Басты ақпарат

«Тальго» талғамға сай ма?

Нұр-Сұлтан қаласының «Нұрлы жол» вокзалына билет алуға келген танысым «Тальго» пойызының Орал қаласына дейінгі билет бағасын көріп есінен танып қала жаздаған. Бір адамға тек бару бағасы 25 мың теңге болып кетіпті. «Бұл неге қымбат? Неге бұлай?» деген сауалға кассада отырған қыздар: «ағай, билет бағасын белгілейтін біз емес. Сәл арзандау алғыңыз келсе, ертерек қамдану керек еді» деген уәж айтыпты.

Қазір жаз мезгілі. Керек жеріңе жету үшін әп дегенде билет табу да қиындық туғызады. «Ұшақ билеті одан да қымбат» дегенді естіген жолаушымыз, амалы жоқ, алты адамға барып-келу билетін алған кезде қалтасына салмақ түскенін анық байқады.

[smartslider3 slider=3793]

Вагоны көңілден шықпады

«Жолға аттанар күні «Тальго» пойызы Алматы қаласынан Нұр-Сұлтан қаласының ескі темір жол вокзалына 40 минуттай кешігіп келді. Осыншама ақшаға билет сатып алған соң отбасымызбен бұл пойызды тура бір сағатқа жақын күткеніміз ұнамады» деді жолаушым.

– Дегенмен сабыр сақтап, жылдамдығы мен жайлылығы үшін құнын арттырып тұрған шығар деп вагонға келіп жайғаса бастадық. Сөйтсек, екі вагонға бір есіктен кіреді екен. Қазақстанның темір жол желісіне осы пойыз шыққалы «Орал мен Ақтөбе қаласына жол қысқарды» дегенді естігенмен, бұл пойызға алғашқы отыруым еді. Бәріміз сығылысып бір есіктен кіргеніміздің өзі көңіліме кірбің түсірді. Ішке ену бағыты тек шағын ғана жанып-өшіп тұрған сызықпен көрсетілген. Оны үлкен кісілер байқамауы да мүмкін. Одан әрі купеңді іздейсің. Екі-үш жылда бір қыдырып бара жатқан адамның заты аз бола ма? Дәлізде қарсы кездескен адаммен кептелдік те қалдық. Абырой болғанда, ол жастау еді. Қарсы тұрған купеге кіріп, бізге өзі жол берді.

Купеге кіріп едік, бізден бұрын бір адам жайғасып алған екен. Барлық жерге затын толтырып салып тастапты. Сөйтсек, ол Ақтөбе қаласына көшіп бара жатқан неміс әйелі екен. Енді не істейміз? Жолсерікті шақырдық. Ол әйтеуір сол кісінің жарты затын өз купесіне алып, бұл мәселе шешімін тапқандай болды. Купеде орын өте тар. Жоғарғы орындағы төсегіме жайғасу үшін жолсерікті шақыртып, кілтімен ашқызып түсіртіп алуым керек. Астыңғы орындыққа отыруым үшін де жолсерікті шақыруым керек. Шай ішейін деп едік. Қайнамаған қанжылым су құйып берді. Қайнаған суды тек вагон-мейрамханадан сатып алуым керек екен.

Ал енді әжетханаға барғандағы көрген қиындығымды айтсам, сенбеуіңіз мүмкін. Өзім салмағым бір пұттан артықтау, етжеңді кісі едім. Үсті-басымды суға былғап, купеге малмандай болып келдім…

Міне, бұл – тамыз айында Орал қаласына сапар шеккен жолау­шының «Тальго» пойызы туралы ой-пікірі. Ал оның қауіпсіздігі туралы Петропавл қаласының тұрғыны да өз пікірін білдіріпті.

Купедегі көршілері қатты қорқытқан

– Туған жерім Петропавл қаласына мен жылына бір рет барып тұрамын. «Тальго» по­йызы шыққалы жол қысқарды. Бұрынғы 9 сағаттың орнына енді тек 6 сағат қана уақыт жіберемін. Бұл пойызды о баста тез жүреді, қауіпсіз деп мақтаған соң билетті тек осыған алатын едім. Дегенмен елімнен кейін оралар сапарымда жүрегім біраз шайлығып қалды. Сол жолы купеге менімен бірге екі ер адам отырды. Екеуі де әңгімешіл екен. Күні бойы ауыздары бір дамыл таппай сөйледі де отырды. Әңгіме арасында әдепсіз сөздерді де айтып қояды. Сондай кезде мен оларға қастарында әйел адам келе жатқанын айтып, ескерту жасаймын. Бір кезде екеуі «мейрамханаға кеттік» деп шығып кетті. Екі-үш сағаттан қайтып оралғанда мінездері де өзгеріп кеткен. Біреуінің көзі аларып кетіпті. Тілі байланып қалған. Екіншісі айтады: «Қалқаманға артықтау болып кетті-ау. Жаңа аздап есірткі шегіп еді» деп. Жолсерікті шақырып, мені басқа купеге ауыстыруын сұрадым. Ол бір жас жігітпен келісіп, мені көрші купеге соның орнына көшірді.

