Жаңалықтар

ТАЛАПТАНҒАНҒА ЖҰМЫС ТАБЫЛАДЫ

ERA_8944

Кеше Астанадағы Орталық базар ғимаратында қалалық Жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді. Игілікті шараға елордадағы 20-дан астам жұмыс беруші қатысып, 800-ге жуық  қызмет түрі ұсынылды.

Аталмыш шара осымен екінші мәрте өтіп отыр. Алғашқысы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналса, екіншісі екі қолға бір күрек таба алмай бос жүрген адамдар үшін ұйымдастырылды. Нәтижесі де жаман емес. Әсі­ресе, «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдар­ла­ма­сы бойынша орталық қыз­мет­­керлерінен қайта оқыту мен жаңа мамандық алудың мүм­кіндіктері туралы кеңес алып жатқандардың қарасы көп. Біз шеткерілеп тұрған өрімдей жас жігітті сөзге тарттық. Аты-жөні – Табысты Дәурен, Шығыс Қазақстанның тумасы.

– Бүгін орталық базарда осындай бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтетінін естіп, алып-ұшып келдім. Өзім елордадағы Қазақ технология және бизнес университетін мұнай және газ саласының мамандығы бо­йынша тәмамдадым. Жаңа өз салама жақындау үш мекемеге құжаттарымды тапсырдым. Енді, бір сәті болар, – дейді ол.

Анығында, жәрмеңкеге жұмыс іздеп келгендердің дені – жастар. Бұл түсінікті де. Қазіргі уақытта жоғары оқу орнын аяқтап, қолға диплом тигеннен кейін оған лайық жұмыс табу да оңай емес.

– Біз осы жәрмеңкені өткізу үшін орталық базарды әдейі таңдап алдық. Бұл жерде өз бетінше жұмыс істейтін адамдарды еңбекпен қамтуды мақсат етіп отырмыз. Жәрмеңке бас­талғаннан бергі бір сағат ішінде 60-тан астам азамат келіп, ыңғайлы жұмыс орындарына тілектерін білдірді. Алдағы таңда да осындай 10 жәрмеңке өткізілмек. Әсіресе, жастарға үлкен қолдау бар. Мәселен, «Жұмыспен қамту -2020 жол картасы» бағдарламасы аясында «Жастар практикасы» бағыты бойынша мемлекеттік және жеке меншік мекемелерге барған жас мамандар алты ай тәжірибеден өтіп, оларға 46 мың теңге кө­лемінде еңбекақы төленеді, – дейді Жұмыспен қамту ор­талығының баспасөз хатшысы Аяжан Қойшықарақызы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button