«Талақ» фильмі өз заманына талақ айтып тұрғандай
Жақында ғана Бейімбет Майлиннің «Талақ» шығармасының негізінде түсірілген режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі халықаралық Шанхай фестивалінде үздік деп танылып, «Алтын кубок» иеленді. Сондай-ақ актриса Амира Омарова «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алды. Жай ғана жеңіп алған жоқ, 3300 фильмдей қатысқан кино фестивалінде әлемнің ең озық 14 фильмінен озып шығып, екі бірдей бас жүлдені иеленіп, қазақ киносына әлемнің таңдайын қақтырды.
Жазушы Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әже» әңгімелер желісімен түсірілген фильм XX ғасырдың 20-30-жылдарын суреттейді. Кино сол кездегі ұжымдастырудың салдары, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әйелдің ауыр тағдырын арқау етеді. Басты рөлдерді қазақстандық белгілі актер Ерболат Әлқожа және жас актриса Амира Омарова сомдайды. Әрине, бұл кино болғандықтан, қоғамда көрермендер тарапынан бір-біріне кереғар түрлі пікір айтылуы мүмкін. Алайда оң не теріс әсер берсін, ол шығарманың жетістігі болып есептеле беретіні сөзсіз.
Көрген көз – сыншы
Жалпы «Талақ» фильміне қатысты зиялы қауым өкілдері де өз пікірін жазып жатыр. Ақын, қоғам белсендісі Айгүл Жұмаділ фильмге көңілі толмағанын, әсіресе актерлердің киім үлгісі ұнамағанын, дубляж да көңіл көншітерлік емес екенін айтады.
«Мынау не кино? Құрымбайға жетектеткен ақ аттан басқа ақтап алар дүние таппадық қой, Құдай-ау! Костюм анау – ит талағандай. Ең болмаса, байдың үйін жөндеп қоюға болады ғой. Үйір-үйір жылқысы, үш қатыны бар бай ғой ол! Бір құман сумен дардай қатынды төбе басында шешіндіре салып шомылдырғандарың қай сасқандарың? Дәрет алуға кетіп бара жатыр екен деппін. Логикаларың нөл ме сонша? Сарымсақтың үйінде жап-жақсы аппақ көрпе-жастығы бар екен ғой (ауырып жатқандағы төсегін айтамын), қатын-баласымен неге терінің үстінде жатыр ол? Қазақтың бәрі шыжың болған ба? Баланы қойшы жарайды, қазақ еркегі аттан түсе салып сиюші ме еді? Қатындар анау бұтына жіберіп жатқан. Дубляж да жетіспепті ең болмаса. 45-50-лер шамасындағы шалға (ол заманда шал ғой) 20-25 жасар пацанның дауысын қойғандарың не? Ұлпаның дауысы туралы тіпті де сөз шығындап бекер, орысша акцентпен. Сценарий – нөл! Бұл фильмнің жалпы мақсаты не еді өзі? Сендерге біреу «қазақтар, давайте, до конца позорьтесь!» деді ғой деймін. Айтарға сөзім жоқ тіпті» деп жазды ол Facebook парақшасында.
Киноны сынаған бұл кісі ғана емес. Көрген басқа адамдар да жазып жатыр. Тіпті Ләззат Дүйсембекова деген желі қолданушысы: «Б.Майлин әңгімесінде ерлі-зайыпты екеуі ұрсысады да қояды. Біраз уақыт араз болып жүріп барып татуласады. Жазушы шығармасы: «Ескі тұрмыс, ескі ұрыс, ескі төбелес некелі қалыптағы сарынға түсіп аға берді…» деп аяқталады. Ал кинода Айдарбектің әйелі бір түнде екі баласы мен күйеуін тастап, басқа бір еркекке үшінші әйел болып тиіп кетеді. Бұл не? Кино түсірушілерге кім рұқсат берді Б.Майлиннің шығармасын осылай бұрмалауға?» деп көңілі толмаған бірнеше жердегі көріністі сынға алды.
Бұл өнер болғандықтан оң және теріс пікір қалыптастыратыны рас. Сондықтан киноны 100 пайыз жоққа немесе барға шығарып жатқандардың таразысы тең болып тұр. Міне, осындай пікірлерден кейін біз аталған киноның режиссері Данияр Саламатқа хабарласып, кино өз миссиясын орындай алды ма, қазақ жазушыларының арасында сол кинодағы дәуірді суреттеп беретін басқа да шығарма көп. Алайда режиссердің таңдауы неге Бейімбет Майлиннің «Талақ» шығармасына түсті деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Режиссер не дейді?
