Жаңалықтар

ТАЛДАМ МЕН ТАЛҒАМ

IMG_0666

Логиканы жандай жақсы көреміз. Алайда, математикаға о кісінің құштарлығы біздікінен әлдеқайда ыстық. Тіпті, жоғары білім жолын «нақты ғылымдардың атасынан» бастаған екен. Бастауын бастаған… бірақ қара өлеңге, көркем сөзге құмарлығы есепке деген елеңдеушілігінен жоғары кернеулі көрінгенге ұқсайды.

Институттағы «алғашқы махаббаты» туралы жуырдағы жылдар бірінде қысқа да нұсқа жазғаны бар: «Міржақыптың «Математика мектебі»! Әуелі конференция баяндамасы ретінде әзірленіп, кейін «Астана ақшамында» жарияланған жұп-жұмыр мақаласын тауып, бәлкім, қайталап оқырсыз. Мұнда сұңғыла білімдарлықпен қатар сол баяғы құштарлық ұшқындайды. Әйтпесе, математиканы білгір филологтың бәрі математикше, филологияны білгір математиктің бәрі филологша түсіндіре алмасы анық.

 ***

Арман артынып Астанаға келген кезіміз еске жиі оралады. Оралған сайын ен елордадан алғаш танығандарымның бірі Амантай Жарылқасынұлынан ой айналдырып өту қиын. Оның талантты ғалым – талдампаз мәтінгер, талғампаз мәнершілдігін ілімдес әріптестері әлі талай таразылар. Біздікі – өзара басшы-қызметкер, автор-оқырман, аға-інілік қарым-қатынасымыздан көкейге ілінген кей жайттар туралы лебіз білдіру ғана.

Тамыз тамылжып тұр. Астана әкімдігі жанынан шығатын газеттің редакциясын бағдарға ұстап жүріп келеміз. Студент кезімізден-ақ аты бар басылымның тілшілігін жауапты хатшылығына қосып, әжептәуір уақыт атқарып келген «амбициямыз» жұмысқа орналасатынымызға қылаудай күмән қалдырмастан, сыбырлап қояды: «Қабылдағанда да, қуана қабылдар!». Жеттік. «Желтоқсан, 28/1». Бас редактор бөлмесіндеміз. Қожайын аз-кем әңгімеден соң күлімсірей сөйлеген күйі корректорлық қызметін ұсынды. Біз ми ашытып, әуре болмастан бас тарттық.

Келесі күні қайта айналып келдік. Келісетінімізді білдірмекпіз – есесіне басшы айнып қалыпты: «Қабылдап, тілдесетін де уақыт жоқ. Маңайдан аулақ жүрсін». Ми ашыды. Әбден ашыды – басқа барар жер жоқтай көрінеді. Ақыры, «әке, көкелеп» жұмысқа қабылдандық-ау. «Жібек орамал кепкеннен» кейінгі сөзінен ұққаным мынау болды: «Қызмет адамды емес, адам қызметті көркейтеді. Алашқа тұтқа болғандай талай ағаларымыз толысып, қалыптасқан кездерінің өзінде қилы-қилы жолдардан өткенін, айлап жұмыссыз жүргенін ұмытпау керек…». Бұл – бас редактор мырзаның қолында бар картасын бұлдағаны емес, жас маманға берген тәлімі еді. Айтпақшы, сол күн Бейжің олимпиадасы алауы тұтануымен сәйкес келді, күнтізбеде 08.08.08. тұрғанынан, сол күні газет қайтадан «Астана ақшамы» атауымен шыға бастауынан символикалық жылу сезінгендейміз. Бүгінде күнделігімнің бір бетінен жыртсаң да, өше қоймас жазуды оқи қалсам, қуанам: «Жұмысқа орналасқаныма – алтыншы күн. Білдей корректормын». Негізі, байғұс жас маман корректорлықты дүниенің қоры санап тұрған ештеңесі жоқ…

 ***

Табиғи жаратылысының өзегі – ғалымдық. Онысы әр әрекетінен, ой-пайымынан айқын аңғарылады. Әсіресе, біз байқаған бас редактор Амантай Шәріптің мәтін тексеру мұқияттығы – жөні бөлек әңгіме. Екі сөйлемдік газеттік хабарламаға тақырып қою үшін, екі сағат ойлануға бар. Ойлау жылдамдығының шабандығынан дей алмаспыз, әлбетте. Ғалымдық адалдықтан сіңіргені.

Қазақ қара сөзіне көзқарасы кірпияз қаламгер аға Мақсот Ізімұлының былай дейтіні есімде: «Амантайдың сөздерінің арасына қыл сыйғызу қиын. Ол ол ма, бір сөзін алып тастасаң, жазғаны түгел ақсап қалатындай қаланып тұрады».

Академиялық алымдылығы ұшан-теңіз энциклопедиялық әңгімелерінен еш жасырына алмайды. Жанына жарқын тақырыптың тіні тарқатылғанын ұқсаңыз, әлден-әзір тоқтай қоярына үміттенбеңіз. Тыңдай беріңіз – тыңдай түсіңіз. «Уақыт», «кеңістік» сынды ұғымдар ұмытылғаны абзал. Ұмытады да – ұмыттырады да.

Желбір-жекен жазуға сараң. «Ағамын ғой» деп әрпіл-тәрпіл «көсемсуден» ада. Яғни, адам ретінде жөнді-жөнсіз ақыл тықпалаудан аулақ. Бойынан ғаламат біліміне жат аңғалдық, алғаусыз балалық аңғарылуы да ықтимал.

 ***

Жан-сарайымыз интуицияшыл. Алайда, о кісінің түйсік тереңдігі оңайлықпен бойлатпайды. Филолог-студенттердің әлі күнге дейін үстелүстілік кітабы «Сөз өнерінде» автор шығармашылық адамына аса қажет қабілеттер санатында интуицияны ерекше атаушы еді. Осы бір жапырақтай жазбаның кейіпкері – табиғатынан түйсіктал азамат. Онысы, әрине, ұстазы академик Зейнолла Қабдолов әлгіндей дегендіктен ғана емес шығар.

p.s. Астаналық өміріміздегі белсенді бейнелердің бірі жөнінде көңілдегі жазуды сыртқа шығарайық деппіз. Биыл. Мамыр қарсаңында. Мерейтойлық пафоссыз.

Ерболат ҚАМЕН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button