаны күйіп, жанұшыра айқайлайды. Жігіт шошып оянады. Ауыл ішінде жүз жасаған қарияға барып түсін жорытады. Сонда: «Балам, әкеңнің қабіріне ағаш ек. Әкең қабірде ауырлық тартып жатыр. Ағаш күнәсін жеңілдетеді» деп жориды. Бала ертесіне әкесінің моласына ағаш егеді. Оны күтіп, баптап өсіріпті. Бір күні тағы да түс көреді. Түсінде әкесі үлкен бір ағаштың көлеңкесінде жатыр екен.

«Мазар басына ағаш ексе, сауабы тіріге де, өліге де тиеді» деген сөз осы аңыздан үлгі боп жетіпті.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button