Өткен жылы қазан айынан бастап «Тальго» пойызында ­Алматы-Өскемен, Алматы-Маң­ғыстау бағытында тек қана әйел­дер вагонын шығарыпты деп естідім. Енді осындай жобаны басқа бағдарларға да көбейтіп, іске қосса екен, – дейді елорда тұрғыны Әсия Мұратова.

Маусым айында «Жолаушылар тасымалы» АҚ бұрынғы бас директоры Питер Штурм баспасөз мәслихатын өткізді. Сонда ол кісіге «Тальго» пойызы билетін арзандатуға болмай ма? Көріп жүргеніміздей, жаз мезгілінде болмаса, басқа уақытта вагондар жартылай бос келеді» деген сұрақ қойылды.

«Жоқ, ол әзірге мүмкін болмай тұр. Бұл – халықаралық тәжірибе. Билетті 40-45 күн бұрын алса, анағұрлым арзан болады» деді.

Алайда қазақстандық тасымалдаушылар сол халықаралық тәжірибенің үлгілі жағын көрсете алмай отыр. 25-30 мың теңгеге билет сатқанмен, пойыздар 15 минуттан 1-1,5 сағатқа дейін кешігіп келеді. Оның себебін сұрасаң, «жол-жөнекей жөндеу жұмысы жүріп жатыр, рельс қызып кетеді, жолаушы пойызы жүк пойызына жол береді» деген сияқты жауап естисіз.

Шетелде пойыз белгіленген кестеден кешіксе, әр сағаты үшін жолаушыға қомақты өтемақы төлейді екен. Осы үрдісті бізде де неге енгізбеске?

Жолда мұқият болу қажет

Жаңа тәртіп бойынша «вагондар күніне үш рет сыпырып, тазаланады. Ал санитарлық тораптар тәулігіне 12 ретке дейін жуылып, тазалануы тиіс» деп жазылған пойыздың қағидаттар кітабында. Алайда қай жолаушыдан сұрасаң да күніне екі-үш рет жуып-тазалап жатқан жолсерікті көрдік деп айта алмайды. Есесіне жолау­шылар тастаған ас қалдығы мен қоқыстан себеттер асып төгіліп, иін тіресіп тұрады. Дәретханада кейде қол сүртетін қағаз бен әжетхана қағазы болмай қалады. Едені сүртілмей, судан шалқып жатады. Ал осының барлығын жолаушылар үнемі ескертіп, айтып жүруі керек пе? Оның үстіне, ауабаптағышты күні-түні қосып қояды. Ол біреу үшін жақсы шығар. Ал біреудің денсаулығына зиян, салқын тиеді. Айтуларынша, ол азайтып, бәсеңдетуге келмейді екен. Тіпті болмаған соң біреулер купедегі ауабаптағыштың бетін қағазбен жауып қойып, жан сақтайтын көрінеді. Кейде су ішетін бір реттік стақандар таусылып қалады. Мұны кейбіреулер ұсақ-түйек санауы мүмкін. Бірақ «Тальгодағы» бүгінгі көрініс осындай. Әр жолаушыдан қомақты ақша алған соң, соған сәйкес қызмет көрсетілуі керек емес пе?

Байқамасаңыз, «Тальго» пойызында жолыңыздан қалып қоюыңыз әбден мүмкін. Билет «Алматы-Орал» бағдарына «Нұрлы жол» вокзалынан сатылғанмен, пойызға елорданың ескі вокзалынан отырасыз. Бірақ ол билетте көрсетілмеген. Екіншіден, Нұр-Сұлтан-Орал бағытындағы билетке елордадан шығарда Нұр-Сұлтан уақыты көрсетілген де, Оралдан пойыз Орал уақыты бойынша жөнелтіледі. Айырмашылық – 1 сағат. Байқамаған жолаушы пойыздан қалып қоюы әбден мүмкін. Бірақ билет құны қайтарылмайды.

Сол баспасөз мәслихатында бұрынғы бас директор ­Питер Штурм «жолда мұқият болыңдар» деген сөзді бірнеше рет қайталады. Иә, жолаушы жолда мұқият, байқампаз болуы қажет. Біз сол «Тальго» жүрдек пойызынан жолаушылар байқаған кемшіліктерді жеткіздік. Ал оны түзету – басшылық құзыретінде.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button