Басты ақпаратЖаңалықтарМәдениет

Таланттарды танытқан «Жас қанат»

Бүгін елордада көптен күткен «Жас қанат-2016» республикалық байқауының шымылдығы түрілді. Бейбітшілік және келісім сарайы сахнасында бас қосқан жас орындаушылар жартылай финалға өту үшін алғашқы сынға түсті. Салтанатты жиында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысып, жас таланттарға сәтттілік тіледі.

Мерекелік бағдарлама қалыптасқан дәстүр бойынша «Жас қанат» байқауының әнұранымен басталды. Бұдан кейін сахнаға конкурстың әр жылындағы жеңімпаз жұлдыздары Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев,  Бақыт Шадаева, Маржан Арапбаева, тағы басқалар шығып, қазылар алқасының орнына жайғасты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев: «Жас қанат» жылдан жылға өсіп-өніп келеді. Бұл ­- жас әншінің өнерге құтты қадам жасауына үлкен мүмкіндік, болашақ жұлдыздардың бағын ашатын айтулы алаң. Байқау бүгінге дейін қаншама әншілердің тұсауын кесіп, елге танымал етті?! Биылғы қатысушыларға айтарым, алдыңғы аға-апаларың секілді өнердің ұлы жолында адаспай, табыстан табысқа жете беріңіздер!» деп жасқанаттықтарға ақжол тіледі.

Жалпы байқауға қатысушыларды продюсер Мұрат Ерғалиев және Юрий Аравин, Нұржамал Үсенбаева, Раиса Мұсақожаева, Абзал Мұхитдинов, Ержан Даутов сынды белгілі тұлғалар 15 балдық жүйемен бағалайтынын естеріңізге саламыз.
Бұл «Жас қанат» – бұрынғылардан өзгеше. Қазақстан эстрадасында елеулі орынға ие жоба өнер әлеміне жол тартқалы биыл – 25 жыл.
KBB_9463
Дәстүрлі сайысқа қатысам деушілер саны жүзден асты, алайда іріктеуде ең үздік 14 үміткер таңдалды. Ақтық кезеңге жолдама алғандардың саны жөнінен Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облысы топ жарды. Бұл өңірлердің әрқайсынан 3 өнерпаз қатысты. Ал, Астананың атынан сайыста жиырма алты жастағы Жалғас Сұлтанов бақ сынады. Бүгінде ол Қазақ ұлттық өнер университетіндегі «Дәстүрлі ән» мамандығының 4-курс студенті. Елордалық үміткер Балғынбек Имашевтің сөзіне жазылған Құрмаш Махановтың «Гүлстан-Қазақстан» әнімен тоғызыншы болып сахнаға шықты. «Осы уақытқа дейін көбіне дәстүрлі ән байқауларына қатыстым. «Жас қанат» – өмірімдегі ең үлкен эстрадалық конкурстардың алғашқысы.  Қарсыластарым мықты, десе де, Астананың атын шығаруға барымды саламын» дейді жасқанаттық Жалғас Сұлтанов.
Байқау шартына сәйкес жас орындаушылар жанды дауыста бір-бір әннен шырқады. Жинаған ұпай саны жөнінен үздік танылған ондық ертең сағат 17:00-де басталатын жартылай финалда жарысады.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button