Жаңалықтар

Талғат АБДУЛЛИН, Астана қаласы прокуратурасының басқарма бастығы: АЗАМАТТАРДЫ СЕБЕПСІЗ ҚУДАЛАУҒА ЖОЛ ЖОҚ

– Талғат Қуандықұлы, жақында Астана қаласы прокуратурасының  ал­қалы отырысы өтті. Жиында қандай мәселелер тал­қыланды?
– Қылмыстық процес­те  азаматтардың консти­туциялық құқыларының сақталуы, Астана қала­сының түзеу мекеме­лері мен «Еңбек» кәсіпорны филиалдарының қызметінде еңбек заңнамасының сақ­талуы және сотталғандарды жұмысқа орналастыру бойынша заңдылықтың жай-күйі қаралды.

Жалпы, жыл басынан бері қылмыстық қудалау органдары 1005 адамды ұстаған.

Прокурорлар тергеуші­лердің 662 адамға қатысты қамауға алу санкциясын беру туралы өтінішін қол­дады. Бұлтартпау шара­сын қолдануға негіз бол­мағандықтан, 69 адамға қатысты өтінішті қолдаудан бас тартты.

– Ішкі істер орындарында заңсыз қамауда отырған азаматтардың құқын кім қорғайды?
– Азаматтарды ішкі істер органдарына заңсыз жеткізу, оларды қызметтік кабинеттерде және басқа қызметтік үй-жайларда ұстау, қамауда ұстау мерзімін негізсіз ұзарту секілді азаматтардың конституциялық құқыларын бұзу фактілері көп кездеседі. Жыл басынан бері прокуратура органдары Астана қаласының  уақытша ұстау изоляторынан  125 адамды босатты, ал қылмыстық қудалау органдарының қызметтік үй-жайларынан 71 адам босатылды.

Мәселен, қазан айында Сарыарқа аудандық Ішкі істер басқармасын тексеру кезінде уақытша ұстау камерасында Қайыржанов деген азаматты заңда бел­гіленген мерзімнен артық ұстап отырғаны анықталды. Аталған дерек бойынша аудандық ІІБ жедел кезекшісі мен кезекші бөлім бастығына қатысты тәртіптік іс қозғады.

– Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтардың құ­қық­тық сауаты  тө­мен. Қылмыстық іс қоз­ғау барысында мұн­дай азаматтардың консти­туциялық құқы жиі бұзы­латын шығар?
– Әрине, қылмыстық іс қозғау арқылы қыл­мыстық қудалауға ұшы­раған азаматтардың конс­титуциялық құқылары бұзылып жатады. Ағымдағы жылдың өткен айларында ақтайтын негіздер бойынша 182 қылмыстық іс қысқартылған. Оның басым бөлігі Алматы аудандық Ішкі істер басқармасына тиесілі. Мәселен, прокуратура органдары қылмыстық қудалау органының қылмыстық іс қозғау туралы 90 шешімін заңсыз деп танып, күшін жойды. Ағымдағы жылы Астана қаласының прокуратурасы барлығы 207 қылмысты анықтап, есепке қойды. Прокурорлық ықпал ету шараларымен қылмыстық қудалау органдарының 72 лауазымды тұлғасы түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button