Басты ақпарат

Талантты таныта алдық па?

Немесе тәуелсіздік тұсындағы мұхтартану мәселелері

Мұхтар Әуезовтің қазақтың рухани көшіне алғаш қадам басып, қалам сілтеген сәтінен бастап негізі қаланған мұхтартану саласының тарихы тым тереңде десек те болады. Өз заманындағы әріптестері, кезінде абайтану мен мұхтартануға зор үлес қосқан тарихи тұлғалар А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Т.Әлімқұлов, А.Нұрқатов, Ә.Жиреншин, Л.Әуезова, З.Кедрина, Е.Лизунова, Н.Смирнова, Ғ.Сағди, А.Әуезов еңбектері бұл тарауда талданбағанмен, олардың осы саладағы сүбелі еңбектерін атап өтуге міндеттіміз. Ал тәуелсіздік тұсындағы мұхтартану саласына, негізінен, М.Әуезов­тің ­әдебиет, мәдениет, ғылым, публи­цистика, театр, кино салаларындағы шығармаларын тұрақты түрде зерттеп жүрген көрнекті ғалымдар мен зерттеушілер белсене атсалысты.

[smartslider3 slider=2814]

Қазақ әдебиеттану ғылымының ірі саласын құрайтын мұхтартану мәселесінің жыл өткен сайын ғылыми деңгейінің сапасы артып келеді. Ондағы әрбір ғылыми мәселелер жеке-дара қарастырылып, бұрындары беймағлұм болған әдеби, тарихи деректер көзі табылып, оларға жаңаша көзқарастағы жүйелі талдаулар жасалуда. Бұл зерттеулердің бәрі М.Әуезов шығармашылығы туралы жазу мен зерттеу тұтас қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері мен ондағы көркемдік құбылыстар жайлы сөз ету екендігін дәлелдесе керек.

Қай кезеңде де талантты тану мен таныту, оны мойындау мен мойындату оңай болмаған. Атам қазақ айтпақшы, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Сол 20-жылдардан бастап «ұлтшыл, байшыл» атанып, бірнеше рет басы бәйгеге тігіліп, бостандығынан айырылып, сын садағынан түспеген Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі әмбебап мұрасын қайта қарау, жаңаша зерделеу – ұлттық әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселесі. Жазушы шығармаларында орын алған тоталитарлық замандағы идеологиялық күрес, таптық тартыс табиғаты бүгінгі тәуелсіз әуезовтану тұрғысынан талданып, таразылануы кімді болса да қызықтырары хақ. Бір ғана мысал, М.Әуезов таныған тарихи тұлғалар Абай мен Құнанбай бейнелерінің тәуелсіздік кезеңінде әдеби сын мен ғылымда жаңаша қабылданып, пайымдалуы, ал көркем шығармада басқаша шырай алуы да қоғаммен бірге көркемдік қабылдау мен сананың да өзгеруінен сыр береді.

Осы орайда Ләйла Мұхтарқызы Әуезова негізін қалап, келешектегі келелі ізденістердің ізін салып, оны іргелі зерттеулерге ұластыруды мұрат тұтқан «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми ұжымы белсенді әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ұлттық әдебиеттану ғылымындағы үлкен рухани құбылыс болған Мұхтар Әуезовтің 50 томдық толық шығармалар жинағының жариялануы осы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы ғылыми ұжымының бірнеше жылдарға созылған жүйелі жұмыстарының жемісі екендігін ерекше атап өту керек.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығашы болып 1991 жылы «Ана тілі» баспасынан М.Әуезов­тің ұзақ жылдар бойы зиянды зерттеу ретінде шеттетіліп, тіпті жоғалдыға саналып, кейін Ғабит Мүсіреповтің жеке кітапханасынан табылып, жарияланған «Әдебиет тарихы» да қазақ әдебиеттану ғылымындағы ерекше жаңалық болғаны мәлім. 1927 жылы жарияланысымен саяси репрессияға ұшырап, жетпіс жыл бойы қапаста болған бұл еңбекті көрнекті ғалым, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының бас ғылыми қызметкері болған абайтанушы, мұхтартанушы Мекемтас Мырзахметұлы ғылыми түсініктеме жазып, баспаға ұсынған. ХХ ғасырдың басында ешқандай қазақша арнайы пән оқулықтары жоқ жоғары оқу орындарына бағыттап жазылған «Әдебиет тарихының» тұңғыш кітабы еліміз егемендік алғалы бері ғана ЖОО-да қазақ бөлімдерінің ашылып, оларға керекті мемлекеттік тілде оқулықтар шығаратын баспадан жарық көріп, қайтадан оқырманына жол тартуының өзі тарихи оқиға. Алғашқы нұсқасымен толық күйінде жарияланған кітапқа Қазақстанның халық жазушысы Әбділда Тәжібаев «Мұхаң бүгінде ұстаздық мінбесінде» деген тақырыпта алғы сөз жазған. Жазушының өзі жазып, жүйелеген ғылыми ұстанымы толық қалпына келтіріліп, ұсынылған «Әдебиет тарихы» тәуелсіздік жылдары да өз құндылығын жоймай, іргелі ғылыми зерттеу ретінде бағаланып келеді.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығашы болып 1991 жылы «Ана тілі» баспасынан М.Әуезов­тің ұзақ жылдар бойы зиянды зерттеу ретінде шеттетіліп, тіпті жоғалдыға саналып, кейін Ғабит Мүсіреповтің жеке кітапханасынан табылып, ­жарияланған «Әдебиет тарихы» да қазақ әдебиет­тану ғылымындағы ерекше жаңалық болғаны мәлім

