Талдыкөл маңы тазартылды
Нұра ауданы әкімдігінің және Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Ұлы дала даңғылы мен Ш.Айтматов көшелерінің қиылысындағы ашық алаңда, Үлкен Талдыкөл маңында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті.
Акция барысында «Жасыл ел» жобасы жастары 5 гектарға жуық жерді қоқыстан тазартты. Қаланың ішінен бөлек, сыртқы экологиялық жағдайын жақсартуды мақсат еткен бұл іс-шара жастардың да жұмысқа деген ынтасын арттыратынын айтады ұйымдастырушылар.
– Биыл «Жасыл ел» еңбек жасақтарының XX еңбек маусымы басталды. Жоба аясында елорда бойынша 4200-ден астам 14 пен 35 жас аралығында жастар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Олар қаламыздың құрылыс нысандарына, қала маңындағы «жасыл белдеуде», әлеуметтік нысандарды, жалпы білім беретін мекемелер аумағында, қала саябақтарына, көгалдандыру жұмыстарына жұмылдырылады. Жастарымыз жұмыс барысында қала тазалығын сақтауды негіз етіп, қаланың іші сыртын қоқыстан тазартады. Бұл, бір жағынан, экологиялық ортаны таза ұстауға деген адамдардың ниетін оятса, екінші жағынан жастардың жұмысқа деген ынтасын жігерлендіріп, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына да өз септігін тигізеді, – дейді «Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы» төрағасының орынбасары Асылбек Абдурашитов.
Аталған акцияға келген жастардың көбі – 14-18 жас аралығындағы мектеп оқушылары. Олар өздерінің демалысын «Жасыл ел» жасақтарының қатарында өткізгендеріне қуанышты екендігін жеткізді.
Ал мектеп оқушыларына еңбекақы ретінде 65 мың теңге көлемінде ақша төленеді.
Шапағат ӘБДІР