«ТАЛДЫКӨЛ» ДЕМАЛЫС МЕКЕНІ БОЛАДЫ
Астана іргесіндегі «Талдыкөл» сарқынды су қоймасына қатысты проблеманы түбегейлі шешуді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев елорда әкімдігіне тапсырғаны мәлім.
Қала тұрғындарын Астананы арагідік жайлап алатын жағымсыз иіс енді мазаламайды. Жыл соңына дейін «Талдыкөл» сарқынды су қоймасы жойылып, болашақта бұл жер қаланың бас жоспарына сәйкес халық демалуға келетін көрікті мекенге айналмақ.
1970 жылы пайдалануға берілген «Талдыкөлге» қалдық суларды төгу былтыр тоқтатылған. Ширек ғасыр бойы Астананың кәріз жүйесіне қызмет еткен ескі қойманың түбі қалың қоймалжың тұнбаға айналған. Қазір көл тереңдігіндегі балшықты сору процесі қарқынды түрде жүруде. Ол иіс жібермейтін қапқа салынып, геотекстильді контейнерлерге жөнелтіліп жатыр.
Бүгінде Астанадан тәулігіне шамамен 200-240 мың текше метр қалдық су Қорғалжын тас жолының 7-километрінде орналасқан канализациялық тазарту ғимаратына келіп түседі. Мұнда сарқынды сулар «Астана су арнасы» МКК басшылығымен тазартудың төрт кезеңінен өтеді. Ластанған суды механикалық, биологиялық жолмен тазартып, қайта өңдейді. Бұдан кейін ультракүлгін сәулелермен залалсыздандырып, зертханада талдау жасалады. Біз кәріз жүйесіне келіп түсетін кірленген су мен терең сүзгіден өткен судың сапасын салыстырдық. Бастапқысының иісі қолқаны қабады әрі түрі де қап-қара болса, соңғы сұйықтық – мөлдір, иісі жоқ, ішінде бөгде заттардың қалдығы да қалмаған. Тазартудан өткен бұл сарқынды су 2015 жылдың 27 желтоқсанынан бастап Есілге келіп құйылады.
– Былтыр суды тазарту шаралары қолға алынған соң, Талдыкөлдің көлемі 43 миллион текше метрге дейін азайды. Бұл көрсеткіш бұған дейін шамамен 56 млн текше метрді құраған болатын. Тазарту технологиясы австриялық тәжірибеге негізделген. Бүгінде Талдыкөл түбіндегі балшықты сору жұмыстарының 37 пайызы орындалды, – дейді қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Темір Әбжанов.
Мәдина ЖАҚЫП