Енді М.Әуезов мұрасының әлемдік әдебиеттануында бағалануына өз ғалымдарымыз ғана емес, өзге ұлт әдебиетінің өкілдері де ынталық танытқанын атап өту артық болмас. Ұлы ойшыл, ғұлама ғалым, даңқты драматург Мұхтар Әуезовтің әдеби, ғылыми, көркем мұралары бүгінде бүкіл әлем жұртшылығының рухани қазынасына айналғаны ақиқат. Оның куәсі – қазақ халқының өмірі мен тұрмысының, этнографиясының, салт-дәстүрінің, мәдениеті мен әдебиетінің, ана тілі байлығының рухани көрінісі жасалған бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясының 50-ден астам, ал жалпы шығармаларының 160 әлем тілдеріне аударылуы. Және оның адамзаттық ақыл-ой мен көркемдік ой жүйесіне қосқан үлесі де өлшеусіз. Қай кезеңнің де уақыт сынынан сүрінбей өтіп, әр заманның рухани қажеттілігіне сай зәрулік танытқан ұлы тұлғаның туындылары бүгінде әлемдік сұранысқа ие. Мұхтар Әуезов шығармаларын оқу мен мұрасын зерттеуге деген ынта мен ықылас, құлшыныс күннен-күнге артпаса, кемімек емес. Бұл классикалық көркем туындылардың бүкіл адамзатқа ортақ рухани құндылық екендігіне дәлел болса керек.

Жалпы адамзаттық ақыл-ой қазынасына қосылған М.Әуезов мұралары әлемдік әдебиеттану ғылымында әлі де өзіне лайықты тарихи, ғылыми орнын жоғары деңгейде алып келеді. Осы орайда Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы кезінде ЮНЕСКО аясында өткен «М.Әуезов және ХХ ғасырдағы әлемдік әдебиет» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарына тоқталар болсақ, олардың бәрі де жаңаша көзқараста, өте жоғары сапада арнайы жазылғандығына куә боламыз. Бүгінгі әлем және қазақ әдебиетіндегі мұхтартану мәселесінің қаншалықты деңгейде зерттеліп, қай тарапта ізденіс жұмыстары жүргізіліп жатыр десек, Әуезов әлемін зерттеу бүгінгі дүниежүзілік әдеби үрдістегі жаңа бағыттардан, тың талпыныс­тардан түсінік берері хақ. Әлем және ұлттық қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласындағы (философтар, әдебиетшілер, тарихшылар, шығыстанушылар) атақты ғалым-академиктердің, шет елден келген көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, әдебиетші, аудармашылардың М.Әуезовтің шығармашылығын әр қырынан талдап, жүйелі ғылыми ой айтуы – біз үшін үлкен мерей және абырой. Және олардың бәрі де жаңадан жазылған, соны ой сараптамалары бар бүгінгі ғылыми байыптаулар.

Осы халықаралық ғылыми конференция материалдарында кеңінен талданған әлем әдебиеті мен М.Әуезов шығармаларының көркемдік әлемі, ғылыми мұраларының теориялық тұжырымдары, танымдық, философиялық, эстетикалық құндылықтары жан-жақты сөз болғаны белгілі.