«Әу баста бұл фильмді бастағанда қоғамға бір ой айту немесе идея тастау ойымда болған жоқ. Мақсатым ХХ ғасырда айра-жайра күйде сарсаңға түскен қазақтың жай-күйін бейнелеу, боямасыз беру еді. Әрине, реалистік және гиперреалистік әдістерге барған сәтім болды. Әрі кинода сол кездегі өкімет белсенділерінің бейнесін карикатуралық әдістермен бердім. Айналып келгенде, басты мақсатым – сол заманның бет-бейнесін актерлердің әрекеті арқылы кинодағы көріністермен көрсету. Алайда жұрт неге оны қабылдай алмай жатқанын білмеймін. Әрине, мұнда киноға деген қоғамдық көзқарасымыз да сынға түсері анық. Біздің қоғам зерлі шапан, қамқа тон киген әдемі бейнелерге ғана көзі үйреніп қалған. Егер бұл кинода мен сонау Сақ заманын бейнелесем, онда актерлердің бәрінің киім үлгісін алтынмен аптап, күміспен күптеп қояр едім. Сондықтан бұл жерде киноны өнер ретінде тану маңызды. Әрі киноның театр емес екенін де атап өткім келеді. ХХ ғасырдың басында тарихымызды боямасыз әңгімелеп, оны нағыз киноға айналдыруға лайықты етіп жазған бірден-бір жазушы – Бейімбет Майлин. Оның шығармаларын киноға жақын деп бағалағанмен, осы күнге дейін жазушының әңгімелері аясында бірде-бір түсірілім болмаған екен. Біз осы олқылықты толтыру мақсатында кино түсіруге бел будық. Ал енді Бейімбеттің «Талақ» әңгімесінен мүлдем бөлек сюжет құрылған деп сынаушыларға айтарымыз, бұл бір ғана «Талақ» шығармасы бойынша түсірілген жоқ. Оның қасында «Әже» деген әңгімесінің де желісі бар. Сондықтан екі шығарманың негізінде түсірілген киноға біржақты көзқарас болу қисынға келіңкіремейді» дейді режиссер.
Біз не дейміз?
Ал енді кинодан біз не түсіндік? Әрине, біз кинотанушы немесе сыншы емеспіз. Қатардағы көрерменнің бірі ретінде өз әсеріміз баршылық.
Кинодағы бас кейіпкер Сарымсақ – өте қарапайым, момын адам. Яғни сол замандағы қазақтың прототипі деуге болатындай. Әу баста ауылдағыларды жинап алып спектакль ойнайды. Сол спектакльде Сарымсақ әйел рөлін сомдау керек болады да, өз еркімен шыққысы келмесе де, қасындағылар «сені әйелше жасандырып, сахнаға алып шығамыз» деп қоярда-қоймай оны сахнаға алып шығады. Міне, сол спектакльді ауыл адамдары жиналып келіп көреді. Спектакльдің мақсаты – өкіметтің әйел теңдігі ұранын халыққа сіңдіру. Сондықтан әйел рөлін сомдаған Сарымсақ барынша әйелше жасанып, әйелдің образын келтіруге тырысады әрі спектакльдегі күйеуі молда болады. Ал қойылым қойылып жатқанда, көрерменнің ішінде омырауында баласы бар бір келіншек қасындағы есейген қызы күлсе, соның аузын басумен болады. Сөйтсек ол жаңағы әйел кейпіндегі Сарымсақтың әйелі екен. Сарымсақ спектакльден қайтып үйіне келгенде, ашуға булыққан әйелі «сен қатынсың, қатынның рөлін сомдап мені жер қылдың» дейді. Сонда Сарымсақ «мен қатын емеспін, ол жай ғана рөл. Оны сомдағанда тұрған ештеңе жоқ. Сен өнерді түсінбейсің» дейді. Қайшылық осы жерде туындап, оқиға шиеленіседі. Сонда әйелі оған «онда тұрған ештеңе жоқ болса, басқа еркектер неге қатын болып жасанып сахнаға шықпайды, неге сен қатын боласың?» деп ашу-ызасы одан бетер қозады. Сол кезде жынданып, түсіндіре алмаған Сарымсақтың есіне сахнада молда күйеуі айтқан сөз түсіп, «талақ, талақ» деп айғайлайды да, сыртқа шығып кетіп, қасқыр секілді ұлиды. Осы тұста «неге бір рөлді сомдағаны үшін әйелі сонша ашуланды, намыстанды?» деген сұрақ туады. Өйткені ол кезде қазақтың намысы тірі еді әрі еркектің әйел болғанына еті үйренбеген асау кез. Сондықтан ол өз ерінің кинода, сахналық рөлде болса да, еркек күйінде қалғанын қалады. Оны әйел ретінде елестете алмады. Ал қазір ше? Қазір баласы сырға тағып, көйлек кисе де намыстанбайтын күйге түстік. Сарымсақтың қасқыр болып ұлуы, сол рухпен ұятты оятудың соңғы қоңырауы сияқты сезілді өз басыма.
