Басты ақпаратСұхбат

ТАЛПЫНҒАНҒА ЖҰМЫС ТАБЫЛАДЫ

075214d59cc85c71976d052a71ef1f95-big

Астанада республика бойынша жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткіші тіркелген. Алайда, көпшіліктің жұмысшы мамандықтарды місе тұтпай, жоғары лауа­зымды орындарға көз тігетіні жиі кездесетін жағдай екен. Бұл және өзге де өзекті мәселелер жөнінде Астана қаласы әкімдігіне қарасты Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омар баяндап берді:

– Елбасы 2015 жылғы 30 қарашадағы халыққа арнаған Жолдауында жұмыссыздар жөнінде өте дәл айтып өткен: «Жұмыссыздар» дейміз. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде «міне, сізге жұмыс» деп ұсынғанда, «жоқ, барғым келмейді» дейді олар. «Ендеше, басқа жұмыс» деп тағы біреуін береді. Не қылған жұмыссыз сонда? Ол шынымен бос жүрген болса, сол жұмысты қуана қабылдау керек. Жұмыс бар жерге жетіп баруы тиіс. Еркелетіп жүретін жағдай емес. Істегісі келмей ме? Демек оған жұмыстың керегі болмағаны ғой!».
Адамдар шынымен сөйтеді. Жұмыс іздеу үшін емес, көбіне бізге «жұмыссыз» статусын алу үшін келеді. Ондай «атақтың» не үшін керектігін өздері де білмейді. Телефонның соңғы моделін сатып алуға жетерлік айлығы бар, атауы мақтанарлық қиялындағы жұмысты іздеп айлап-жылдап жастар жүреді. Жастардың идеалы – Еңбек адамы болу керек! Әуелі балға ұстап, не болмаса нан пісіріп үйренген дұрыс, ал экономист, заңгерлікке үлгеру қиын емес. Өйткені, жұмысшы маман­дық­тар ешқашан сұраныстан түспейді.

– Астанадағы жұмыссыздар саны қанша?
– Орталығымыз жұмыссыздар санын есептеумен айналыс­пайды, біздің міндетіміз – көмегімізге жүгінген азаматтарды жұмыссыз ретінде тіркеп, екі қолына бір күрек тауып беру. Ал, халықты жұмыспен қамту туралы заңда анық көрсетілгендей, жұмыссыздар деп кіріс әкелер еңбек қызметiмен айналыспайтын, жұмыс iздеп жүрген, еңбек етуге әзiр жеке тұлғаларды атайды. Яғни, құр тіркелу үшін емес, шынымен жұмыс істеуге дайын болып келу керек. Нақты санды айтар болсақ, қаңтар айынан бері біз 1297 адамды тұрақты жұ­мысқа орналастырдық, 683 аза­мат қоғамдық жұмысқа жіберілді.
Сондай-ақ, 2015 жылдың қорытындысына сәйкес, Астанада республика бойынша жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткіші тіркелді. 4,7 пайызды құраған елордадағы жұмыссыздық деңгейі – 2014 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда едәуір төмендеген.

– Жұмыссыздарды тіркеу неден басталады?
– Алдымен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы келуші жайлы мәліметтерді тексеріп, бес күннен кешіктермей жұмыссыз ретінде тіркейміз. Мәселен, зейнетақы аударымдарына қарап өтінім беруші табысының бар-жоғы анықталады.
Жұмыс іздеушіге сәйкес вакансияларды тауып беріп, орталық жолдамасымен жұмыс берушіге жібереміз. Жұмыс берушінің өз талаптары болады, бізден барған адаммен әңгімелесу жүргізеді де, жұмысқа аламыз деп шешсе, жолдамаға қабылдағанын жазып береді. Ал, азаматтың жолы болмаса, 10 күнтізбелік күн ішінде бір рет болса да Жұмыспен қамту орталығына келіп, жұмыс іздеуін жалғастыруға міндетті.

– Қай жерде қандай бос орын барын білу үшін жұмыссыз ретінде тіркелу керек пе?
– Жоқ. Жұмысының бар-жоғына қарамастан, вакансиялар жайлы ақпаратты алуға кез келген азаматтың мүмкіндігі бар.

– Онда жұмыссыздық бо­йынша тіркелудің не қажеті бар?
– Кәсіптік оқыту, қайта даярлау, әлеуметтік жұмысқа орналасу, жастар тәжірибесіне қатысу секілді мемлекеттік қолдауға ие болу үшін қажет. Яғни, бюджет шығыны жұмсалатын жерде жұмыссыз ретінде тіркелу міндетті.

– Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы бар ма?
– Жоқ, ондай жәрдемақы қарастырылмаған. Тек жұмы­сынан айырылу жағдайына қатысты әлеуметтік төлем деген бар. Мұндай көмек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына ғана беріледі. Ол 4 айға дейін, еңбек өтіліне байланысты төленеді. Жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі және оны жүзеге асыру тетігі Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.

– Бәрімізге белгілі алаң­датарлық мәселе – оқуды енді бітіргендер үшін жұмысқа тұру оңай шаруа емес. Түлектерге қандай көмек қарастырылған?
– Жасыратыны жоқ, жұмыс берушілер өз қызметкерлерін еңбек өтілі бар, жұмыстың қыр-сырын білетін білікті маман ретінде көргісі келеді. Тіпті, жай көмекші ретінде ешкім қабылдамаса, оқу табалдырығын енді аттаған жас түлек мұндай талаптан қалай шықсын? Мекемедегі бір-екі айлық жұмыстың өзі жас маманға әжептәуір кәсіби сабақ болатын еді. Осы тұрғыда «Жастар тәжірибесінің» маңызы зор. Бұл бағдарлама жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинауға жағдай жасайды. Әдетте тәжірибе барысында еңбекке деген ерекше қабілетімен жұмыс берушінің көзіне түскен жас азаматтар сол кәсіпорынға тұрақты түрде жұмысқа орналасып жатады. 2015 жылдың қорытындысы бойынша, аталмыш бағдарламаға 590 жас түлек қатысты. Ал, жыл басынан бері 214 адам «Жастар тәжірибесінен» өтуде.

– Жастар тәжірибесінен өту үшін не істеу керек?
– Диплом алғанына үш жылдан аспаған 29 жасқа дейінгі әр азамат 6 айлық «Жастар практикасы» бағдарламасына қатыса алады. Сондай-ақ, түлектің бұған дейін мамандығына сәйкес еш жерде еңбек етпегені – басты талаптың бірі. Атап өтерлігі, жастарға мемлекет тарапынан 45 800 теңге көлемінде жалақы төленеді. Бағдарламаға қатысу үшін бар болғаны Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығына келу керек. Үміткердің өзімен бірге жеке куәлігі мен дипломы болуы тиіс.

– Жұмыспен қамтуға қатыс­ты жәрмеңкелер жиі өтеді. Бұл қаншалықты тиімді шара?
– Бірнеше мекемені аралап, жұмыс іздеп жүрген бір ғана адамды елестетіңіз. Бір күні қанша жерге барып үлгерер дейсіз? Ал, жәрмең­кенің артықшылығы сол – жұмыссыздар мен жұмыс берушілерді бір ортада кездес­тіреміз. Түйіндемесін қаншама жерге тастап, сол мезетте жұмысқа қатысты әңгімелесуден өтуге мүмкіндіктері бар. Жәрмеңкенің қыза түсетін уақыты – жаз мезгілі.
Жалпы, былтыр10 жәрмеңке өткіздік. Ал, биылдыққа – екі бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оның соңғысы 17 наурызда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған болатын. Бұл жәрмеңкеге Астана қалалық мемлекеттік мұрағаты, «Зеленстрой» АҚ, № 5, № 1 емхана, «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС, «Астана-Энергия» АҚ, «Хабар» Агенттігі» АҚ, Астана қаласы Білім басқармасы сынды бас-аяғы 23 жұмыс беруші қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынды. Соның ішінде сұранысқа ие болған мамандықтар: медтіркеуші, медбике, электрогазосварщик, аяқ киім жөндеу шебері, жүргізуші, электрик, жуу машиналарының операторы, металл және темірбетон конструкцияларын монтаждаушы. Жәрмеңкеге келген 148 мүмкіндігі шектеулі азамат «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде білікті мамандардан кеңес алып, 41 адам жұмыс берушімен сұхбаттасуға жіберілді.

– Ең жоғары жалақыны кімдер табады?
– Жұмыспен қамту орталығының мәліметтер базасында тіркелген бос жұмыс орындарының басым көпшілігі сауда және құрылыс саласына тиесілі. Елордада техникалық және жұмысшы мамандықтары жетіспейді. Жұмыс берушілер құрылысшы, электрик, сантехник, монтаж жасаушы, құрылыс машиналарының машинистерін көп сұрайды. Әсіресе ең көп жалақыны құрылысшылар мен ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері табады. Олардың табысы 150 мыңнан кем емес. Ал әйелдер арасында мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешісі, кондитер, сатушы, шаштараз, аспаз, медбике сияқты мамандықтар сұранысқа ие болып отыр. 

Сұхбаттасқан Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button