Академик З.Ахметовтің «Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі» деген баяндамасында әр елдің классигін өзге елдердің алыптарымен қатар қойып, салыстыруға келмейтінін, олардың әрқайсысы дара тұлға екенін, М.Әуезов ең бірінші қазақтың, содан кейін барып адамзаттың Әуезові екендігін ескертсе, философ ғалым Ә.Нысанбаев «Мұхтар Әуезовтің рухани мұрасы және ұлттық қоғамдық ойдың дамуы» деген баяндамасында «Мұхтар Әуезов» деген есімге «Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты», «тұңғыш академик-жазушы», «ұлы ойшыл» деген анықтамаларды тіркеудің қажеті шамалы екендігін, бір ғасырда бір-ақ рет туатын дарын екендігін дәріптейді.

Осы конференцияда сөз алған зиялылардың бірі жазушының ұлы, көрнекті ғалым, шығыстанушы, қоғам және мәдениет қайраткері Мұрат Әуезов болды. Ол өзінің «Мир кочевья и Мухтар Ауэзов» атты баяндамасында кешегі көшпелі дәуірдің соңғы тұяғы Мұхтар Әуезовтің Шығыс пен Батыс өркениетінің байланысы мен қайшылықтарын зерттеудегі интеллектуалды ізденістерін Абайдың дүниетанымымен деңгейлес қарастырады. Мұхтар Әуезовтің әдеби ортасы, Алаш зиялыларының әмбебаптық білімдарлығы, саяси белсенділіктері, халқы үшін жанын қиятын ұлтжандылықтары жөнінде жан-жақты айта келіп, оның көпқырлы шығармашылығын түсінудің кілті де осында жатқандығын баяндайды. ХХ ғасыр басындағы сорақы саяси репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының аманатын арқалап, аман қалған Мұхтар Әуезовтің әдеби, ғылыми, қоғамдық, қайраткерлік қызметтерінің мазмұндық мәні де тап осы тапсырмаларды орындауымен бірлікте болғаны белгілі.

Осы ретте М.Әуезовтің көркем шығармалары әлемдік әдебиет­тануда қалай бағаланып жүр деген сауалға жауап іздеген «Мир Ауэзова» деген жинаққа М.Әуезов­тің өмірі мен шығармашылығы жөніндегі 1950-2000 жылдар аралығында әлемдік баспасөз беттерінде жазылып, жарияланған 60-тан астам шетелдік жазушы мен сыншыларының еңбектері еніпті. Бұл еңбек, біріншіден, М.Әуезовтің әлем әдебиетіндегі алар тарихи орнын айқындаса, екіншіден, қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейде мойындалуы мен халықаралық әдеби байланысты нығайту үдерісіндегі үлесін көрсетеді. Австрия, Бельгия, Венгрия, Германия, Голландия, Греция, Иран, Испания, Қытай, Пәкістан, Румыния, Словакия, АҚШ, Түркия, Франция, Чехия, Швейцария секілді көптеген елдің көрнекті өнер, қоғам мен қалам қайраткерлері, әдебиетші-сыншылары кемеңгер суреткер, ғұлама ғалым, ұлттық драматургия, театр, опера салаларының көшбасшысы болған Мұхтар Әуезов шығармашылығының көркемдік әлемі шетел өкілдерінің қабылдауы мен бағалауы тұрғысынан талданып, танылады. Бұл еңбек, шынында, «Әуезов әлемінің» әлемдік деңгейде мойындалғандығының айқын айғағы.

Әлемнің 60-қа жуық елінің көрнекті өкілдері білдірген жылы лебіздер мен ұлы суреткердің барлық көркем шығармашылығын, олардың көркемдік әлемін, адамзатқа тән табиғи-психологиялық, философиялық, эстетикалық, рухани болмыстарын қандай биік кәсіби шеберлікпен бейнелегеніне берілген бағалар бүгінде де өз құндылығын жойған жоқ.