Астарына үңілейік
Тағы бірде қызыл өкіметтің қызыл туы биік төрге ілінеді. Алайда дәрет қысқан бір бала үйден жүгіріп шығады да, сол ту ілінген ағаштың түбіне дәрет сындырады. Оны өкімет адамы көріп күйіп-піседі. «Бұл қандай антұрғандық!» деп айғайға басады. Міне, осы жерде «сенің бүгінгі ұраның мен идеологияң, бүгін көтерген жалауың өсіп келе жатқан жаңа ұрпақтың алдында қоқыс жәшігіндей құны жоқ» деген идея жатқан сыңайлы. Содан кейін не болды – жаңағы рөлді сомдаудың арты үлкен ренішке ұласады. Ауыл адамдары Сарымсақты қатын деп мазақтаса, өз қатыны талақ айттың деп қарамайды. Осы кезде олар бір-бірін сүйген адам ретінде, ортада екі баласы бар жұп ретінде «талақ айтса не болады, қайта қосылу үшін не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздей бастайды. Яғни ерлі-зайыпты боп бұрынғыдай күн кешейік десе, жаңағы талақ сөзі арқылы араларына бір перде тартылып қалған сияқты күй кешеді. Сонымен оның жауабын іздей бастайды. Сарымсақ молдаға барады. Молда «талақ айтқан болсаң ол әйел біреуге тию керек, сен біреуді алу керексің. Сосын барып ол тиген адамынан қайта талақ алу керек, сен алған адамыңа талақ айтып айырылысып, сосын барып қосыла аласыңдар» деп жауап береді. Осы кезде өкіметтің «әйел теңдігі» саясаты үдей түседі. Ауыл адамдары «әйелге күштеп сөйлеуге болмайды, оның еркіндігі өзінде, егер қандай да бір ісіне қарсы келсең, онда статьямен сотталасың» деп үрейлене бастайды. Сөйтіп, Сарымсақтың әйелі сол кездегі «әйел теңдігі» саясатын пайдаланып, «кімге тисем де өз еркім екен ғой» деген желеумен сол ауылдың бір байына үшінші әйел болып күйеуге шығып кетеді. Сарымсақ әйелін үйіне қайтармақ болып, оны милиция Құрымбаймен бірге іздеп барады. Алайда бай әйелін қайтару емес, керісінше, милицияның өзіне бір соғым пара беріп, сол берген соғым жылқысымен бірге Сарымсақтың да қолын байлап, оған жетектетіп жібереді. Осы бір көрініс тұтас қазақ халқының біреудің жетегіне ергенін, сол кездегі саясаттың айдауына көнгенін көрсетіп тұрғандай. Бұл жерде Сарымсақты дәрменсіз кейіпкер, саясаттың, сол кездегі идеологияның құрбаны деуге болады. Сарымсақтың әйелін байдың алып кетуін тура түсінгеннен гөрі жанама түсінген дұрыс сияқты. Әйел адам – қазақтың байлығы. «Екінші байлық – ақ жаулық» деген қазақ әйел қадірін ешқашан төмендетпеген. Ол тіпті қазақ еркіндігінің иесі, есігінің киесі. Ал оның жатқа кетуі немесе қолды болуы – қазақтың тұтас еркіндігінен айырылуы. Екінші жағынан, «талақ» сөзінің әсері, яғни молданың «талақ» сөзін тәпсірлеуіне байланысты шариғат заңы бойынша әйел біреуге тиіп қайта талақ алуы керек, еркек қайта талақ беруі керек болады. Бұл жерде қазақ даласына келген саясат сол молданың кейпінде суреттеліп тұрғандай.
Сонымен қатар арасында адамның жанына ең бір жылу ұялататын кейіпкер – Сарымсақтың қызы Ұлпа. Ол – өзінің бала кейпін ең сәтті алып шыққан актер. Сиыр тұра алмай қалса да, әкесі ұйқысырап ауырған кейіп танытса да, анасы өлім аузында жатса да «Е, Алла, менің жасымнан оларға жас қосып беріп, аман сақтап қалшы, оларға өмір сыйлашы» деп Жаратушыға жалынумен болады әрі өзіне тілегі қабыл болғандай көрініс тауып отырады. Бұдан кейде санамыздың сол баланың санасындай, бәрін Алладан күтіп, тосын жағдайларды да Ұлы Жаратушыға таңатынымыздың айғағын көргендей боласың. Сонымен не керек, соңында Сарымсақтың әйелі науқастанып жатып қалады да, балаларын, күйеуін сағынады. «Ол мені кешіре ме?» деген оймен төсек тартып жатып қалады. Тіпті «неге кешіруі керек?» деген ой мазалайтындай. Бірақ бәрібір Сарымсақ оны іздеп келеді. Арқалап үйіне алып кетеді. Осы кезде барлық сезім мен ойды махаббаттың күші жеңген сияқты, бұл майданның да жеңімпазы махаббат болған сияқты әсер қалдырады. Осындай көріністер мен оқиғалар арқылы «Талақ» фильмі сол өз дәуіріне де талақ айтып тұрғандай сезімге бөлейтіндей көрерменді.
Шапағат ӘБДІР