Талабы оңғарылған Таңат
Астана қаласының 15 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп жатқан өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын адал қызметкерлердің абырой-беделін көтеретін «Астана таңдауы-2013» байқауына ұсынылып отырған үміткерлеріміздің бірі – дәрігер Таңат Жылгелдинов.
№1 қалалық ауруханаға Таңат Амантайұлын іздеп барғанымызда, жұмыс десе жұмыр басы дамыл көрмейтін жанға қаралуға жазылғн адамдар кабинетінің алдында қаптап тұр екен. Тілші келді дегеніне қарамастан, әуелі төрт-бес адамды қабылдады.
– Науқастар да мүсәпір жандар. Оларды ұзақ сарылтып, күттіріп қоюға болмайды, – деп бізге түсіністікпен қарауын өтінді.
Небәрі 29 жастағы жас маман бүгін №1қалалық аурухана туралы тұрғындар арасында оң көзқарас қалыптастыруға бір кісідей атсалысып жүр.
Ол 1984 жылы тамыз айының екінші жұлдызында Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Майқайың ауылында дүниеге келген. Сол жердегі № 2 орта мектептің 2001 жылғы түлегі.
Сол жылы Қарағанды медициналық академиясына түсіп, оны 2007 жылы тәмамдап, 2007-2008 жылдары «Оториноларингология» интернатурасына барады. Ал, 2009 жылы лор мамандығы бойынша резидентураны бітіреді. Онымен қоса, жас дәрігеріміз Германия мен Израильде де білім алған. 2009 жылдың күз мезгілінен бері елордамыздың жаңа пайдалануға берілген заманауи жабдықты ауруханасында дәрігер-ординатор ретінде қызмет атқарып келеді.
Жақсы дәрігер болу үшін ол мамандыққа қызығушылықпен келу азшылық етеді. Ақ халаттылар абыройына кір келтірмей, адам өміріне жауапкершілікпен, жанашырлықпен қараулары керек. Тар жерде табандылық, тапқырлық қажет. Дәрігер Таңат Амантайұлының бойына осы қасиеттердің барлығы дарыған.
Осы күнге дейін көптеген жандардың өмірлеріне араша түсу мақсатында ота жасап, ғұмырын ұзартты. Ал, оториноларингология бөлімінің бас дәрігері демалысқа шыққанда, өзінің жұмысын Таңат Амантайұлына сеніп тапсыратындығы оның өз ісіне немқұрайлы қарамайтындығын білдірсе керек.
Қандай сырқатпен келмесін, барлық науқасты жылы шыраймен қарсы алып, мұқият емдеп, аяққа тұруына барынша күш-жігері мен білім-білігін салатын Таңат Амантайұлына жұрттың алғыстан басқа айтары жоқ.
Осы күні қиыншылығы көп ұзақ жол деп медицина мамандығына жастардың көбі бара бермейді. Ұзақ жыл оқуынан, адамдар алдындағы жауапкершіліктен сырғақтайды. Ал, оқып келгендерінің өзін қайта тәрбиелеуге, шыңдауға тура келетінін аға буын медицина майталмандары айтып жүр. Өзінің ағабуын әріптестерінің айтуынша, Таңат ондай олқылықтардан ада, мамандығына шын берілген жан.
Алтынай БАЙДАҚОВА, А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік университетінің 2-курс студенті