Шынында да, 1991 жылдан бергі жазылған әдеби-көркем сындарда, ғылыми-зерттеу еңбектерінде кешегі кеңестік кезеңнің саясатына сай біржақты сыналған шығармаларды таза тарихи шындық пен көркемдік шарт талабына сай талдау үрдісі қолға алына бастады. Соның нәтижесінде бұрынғы сындарда өріс алған жағымды-жағымсыз типтердің орнына таза адами қасиеті жоғары бағаланған кейіпкерлер мен көркем-эстетикалық құндылығы жоғары шығармалар рухани игілікке айнала бастады. Бұл, сөз жоқ, бүгінгі тәуелсіздігіміздің жемісі.

Тәуелсіздік жылдары жазушы өмірі мен шығармашылығы бойынша бірнеше библиографиялық көрсеткіш жарияланды. 2005 жылы «М.О.Әуезов шығармашылығы бойынша библиографиялық көрсеткіш» ҚР Ұлттық кітапханасымен бірігіп шығарылды. Онда 1917-1997 жылдары жазылған зерттеу еңбектері мен мақалалар тізімі енді.

2009 жылы жарияланған «М.О.Әуезов шығармашылығы бойынша библиографиялық көрсеткіште» 1997-2007 жылдар аралығындағы библиографиялық деректер қамтылған. Л.М.Әуезова­ның жетекшілігімен 1972 және 2005 жылы жарияланған библиография­лық көрсеткіштердің тәжірибесіне сүйене отырып, соның тікелей жалғасы ретінде толықтырылып, жазушы шығармаларын жанрлық тақырып бойынша бір ізге жүйелеп, әр тақырып пен тақырыпшаларға енген туындыларды өз ішінен хронологиялық тәртіппен орналастырған. Және М.Әуезовтің шығармашылығы жөніндегі өзге авторлардың зерттелген, жазылған, қорғалған әдеби, ғылыми, сын жанрлардағы еңбектері әдістемелік талапқа сай алфавит тәртібімен берілген. 1997-2007 жылдар аралығын түгел қамтыған көрсеткішті құрастыруға «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы қызметкерлері мен ҚР Ұлттық кітапхана библиографтары атсалысты.

Сондай мақсаттағы күрделі еңбектің бірі ғана емес, бірегейі деп «Мұхтар Әуезов энциклопедиясын» атауға болады. Жазушының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жоспарланғанмен, кейін түрлі себептердің салдарынан шегеріліп, бұл іс 1996 жылы «Атамұра» баспасының жанынан «Мұхтар Әуезов редакциясы» құрылғаннан кейін ғана алға жылжып, республикадағы әуезовтанумен шұғылданып жүрген әдебиет, тіл мамандарының, тарихшы-этнографтар, жазушы, журналистер, өнер қайраткерлерінің осынау күрделі еңбектің сөзтізбесін құрастыруға тартылуының нәтижесінде жүзеге асырылған. Түрлі жанрдағы бұл рухани бай қазынада энциклопедиялық еңбектің стилі мен талабына сай ұлы суреткердің өскен, қалыптасқан, оқыған, еңбек еткен ортасы, отбасылық өмірі, шығармашылық мол мұрасы, шежірелік, қоғамдық, қаламгерлік, педагогикалық қызметтері жайлы ғылыми, әдеби деректер молынан қамтылып, кеңінен ақпарат берілген. Мәселен, 2011 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан 688 беттік көлемді «Мұхтар Әуезов энциклопедиясындағы» «М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық қызметі туралы негізгі әдебиеттер» деген көрсеткіштің қазақ тіліндегі тізімінде 163 зерттеудің, ал орыс тілінде 48 еңбектің аталуы ұлы суреткердің шығармашылық мұрасы ұлттық және әлемдік рухани кеңістікте кеңінен зерделеніп, әр дәуірдің сұранысына сай зерттелуін айғақтайды. Бұдан өзге де ірілі-ұсақты жанрларда жазылып, бүгінгі ақпараттар ағынында байқалмай, құрастырушылар назарына ілікпей қалған еңбектер де болуы мүмкін. Алайда 1997 жылы жарық көрген «Мұхтар Әуезов. Таңдамалы» деген жинақта қорғалған еңбектер тізімі 24 болса, одан кейін жарияланған, толықтырылған 2009 жылғы библиографиялық көрсеткіште, неге екені белгісіз, 10 еңбектің ғана тізімі көрсетілген. Керісінше, кейінгі басылымда соңғы жылдары қорғалған кандидаттық, докторлық диссертациялармен қоса бүгіндері ұлттық білім жүйесіне енгізілген магистрлік, философия докторы жүйелері бойынша жазылып, қорғалған зерттеу жұмыстары да ескерілуі тиіс еді. Дегенмен бұл мәселелер тәуелсіздік кезеңін қамтып, алдағы уақытта қайта құрастыруды қажет ететін сияқты.

Мұхтар Әуезов шығармашылығы – өлмес мұра, таусылмас қазына. Оны әр ұрпақ өз заманының рухани қажетіне қарай зерттей берері заңды. Осы орайда жазушы атындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен М.Әуезов мұражайындағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми ұжымдары бас болып, бірнеше жылдарға жоспарланған жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын кешенді түрде жүргізіп келеді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жанындағы диссертациялық кеңесте ұлттық білім мен ғылым саласына жаңа жүйе, яғни бакалавр, магистр, доктор Phd енгізілгенше жазушы шығармашылығы жөніндегі бірнеше диссертациялық (кандидаттық және докторлық) жұмыстар қорғалса, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында жазушының 28 қыркүйектегі туған күніне орай міндетті түрде қалыптасқан «Әуезов оқулары» өткізіліп тұрады. 2002 жылдан бері осы «Әуезов оқулары» атты І халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары жарияланған жинақтан бері дәстүрлі түрде жыл сайын осындай ғылыми еңбек жарық көріп келеді.

М.Әуезовтің шығармашы­лығын тереңнен талдап, жүйелі түрде ғылыми жұмыстар жүргізетін бірден-бір ұйым – «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы. 1997 жылдан бастап жазушының 50 томдық толық жинағын шығару жұмыстарымен бірге 3 жылдық мерзімге жоспарланатын ғылыми жобалар негізінде Мұхтар Әуезов­тің шығармашылығын сан алуан тақырып аясында жүйелі түрде зерттеп келеді.

«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми ұжымы құрастырып шығарған «Мұхтар Әуезов әлемі» атты жинаққа әке мұрасының жиналып, жүйеленіп, жариялануына жанкешті еңбек етіп, шынайы жанашырлықтың үздік үлгісін танытқан Ләйла Мұхтарқызы Әуезованың өзі көзі тірісінде құрастырып, жариялауға үлгере алмай кеткен мақалалар енгізілген. Екі бөлімнен тұратын еңбекке шетел жазушылары мен мәдениет қайраткерлерінің ой-толғамдары мен қазақ қаламгерлерінің, ғалымдарының ұлы жазушының шығармашылығындағы философиялық көзқарастар, көркемдік шеберліктер, өмір сүрген кезеңдеріндегі қоғамдық, саяси, рухани кеңістіктердегі психологиялық астарлар, жеке тағдырындағы тағылымды танымдары жөніндегі ғылыми-­теориялық талдаулары мен зерделі зерттеулері жинақталып берілген.

Қорыта айтар болсақ, «М.Әуезов шығармашылығының тәуелсіздік кезеңінде зерттелуі» деген ғылыми жоба негізінде зерттеліп, біз қарастырған ширек ғасырда шыққан ғылыми монографиялар мен ұжымдық жинақтар, жеке зерттеушілер еңбектеріндегі мұхтартану мәселесіне біршама шолу жасалынды деп ойлаймыз. Біз мүмкіндігінше М.Әуезовтің шығармашылығы туралы арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталықтың ғылыми ұжымы атқарып отырған жүйелі ғылыми ізденістеріне, жобалар негізінде жүзеге асырылған монография­лық еңбектердегі әуезовтану мәселелеріне кеңірек тоқталдық. Ол заңды да. Себебі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрамындағы ғылыми-мәдени орталық – М.Әуезов шығармашылығын арнайы зерттейтін бірден-бір ғылыми мекеме. Қалай болғанда да, мұхтартану мәселесі – таусылмайтын тақырып. Дара дарын, ғұлама ғалым, даңқты драматург Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын сан салада зерттеп жүрген ғалымдар да баршылық. Олардың бәрін қолға түсіру де, қарап шығу да мүмкін емес. Сондықтан біздің көзімізге түспей, ғылыми шолуға ілінбей қалып жатқан мұхтартану мәселесіне қатысты еңбектер болса, оларды қарастыру келешектің шаруасы болмақ.

 Гүлзия ПІРӘЛИЕВА, филология ғылымдарының докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button